Алпамыс Файзолла

27 қараша 2018 4722 0
Оқу режимі

1995 жылы 6-наурызда Орал қаласында туған. 2016 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің магистратурасын тәмамдады.

Көптеген республикалық әдеби байқауларда жүлдегер болған. Өлеңдері «Ақ желкеннің ұландары», «Жауқазын жылда гүлдейді», «Өлмес өлең» секілді жастар жинақтарына енген. Ол қазір «Еуразия ОРТ» ЖШС-дегі «Қайырлы таң!» бағдарламасының тілшісі болып қызмет атқарады.  

Мұхаммед (с.ғ.с) !!!

Ұқсамау сізге ерге сын,
Нар тұлғаң биік заңғардан.
Қараңғылықтың кеудесін,
Иләһи нұрмен қақ жарған –
Күн болып келген Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Надандық алға бастырмай,
Көбейіп жанжал әр елде.
Азғындық көзін аштырмай,
Ұйықтап жатқан әлемге –
Таң болып келген Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Атыңды жыр қып әр аймақ,
Үлгі етер күллі мұсылман.
Жаны сусаған талайға,
Тұп-тұнық тұмса ұсынған –
Дариядай болған Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Жырладым сізді мен неге –
Имандылыққа жан құштар.
Хақ жолдан тайған пендеге,
Менмұндалап жол нұсқар –
Мұнара болған Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Пендеде дайым көп-ті арман,
Ұмтылар атақ-шеніңе...
Ақырет жақты бетке алған,
Адамзат керуеніне –
Жолбасшы болған Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Жебедей жауға атылған,
Қылтасын қиды жалғанның.
Хақ жолға жұртты шақырған,
Күллі пайғамбарлардың,
Сұлтаны болған Мұхаммед (с.ғ.с.)!

...Дүние-боққа құнықты,
Сананы түгел қапсырған.
Үмбетің, әттең, ұмытты,
Шегелеп өзің тапсырған –
Өсиетіңді, Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Аллаға берер есебін,
Ұмытты, әттең, қанша жан.
Күресіп тынбай неше жыл,
Ізгі әлемді аңсаған –
Сағындық сізді, Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Өзіңізбенен бау-бақта,
Жүрсек қой, шіркін, мекендеп.
Көрші болуды жәннатта,
Жаратқан нәсіп етер деп
Үміт етемін, Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру