Әлемдегі ең бақытты адам болғыңыз келсе...

31 тамыз 2019 338 0
Оқу режимі

Мына бес күн жалған өмірде кімнің бақытты болғысы келмейді дейсіз?! Егер шынайы бақытқа қол жеткізгіңіз келсе – өзгелерді бақытты етіңіз! Əлбетте, сол кезде сіз олардан да көбірек шынайы бақытты сезіне аласыз. Біліп қойыңыз, басқаларды бақытты ету арқылы өзіңіз бақытты боласыз.

Мұқтаждың мұңын бөлісіп, тығырыққа тірелген пенделерге қол ұшын созу, жаны жабырқаған жандардың жүзіне күлкі ұялату арқылы өзіңіздің бақытты болуыңызға жол ашылады. Əрбір адамға, мейлі жануарлар мен өсімдіктер əлемі болсын оларға келтірген титтей пайдаңыз немесе қиындықтан құтқарған кішкентай ісіңіз себепті бақыттың нағыз дəмін сезінесіз.

Қазіргі таңда емханада жүрегіне немесе басқа да ағзасына шұғыл ота жасалуы қажет болған қаншама науқас жандар бар. Кейбір отаның тек шетелде жасалуына қажеттілік туындайды. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан кейбір науқастардың əлеуметтік жағдайлары мүшкіл келеді. Отаны төлеуге қауқарсыз. Міне, осындай өлім аузында жатқан бір науқастың отасының шығынын өтеп, отаның сəтті аяқталғанынан кейін əлгі науқас пен балаларына қарасаңыз, қуаныштан төбелері көкке жетіп, жүздерінен жадыраған күлкі көресіз. Қиындыққа тап болған адамдарға қолұшын созу Жаратқанның құзырында ұлы сауаптарға кенелтіп, екі дүние бақытына жетелейді.

Бірде барған жерінде кім болса да, оған орнынан тұрып, ілтипат көрсететін сахаба Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінде иғтикафта (Аллаға жақындау мақсатымен, мешітте белгілі уақытқа ниет білдіріп, ешқайда шықпай құлшылық ету) отырған еді. Қасынан жүзі қайғы-мұңға толған бір кісіні байқайды. Ибн Аббас (р.а.):

– Жүзіңізден қайғы-мұңды көріп тұрмын, сізді нендей нəрсе жабырқатты? – дейді əлгі кісіге.
– Қарызға батқаным соншалықты одан құтылудың жолын көрмей тұрмын, – деді ол мұңайып.
– Олай болса, сен үшін дəнекерлік қылып, қарыз иесімен сөйлесіп беруімді қалаймысың? – деген Ибн Аббасқа (р.а) ол:
– Əрине, қалаймын, – деді жүзі нұрланып.

Осылайша Ибн Аббас (р.а.) құлшылығын тастап, қарызға батқан адамның қажетін өтеуге шыққалы жатыр еді, қасындағылардың бірі оған: «Иғтикафта отырғаныңызды ұмытып кеттіңіз бе?» деп сұрады. Ибн Аббас (р.а.): «Əлбетте, ұмытқаным жоқ», – дей келе жанары жасқа толып: «Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Мен үшін (мұсылман) бауырымның қасынан табылып, қажетін өтеу бір ай ораза тұтып, осы мешітте иғтикафта отырғаннан да артық» дегенін естіген едім», – дейді.

Бұл жерде кімнің оразасы жайлы айтылуда? Əрине, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) оразасы. Кімнің иғтикафы сөз болуда? Əрине, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) иғтикафы. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның сахабалары əрқашан өзінен бұрын өзгені бақытты етуге талпынатын, соған амал жасайтын. Ал, біз ше? Өзгені бақытты етуге дайынбыз ба?

Нұрлан Рамазанов

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру