Аскерхан Ақтай

13 желтоқсан 2018 3970 0
Оқу режимі

Ақын, драматург, бірнеше жыр сайыстарының жеңімпазы. «Сүмбіле», «Зүбәржаттың жарқылы» жыр кітаптарының авторы. Бірқатар пьессалары еліміздің театрларының сахнасында қойылып келді.

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қоштасуы

Ұстап берік исламның тұтқасын,
Пайғамбардың нұр жүзінде құт басым.
Арафатта сахабалар алдында,
Оқып тұрды бұл қоштасу құтпасын.

«Өтіп жатыр, айлар, жылдар, мұнар күн,
Ізгіліктің қасиетін ұғар кім?
Айтқаныма зер салыңдар, барлығың,
Енді қайта көріспейтін шығармын.

Ғұмыр-дария, адам-тағдыр, күн-кеме,
Ей, адамдар, бір-біріңді тілдеме.
Ұлы Аллаға жауап берер бір кезең,
Келетіні айдан анық кімге де.

Ақиқатқа исламмен жол салып,
Қуанасың ырыспенен толса құт.
Мекке қандай қасиетті болса егер,
Ар намысың, қымбат саған, соншалық.

Бастарыңа түссе-дағы ауыр сын,
Өмір деген бір үлпілдек қауырсын.
Бір-біріңе жау болмаңдар, айтарым,
Мұсылмандар мұсылманға бауырсың.

Асыл сөзді өздеріңе арнадым,
Ақиқаттың жолы болды таңдауым.
Немересі Әбдімүтәліп атамның,
Жойдым алғаш Рәбинаның қан дауын.

Аманатқа жасамаңдар қиянат,
Жүздеріңе мейрім нұры ұялап.
Өсім қуып сансыз пайда таппаңдар,
Берекетсіз дәулетте жоқ тиянақ.

Үмбетіме болмасын еш жаманат,
Жан серігің сабыр менен қанағат.
Әрбір сөзі Ұлы Алланың бұйрығы,
Мұсылмандар Құран саған, аманат!

Әйелдерді аяқ асты етпесін,
Ар намысын ешқашанда төкпесін.
Үмбетімнің көптігімен мақтанам,
Әркім өзі берекетпен көктесін.

Үміт үзбе, қиындықта жасыма,
Сабырлы бол, дәулет қонса тасыма.
Қияметте мен сендерді шақырам,
Жәннатағы кәусар бұлақ басына.

Бір бірімен тату болсын үмбетім,
Ұлы Аллаға сол болады құрметің.
Әйелдердің ар намысын қорғаңдар,
Хақ алдындағы ең қадірлі міндетің!

Уа, үмбетім, ғұмыр соңы ақырет,
Қысқа мынау дүниеде тату өт.
Әлемдердің әміршісі , Ұлы Алла,
Үмбетімнің кемшілігін ғапу ет!

Ар, иманың әрқашанда сай тұрсын.
Күнің күліп, көгіңде тек ай тусын.
Осы сөзім ғасырларға жеткізіп,
Ұрпақтардан ұрпақтарға айтылсын.

Мұсылмандар мұсылманға дос еді,
Уа, үмбетім айтпағым да осы еді.
Жалғыз ұлы Алла ғана мәңгілік
Үмбеттерім, бауырларым қош енді!»

Жүректерде сан арман мен жүз үміт,
Сахабалар сапта тұрды тізіліп,
Пайғамбардың соңғы сөзін тыңдады,
Көздерінен моншақ тамшы үзіліп.

Пайғамбарым екі дүние сардары,
Болашаққа осылай сөз арнады.
Үмбетіне ізгілікті тілеген,
Орындалсын Мұхаммедтің (с.ғ.с) арманы!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру