Ақылбек Шаяхмет

03 желтоқсан 2018 8414 0
Оқу режимі

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі. Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

Нұр сипатты Пайғамбар

Ызасына азықсыздың
Қарсы тұрар қай қамал?!
«Көз жасына жазықсыздың
Сақ бол!» – деген пайғамбар.

Көрік болмас өміріңе
Жиған бұйым, жайған мал,
«Шаң қондырма көңіліңе,
Пәк бол!»  – деген пайғамбар.

Нұр сипатты Мұстафа,
Әбіл Қасым Мұхамбет.
Ол Қасымның әкесі,
Шыншыл, әділ Мұхамбет.

Сүйіктісі Алланың –
Хабибулла Мұхамбет.
Көмекшісі Алланың –
Сағидулла Мұхамбет.

Ағарта алмас жүрегіңді
Ішкен қымыз, құйған бал,
«Мүбарак қыл тілегіңді,
Ақ бол!»  – деген пайғамбар.

Қарағанда аш пен тоққа,
Неше түрлі ой қамар.
«Әлі жоққа, халі жоққа
Жақ бол!»  – деген пайғамбар.

Сүйіктісі Алланың –
Хабибулла Мұхамбет.
Көмекшісі Алланың –
Сағидулла Мұхамбет.

Үмбетіне жол сілтер
Тура жолға Мұхамбет,
Бір Алланың елшісі –
Расулалла Мұхамбет.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру