Алғашқы бұйрық

17 наурыз 2020 288 0
Оқу режимі

Иләһи бастауға сүйенетін мәліметтің (уахи) болмысты соңғы мәрте дін сипатымен айқындауы үшін бір сценарий әзірленуі қажет болса, қандай сценарий дайындалатын еді? Сол сценарийге орын қажет болса, қандай сахна таңдалар еді? Ал сол сценарий мен әзірленген сахнаға алғашқы кезекте қандай мазмұн лайық деп табылмақ? Сол айтылмақ ой мен мазмұнды қандай тәсілмен жұртшылыққа жеткізгенде ең толымды нәтиже алуға болар еді? Міне, осындай сауалдардың барлығына жауап ретінде Құдірет уахидың соңғы дін сипатында ғаламды осы тұрғыда қайта зерделеуін мақсұт тұтып, соңғы пайғамбар мен уахи періштесін Хира тауының шыңында Хира атты үңгірде жүздестірген болатын.

Бұл жүздесу Жәбірейіл үшін асыға күткен ыстық қауышу болса, Алла елшісі үшін адамзаттың ғасырлар бойғы қасіретін тартып аңсаған арманына сай Ұлы Жаратушының тілекті бергені әрі бар нұр сипаты ерекше жаратылған хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлыққа қадам басуы еді.

Жәбірейіл (ғ.с.) мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) қаланың адам ойын сансырататын барша шуынан алыс, иләһи мазмұнның сөз формасына түсуі үшін қажетті тыныштықтығын еске салатын құндақ я бесік іспетті Хира үңгірінде жүздесуі иләһи сценарий тұрғысынан өзгеше сипат алған. Жәбірейіл періште күйінде Алла елшісін (с.ғ.с.) қапсыра құшақтап, барынша қыса түседі. Уахидың түсу кезінде, уақытсыздықпен уақыттың түйісуінде, мекенсіздіктің мекенге сапарлап келген сол бір сәтінде Жәбірейіл 14 Құранның алғашқы бұйрығы Алла елшісінің (с.ғ.с.) көңіл толқынысын басып, керекті жаттығу жасатқандай. Сірә, уахидың сөзбен жеткізуге келмейтін кейбір сырлы тұсы осы құшақтау кезінде Алла елшісіне аманатталған болар. Ол жағын дөп басып айтуға әлі де мүмкіндігіміз жетпеуде.

Уахи сөз қалыбына түскенде алдымен «оқы» бұйрығы түрінде көрінді

Міне, көк пен жердің табысуы осылай түсіндіруге келетін қадамдармен басталды да дәл сол негізде жалғасты. Бұл оқиғаның сөз формасына сығымдалған күйін Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бізге хазірет Айша анамыз (р.а.) былай деп жеткізуде: «Расулалланың ең алғашқы уахилары анық түстермен басталды. Көрген түстері өңінде анық шығатын. Бұдан кейін жүрегіне оңаша әрі жалғыздыққа ғашықтық салынды. Ендігі жерде Хира тауындағы үңгірде жалғыз қалып, отбасына оралғанға дейін көп күн құлшылыққа берілді. Азығы таусылғанда Хадишаға барып қайтатын. Бір күні таудағы сол үңгірде отырған бір кезінде Расулаллаға (с.ғ.с.) хақ, яғни уахи түсті. Ол былай болды. Періште келіп «Оқы!» деді. Ол «Мен оқи алмаймын» деп жауап қатты. Расулалланың (с.ғ.с.) өзі сол кездегі бастан кешкендерін былай деп әңгімелеген: «Сол кезде періште мені демім үзіле жаздағанша қатты қысты. Сөйтті де маған тағы да «Оқы!» деді. Мен оған «Мен оқу білмеймін» дедім. Ол мені екінші рет тағы да қатты қысты. Мен тағы да оқу білмейтінімді айттым. Ол үшінші рет қысып барып қоя берді де: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)! Ол адамды (жатырға жабысатын) жабысқақ жасушадан жаратты.  Оқы! Сенің Раббың – асқан жомарт! (Ол – адам баласына) қаламмен жазуды үйретті. Адам баласына білмегенін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5) деді. Өзіне уахи етілген осы аяттардан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу үйіне қайтып, жары Хадиша анамызға «Үстімді бүркеп жабыңдаршы» деді».

Хазірет Айшаның (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Хирада уахидың алғашқы рет қалай келгенін әңгімелеуінің бір бөлігі жоғарыдағыдай. Алғашқы түскен аяттардың мағынасы төмендегідей:

1. Жаратқан Раббыңның атымен оқы!
2. Ол адамды ұйыған қаннан жаратты.
3. Оқы! Раббың шексіз жомарт.
4. Ол қаламмен жазуды үйретті.
5. Адамға білмеген нәрселерін үйретті.

Иә, Құдірет қалауы хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) әрі сол арқылы барша ғаламға жіберген иләһи мәңгілік әуеніне алғашқы сахна ретінде Мекке қаласының орталығына шамамен бес шақырым арақашықтықтағы Хира тауының шыңындағы, таумен аттас үңгірді таңдаған. Ендігі жерде өмірлік мән Хирадан жеткен мазмұнмен қайта әуенін тауып, ғаламдағы жаратылыстар осы мазмұнның аясына топталып, оқиғалар «Оқы!» бұйрығымен тың әдіс, соны тәсілдермен иләһи бұйрық көрсеткен бағытта, жүрек пен рухтың қатысуымен, ақыретпен астарлас, бас алмай деміге оқуға итермелейтін өзінше бір кітап ретінде адамзаттың алдына тартылмақ. Ендігі жерде адам да қабылдап алған осы бұйрықпен дүние мен ақырет байланысын құрып, таным көкжиегіне сапар шегіп, Хирадан соққан желге желкенін тосып, Құранды компас тұтып, «Оқы!» деген бұйрыққа сай «хәл мин мәзид» биігін әлі жеткенше бағындырмақ.

Бұйрықтың астарындағы жасырын мән

Құран «Оқы!» деген бұйрықпен басталды. Алғашқы аяттарының көбі бұйрық райда түскен. Өйткені бұйрық – нақты, ашық әрі ұғынықты талап. Алла адамды қалау иесі етіп жаратқан. Тіпті оның қалауы мен іңкәрлігі шексіз деуге болады. Бір гүлді қалағанындай тұтас бау-бақшаны да қалайды. Бақшаны қалағаны тәрізді көктемге де жаны ғашық. Көктемді қалағанындай мәңгілік жұмақты да қалайды. Алайда қалауына мәңгілік жұмақты сыйдырғанымен қолынан соған сай іс келмейді. Мүмкіндіктері тым шектеулі. Ал Құран оған қатаң талап қойып былай деуде:

«Сен жеке қалауыңа сай дүниелік тіршілігіңді реттерсің. Алайда мәңгілік өмірге Раббыңның сенен талап еткеніне сай болғанда ғана қол жеткізесің. Ендеше, пенделік қалауыңды Раббыңның қалауынан асырма, соған үйлестіруге тырыс. Егер жеке қалауыңды Раббыңның сенен талап еткендерімен үйлестіре алсаң, сондай үлгіде өмір сүре алсаң, Раббыңның құдіретінен пана табасың. Бар қалауың орындалып, әр қалауың ақыретпен қабысады, мәңгілік аңсар, арманыңа қол жеткізетіндей өзіңде қасиет табасың».

Бұйрық – оқиғалардың болашаққа ашылған есігі. Бұйрықтар арқылы жағдаяттардың болашақ кейпі айқындалады. Бұйрық – мазмұнның уақытқа тіркелуі, бұйрық, мазмұн арқылы уақыттың абыройы артады.

Бұйрық – тағдыр талайы. Сіз кімге не бұйырсаңыз, сол кісіге бұйырған ісіңізді тағдырлап отырсыз деген сөз. Яғни, бұйрықтарыңыз арқылы тағдырлау Құранның алғашқы бұйрығы 17 құдіретіңізді аңғартудасыз. Бұйырған мәселелер жайлы тағдыр жобасын жасаудасыз.

Ақиқаттың бұйрық райында айтылуы сол бұйрықты қабылдап алушының жай-күйінің, қажеттіліктері мен қабілеттерінің бақылауда екенін білдіреді. Яғни бұйрық беруші өз құдіретін бұйрық алушылардың пайдасы мен игілігіне жұмсағысы келуде. Әйтпесе, бұйыру арқылы көзін жоюды мақсат тұтпауда.

Бір ақиқаттың бұйрық райы тәсілімен келуі бір нәрсені қалыптастыруды мақсат еткенін білдіреді. Өйткені бұйрықтар ақиқат тұрғысынан да, нәтиже тұрғысынан да қалыптастырушы, жасаушы болып келеді. Құранның алғашқы мазмұнды Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әрі бүкіл мұсылмандарға бұйрық райында жеткізуі оның иләһи жасампаздық жоба екендігін, адамнан бастап бүкіл жаратылысты осы мазмұнға сай қайта өңдеу, жасау, қалыптастыру мақсатында жіберілгенін білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде Құранның алдымен нені бұйырғаны айтарлықтай маңызды. Өйткені бұйырып отырған ақиқаттар арқылы қалыптастыру үрдісі жүретінін білдіруде. Осы мағынада Құран кәрім Пайғамбарын өзі қалыптастырғысы келген құрани қоғамның ең кәміл, ең үлгілі тұлғасы ретінде ғалам назарына ұсынған.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру