Ана сүтінің 10 артықшылығы

24 қаңтар 2020 14232 0
Оқу режимі

Ана сүті – өмір есігін жаңа ашқан сәби үшін теңдесіз қорек. Ананың ақ сүтін ешбір сүт қоспасы алмастыра да алмайды. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Ана сүтінің тағы қандай біз біле бермейтін 10 артықшылығын тізбектеп көрейік:

1. Ана сүтінің құрамында ағзаға керек барлық нәрлендірушілер бар: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмір су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), липаза, лактаза т.б. арнай ферменттер деп жалғасып кете береді.

2. Ешқашан екі бірдей ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Құрамы, майлылығы баланың қажеттілігіне байланысты өзгеріп отырады.

3. Ішек, респираторлы жұқпалы, аллергиялық аурулардың алдын алады. Сондай-ақ өкпенің қабыну қауіпін сейілтеді. Калифорния университетінің медициналық орталығы емізу уақытына қарай балаларды бірнеше топқа бөліп, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде 6 айдан көп уақыт емізілген балаларда өкпе қабыну ауруы 4 есе аз кездесетіндігі, диабет түрлі жұқпалы аурулардың алдын алып, ұмытшақтыққа, ас қорыту жолдарына пайдасы шаш етектен екенін анықтаған. 

4. Баланың физикалық өсуін дамытады. Сана-сезімін жетілдіреді. Америкалық медициналық ассоциациясы журналы жариялаған мақалада үш мың дат азаматына он жыл бойы жүргізілген түрлі интеллектуалды тестілеу нәтижесінде туылған алғашқы тоғыз айда ана сүтін емгендерде есте сақтау қабілеті, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болған.

5. Баланың жүйке-психикасын дамытады.

6. Ана сүтінің құрамында А,Е,Д витаминдері өте көп.

7. Баланың артық салмақ, семіздік ауруларына шалдығудың алдын алады.

8. Емізу баламен қатар анаға да пайдалы. Ол сүт безінің қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есе төмендетеді.

9. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш,  мейірімді болып өседі.

10.Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді.

Ана сүтінің осындай қасиеттеріне көздері жеткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Емізу жөнінен Халықаралық кеңесшілер ассоциациясы «Күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деп дабыл қағуда. Сондай-ақ, БҰҰ жанындағы Балалар қоры баланы емізу мерзімі екі жыл екенін әрі 6 айға дейін емшек сүтінен басқа ештеңе бермеу керектігін ескертуде. Ал, бұл жайында 1400 жыл бұрын Құран Кәрімде айтылып кеткен еді.

«Емізуді тамамдағысы келген кісі үшін; аналар, балаларын толық екі жыл емізеді».[1]

«Адамдарға; ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ».[2]

Бәлкім баланы Алла Тағаланың берген мұндай несібесін қақпау керек шығар!

 


[1] «Бақара» сүресі, 233 - аят
[2] «Лұқман» сүресі, 14-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру