АДАМНЫҢ МАҚСАТҚА ТӘУЕЛДІЛІГІ

23 қараша 2023 976 0
Оқу режимі

Мұзды жарып келе жатқан кемеге бір сәт жіті назар салыңызшы. Қақаған қыста тас болып қатқан мұзды кеме тұмсығымен бұзып келе жатыр, өзіне жол салып…

Қандай мағына береді?!

Себебі кемеде барар жерін білетін мақсат бар, мұзда ол жоқ.

Демек, кез келген қаттылықты, қатып-семіп қалған нәрсені бұзып жаратын, өзгертетін – мақсат ғана.

Тарихтың қойнауындағы даналар адамның мақсатқа тәуелділігіне толық сенді. Өйткені адамның жанын тыныштандыратын мақсат ғана. Адам алға қойған мақсаты үшін ғана өмір кешіп, өзін бақытты сезінетін жаратылыс. Себебі Жаратушы пендеге осы сезіну бақытын сыйлаған. Малда ол сезіну жоқ. Оқу, отбасын құру, жетістікке жету, екінші дүниеде бақытты ғұмыр кешуге деген ұмтылысты мақсаттары…..

Өміріңнің мәні, ол – мақсат. Адам жаны рухынан қанағат табатын мақсаттың алдында әлсіз. Жаныңның рахат сезімге бөленуі – мақсаттың орындалуынан. Бай болу, рухани кемел адам болу, өз-өзіңнің тұлғалығыңды ашу, бәрі мақсатқа тәуелді тұр. Тіпті кез келген кедергінің өзі мақсаттың алдында әлсіз. Себебі кедергіде мақсат жоқ, «АР» жоқ. Арсыз жол – мақсат емес, суық, жансыз. Яғни ұзақ жолыңда тұрып қалатын қуат жоқ. Энергиясы таусылғасын, мақсатқа жол беруге тура келеді.

Алайда мақсаттың өзі күш-қуатты адамның рух қуатынан алып тұрмаса, ол да бос мақсат болып қала береді екен. Оны Хакім Абай: «Өз жүрегіңе (рухыңа) үңіл-дағы, одан тапқан асылды тастай көрме» дейді. Яғни, ішкі рухи танымыңа нәпсіңмен емес (қарыныңның қамымен емес), жанжүрегіңмен терең назар салсаң, ол саған айнаға қарағандай сенің жолың, мақсатың не екенін анық айтып береді. Сол мақсат жолында қызмет етсең, пенде де тоқтаусыз қуат пайда болады екен. Ол жүректен туындап тұрған тоқтаусыз қуат пен жігер ақылға пәрмен береді екен. Ақыл ойлана бастайды, ұмтыла бастайды. «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек» (Абай). Себебі ақыл – рационалды, суық. Энергияға мұқтаж. Кейбір адамдардың сұлтани рухтан қуат келмегесін, ақылын иттікке жұмсайтыны сол.

Жүректен күш алған ақыл, мақсатың орындалмай жатса, адамға бұрыла, «әй, мынауың жүзеге аспайды. Қой. Басқа мақсатпен шұғылданайық. Мынауың бітпейтін тірлік болды» деп, жалқауланып қалады екен. Сол кезде адамның жүрек қуаты ол мақсатқа деген махаббатына байланысты болып шығады. Шығыстың данасы Конфуций: «Егер мақсатыңа жете алмасаң, мақсатыңды емес, әдісіңді өзгерт» дейді.

Иә, бәрі ол мақсатты, мақсат жолындағы біліміңді жүрекке түсіру қажет, ақыл жалқауланғанда соңына дейін күш беріп тұруы үшін.

Мұны да Хакім Абай былайша сипаттайды:

Ақылмен ойлап білген іс

бойыңа жұқпас сырғанар!

Ынталы жүрек сезген сөз.

Бар тамырды қуалар!

Демек, мақсатыңда мазмұн, яғни, рухтың азығы бірінші орында тұруы маңызды. Болмаса, бәрі бекер.

Мәңгілік бизнесті зерттеген, жалғастырған философ сипатты кәсіпкерлердің өзі: «Кәсіп үшін бірінші ақша емес, идеология керек» дейді. Сонда жаның да тыныш (себебі қалауын орындап жатсың), қарның да тоқ. Жарты жолдан атып шыққан кедергінің тигізген салқынынан тұмауратып жатып қалмайсың. Себебі рухың жатқызбайды әрі кеткен материалдық шығын үшін қайғыртпайды.

«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала! Мазмұн жоқта, мазмұнсыздық шығар келер ортаға» (Мұхтар Шахан).

Мазмұнды мақсат болмаса, халық (отан) идеология жоқ деп, жекелеген адам өмірімнің мәні кетті деп зарқақсайды. Діндарлар Жаратушының алдында таза баруды мақсат етсе, ғалымдар жаратылыстың бір бағытын ашуды мақсат етеді.

Тарихта өткен даналар сол себепті «Адамға бақыт сыйлағың келсе – нақты мақсат қойып бер», – дейді. Себебі пенденің көңілін уақытша құндылықпен тыныштандырып қойғаныңызбен, адам байғұсқа бірдеңе жетпей тұрғандай болады. Ол мақсат. Мән бар, мазмұн бар, мағына бар МАҚСАТ!

 

Жарас АХАН,

«Көңіл ілімі» еңбегінен

 

Пікірлер Кіру