АДАМДАРДЫ БІЗ МҰСЫЛМАН ЕТПЕЙМІЗ!

19 мамыр 2022 5100 0
Оқу режимі

Ислам тарихында біреуді біреу қинап мұсылман еткені туралы оқиғалар кездеспейді. Дұрыс, ғасырлар бойы ислами уағыз-насихат айтылып келген. Алайда қашан да уағыз тыңдаушыға толықтай таңдау еркі беріледі. Намаздың жақсы екені айтылады, бірақ оны оқу немесе оқымау тыңдаушының еркінде. Қасиетті Құранда: «Раббыңның жолына хикметпен (даналықпен) және көркем үгітпен шақыр» деген бұйрық түскен (Қараңыз, «Нахыл» сүресі).  Байқасаңыз, мұнда да «адамдарды зорлықпен шақыр» деген сөйлем жоқ.

Басқаны былай қойғанда, күллі мұсылман жұртшылығының ең үлгілі тұлғалары болған сахабалардың өзі бір уағызды ести салып, бірден өзгеріп кеткен жоқ еді. Оларға да ақ пен қараны ажыратып алу үшін уақыт керек болды. Хазрет Омардың мұсылмандықты қабылдауына 5 жылдай уақыт керек болды. Сондай ең ізгі ұрпақтың өзіне Алла Тағала ішкілік ішуді бірден тыйып тастаған жоқ. Бірте-бірте, сатылап тыйым салды. Солай емес пе? Солай! Өйткені жоғарыдағы аятқа мұқият зер салсақ, онда сені тыңдаған адамның бәрін кәміл мұсылманға айналдыр деген бұйрық жоқ. Онда «Раббыңның жолына шақыр» деген пәрмен бар. Иә, «Раббыңа!», «Аллаға!» деп те тұрған жоқ, «Раббыңнның жолына» дейді.  Міне, осы сөзде терең мағына жатыр. Жолға түсіру маңызды. Бірақ ол жолда әркім әртүрлі жүреді. Біреу жылдам, біреу баяу. Бірақ олар өте ақырын болса да жылжып отырады. Бірден мақсатқа жете салмайды. Бірақ олардың сол жолда жүріп бара жатқаны маңызды. Алла Тағала пендесінің осы жолға түсуін қалап тұр. Құранның тәліміне сүйенсек, барып тұрған нағыз кәпірлердің өзін зорлап дінге кіргізу жоқ қой. «Кәпірлер» деген сүреде: «Сендерге өз діндерің, ал бізге өз дініміз» деп анық айтылып тұрған жоқ па?

Ал біз осыған кейде мән бермейміз. Дін талабын бірден орындату үшін ұрыс-керіске дейін баратын бауырларымыз бар. Бауыры намаз оқымайды деп онымен араласуды қойған адамдар бар. Дінді ұстанбайсың деп ата-анасына ауыр сөз айтушылар да ұшырасады. Мұның бәрі – адамдарды Алланың жолына шақыру емес, Алланың жолынан алыстату әрекеттері. Қаттырақ айтсақ, дәл осы істеріміз үшін сауап емес, күнә арқалап қалуымыз да ғажап емес. Мәселен, сыраға немесе араққа сылқия тойып алған бір кісі мешітке келсе, біз қазір оған не істейміз? Барынша тезірек сыртқа шығарып тастауға тырысамыз. Болмаса, оған ауыр сөздер айтудан, ұрып тастаудан да тайынбаймыз. Содан соң ол кісі не істейді? Қайтадан бұрынғы ішкіш достарына, арақ сатылатын жерге қарай кетеді. Бірақ ол Алланың жолына қарай бір қадам жасап еді ғой. Бірақ біз оның сол ниетін су сепкендей өшіріп тастадық. 

Ендеше, Раббымыздың жолына қалай шақырып жүргенімізді тағы бір рет көз алдымыздан өткізуіміз керек секілді, ағайын!

Асылбек Әуезханұлы

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру