Әділетті кісіге Алланың кеңшілігі мол

02 тамыз 2018 12240 0
Оқу режимі

Дауды қашан да әділдікке жүгініп, қара қылды қақ жарып билік айтудың Алла алдында зор абырой екенін, ал бұра тарту ақыреттің жазасына әкеп соғатынын қазақ жақсы білген. Сондықтан да, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді қазақ туғанға бүйрегі бұрғанды имансызға балап. Осы орайда тарихшы Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегінде кездесетін қазақтың әділ билігі жөніндегі оқиғаларды мысалға келтірсек дейміз. Бұл оқиғалар келер ұрпаққа үлгі болса игі.

«Ғибраты бар бір оқиға осы заманымызда болған екен. Біз жақтағы қазақтарға арғынның Жанақ деген атақты ақыны найман еліне келеді. Мінгені əдемі шұбар ат екен. Бірнеше дуан елі бас қосқан үлкен бір жиында Жанақ ел басшыларының қасында отырады. Едəуір малы бар бір жігіт те сол топта екен. Жанақтың аты есінегенде, əлгі жігіт ат тілінің түбінде теңгедей қара қалының барын көріп қалады. «Тіл астындағы мына қалды шұбар ат иесі біледі, не білмейді. Осыны белгі етіп, атымды таныдым деп көрмеймін бе» деп арамдық ойлаған əлгі жігіт аттың алды-артын қараған болып, билердің алдында пəлен жылы жоғалған атым еді деген дау айтады.

– Мұның қате, ат пəлен кісінің қол тумасы, өз биесінің құлыны, – дейді Жанақ.

Жігіт тіліндегі белгіні айтып:

– Тай күнінде ұры тісін қаққанда көргенім, егер, тілінің астында қара қалы болмаса тануым қате болсын, – дейді.
– Жігітім, ат пəлен кісінің өз биесінің құлыны, өз айғырының тұқымы екені анық еді. Мен де бір арманымнан шығайын, құдайдың атын айт та, ал, – дейді Жанақ.
Жігіт те тоқталмаған: – Ол да (оллаһи дегені), – дейді.

Осы сөзге тоқтасып, атты сарапқа салғанда, тіл астында қара қалы бар болып шығады. Жанақ артық еш нəрсе дей алмай, аттың ер-тоқымы мен жүгенін сыпырып алып, отыра кетіп, мына өлеңді айтып назаланады:

Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,
Мына арам бұл шұбарды менікі дер.
Жақсы атымды жалғанда сатқан жанның,
Бір құдай, өзің біліп жазасын бер!

Ол кездегі адамдар беліне күлдəрі немесе бүтін көк, ақ матадан белбеу буынатын салт екен. Жігіт белбеуін шешіп, бір ұшын беліне, бір ұшын аттың мойынына байлап, жетелей жөнеледі. Жолда ағып жатқан бұлақ суы бар екен, жігіт əлгіден аттай бергенде, ат тартынып қалады да, жігіт шалқасынан түседі. Ат үркіп, сүйрей жөнеліп, тастан-тасқа соғып, жігітті тепкілеп өлтіреді. «Жанын берген Жанақтың шұбарын жер» деген мəтел осыдан қалыпты. Жиналған жұрт Жанаққа: – Жалғанға ант ішіп бұл пəлеге өзі жолықты, енді атты өзің ал, – дегенде ол: – Жалғанның жазасын берген аттың үстіне менің енді ер салғаным жараспас, – деп, атты сол өлген жігіттің асына сойғызыпты. «Тауарих хамсада» келтірілген осы бір деректі қазір əркім əртүрлі етіп айтып жүр.

Қазақ еліндегі тағы бір қызық билікті Құрбанғали өз кітабында аңыз сияқты етіп жазып кетіпті. Ертеректе адамдар да ірі еді, билер де əділ еді дей келіп, бір ұрының бозбала күніндегі түнгі жорығын сөз етіпті:

«Жас кезімде ұры едім. Байыс, Байсиық деген екі елдің біз Байысы боламыз да, Байсиыққа қарағанда іргеліміз. Бір күні Байсиық пəлен жерге келіп қонды деген хабарды естідім де, бір түйесін ұрлап, тоғайлы тау арасына бекітіп тастап, үйге келіп жатып қалдым. Ертеңінде иесі ізімен қуып келді.

– Із осылай келді. Ұры сенсің, түйемді бер, – деді келе сала. Мен байыстығымды көрсетіп:
– Аулақ жүр, алғаным жоқ – дедім.
– Өзің бір қу екенсің. Түйемді сенен аламын, болмаса қолыңда өлемін, – деп жатып алды.
– Қайсы биге барамыз, кімді таңдайсыз? – дедім мен.
– Ағаң Тоғайраққа барамыз, – деді. Мен іштей қуансам да:
– Бұл дегенің дұрыс емес, ол менің туған ағам. Билігі сенің пайдаңа шешілсе жақсы, шешілмесе «Бір кісінің баласысың, бауырыңа тарттың» деп көнбессің. Басқа биге барайық, – дедім.
– Тоқамның билігіне ризамын, – деп отырып алды.

Кешке дейін сөзге айналдырдым да, «бүгін енді кеш болды» деген сылтаумен оны үйіме қондырып, Тоғайраққа ертеңінде бармақ боп, не десе де, оның билігіне тоқтамақ болдық. Ел жатып, қонағым қалың ұйқыға енгенде, атыма мініп, найзамды қолыма алып, Тоғайраққа жөнелдім.

– Неғып түн қатып жүрсің? – деді жеңгем.
– Тоқаңда азырақ шаруам бар еді, – дедім. Тоқамның жасы сексеннен асқан болатын.
– Не шаруамен келдің? – деп сұрады.
– Бір Байсиық келіп, жала жауып отыр. Ертеңгі күні сізге келмекші едік. Мені атағы шыққан ұры деп жығып беріп жүрмеңіз, ақтығымды алдын-ала білдіріп қояйын деп келдім, – дедім.
– Қара болмасаң қараңғыда жүрмес едің, бір пəлең бар ғой, – деді. – Жə, ертең екеуің келгенде көрерміз, даугердің де сөзін тыңдармын.

Осы сөзбен үйіме қайтып келіп, жатып қалдым. Ертеңіне Тоғайраққа келдік. Көптен көрмеген адамдай амандық сұрасып отырдым. Даугерім бір қу жақ шешен екен, ақыретті ауызға алып, салмақ сала:

– Е, Тоқа!
Байыс, Байсиықтың баласымыз,
Бəріміз де ақыретке барасымыз.
Құдай сізді артық жаратты,
Бізді аузыңызға қаратты.
Көптің баратын жері бір зындан көл,
Аздың барар жері де ақыры сол,
Əділетті кісіге Алланың кеңшілігі мол.
Алдымызда алты қадам көр бар,
Алты қарыс бөз бар.
Мүңкір-нəңкір сұрауы бар,
Жауап таппай жылауы бар, – деп тақпақтай жөнелді.

Сөзін бітірмей жатып-ақ, Тоқам əсерленіп кеткендей болды. Ауыр бір күрсініп, көзіне жас алды да, маған қарады. – Жаным-ау, сен түнде келгенде неменелерді айттың? Мына кісі тай, құнанға тоқтайтын емес, түйесін беріп, жолға салсаңшы, – деп жүзімді айдай қылып, түйесін алып берді.

Бұл əңгімеден біз екі түрлі мəселені пайымдаймыз. Біріншіден, сол кездің адамының табиғаттың өзіндей тазалығын, жанының жомарттығын, кісілігін, кішілігін, парасатын танып-ұғамыз. Екіншіден, кісіні кісідей сыйлап, «сөзіне қарап кісіні танығанын, кісіге қарап сөз алмаған» аса бір зерделілігіне жанымыз сүйсінеді.

Пікірлер Кіру