Ауызашардағы әсерлі әңгіме

16 мамыр 2019 10339 0
Оқу режимі

Көптен бері кездеспеген досымен ойда-жоқта базарда ұшырасты. Қасына әйелін ерткен Ғалымжан саудагерден құрма сатып алып тұр екен. Қолында аузы-мұрнынан шыға тыңқиған екі сөмкесі бар. Асанды көргенде сәл аңтарылып қалды да, лезде қуанып ол да құшағын жайып амандаса кетті. Үшеуі қал-жағдай сұрасып қауқылдасып қалды.

– Иә, қайдан сөмкелеріңді арқалап?

– Оразаға дайындық қой, ауызашарға қонақтарды шақырсақ па деп едік..

– А-а, ауыз бекіткен екенсіңдер ғой.

– Иә, өзің ше?

– Шынымды айтсам, сол тегі менің ойыма да келмепті. Оның үстіне жұмысбастылық дегендей.

– Е-е, мен де басында жұмысыма кедергі келтірер деп қорқақтап едім, сөйтсем оным бекер екен. Жарайды, былай істейік, кездеспегелі көп болды. Жол үсті әңгімелесіп тұрғанымыз жараспас. Сен одан да кешкісін үйге ауызашарға кел. Қонағым бол.

Бірақ Асан дереу тартынды:

– Мен қайтіп барам? Өзім ораза ұстамай, ораза ұстағандардың тамағын қалай жеймін. Қой, басқа уақытта барайын.

– Жо-жоқ, – деп оған Ғалымжан көнер болмады, –қайткенде де келесің, қонағым боласың. Екеуміз күнде кездесе бермейміз, –деп тұрып алды.

Асан амалсыз баратын болып келісті. Бірақ іштей өзін жайсыз сезініп әлек. Қап, ыңғайсыз болмас па екен. Жоқ, үйден тамақтанып барып, ол жерде асқа қол созбай жай ғана отырғаны жөн бе? Бірақ оған досы көне қоя ма? Бірге оқыған, бірге әскерде болған досының мінезі өзіне сыралғы. Шаңырағына бас сұққан адамды қайткенде де көңіліндегідей күтпей жібермейді. Намазға жығылғалы баяғы сырамен сыйлайтын әдетін дереу тастаған. Қап, ойда жоқта досының үйіне ауызашарға баратыны қызық болды бәрінен.

Әне-міне дегенше кеш те таяп, Асан өзіне таныс үйге беттеді. Бірақ әлі де көңілі қобалжулы. Бұрын-соңды ауызашарға барып көрмегендіктен ол жердегі отырысты біртүрлі елестете алар емес.

Сыртқы есік ашық тұр. Босағадағы әртүрлі аяқкиімдер келген қонақтардікі екенін аңғартуда. Есіктен басын сұғар-сұқпас досы бұны ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды. Сырт киімін іліп, дереу төргі бөлмеге бастады. Іште төрге қарай созылған кең дастархан көздің жауын алатын не түрлі дәмге толып тұр. Қонақтармен қол алысып амандасып, өзіне көрсетілген орынға отырды. Таныстық басталғанда ең әуелі таңғалғаны келген қонақтардың түрлі мамандық иелері екендігі болды. Бәрі де жұмыстағы кісілер. Төрде отырған жасы үлкен кісі сотта істейтіндігін айтты. Әйелі дәрігер екен. Ал бергі екеуі банкта істейтіндіктерін айтты. Мұғалім, журналист, әкімдікте істейтін қызметкерлер де отырды. Әңгіме ораза жайында өрбіді. Жасы үлкен кісі әңгімесін: Қазақ «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» дейді, өз басым ораза ұстай бастағаныма 3-4-ақ жылдың жүзі болды деп бастады. Несін айтасың, біз асқазан дегенді жыл он екі ай дамылсыз жұмыс істетіп қинай береді екенбіз. Ораза кезінде асқазан бір мезгіл демалып, жұмысын бұрынғыдан да жандандыра түсетін көрінеді. Оны өзім де байқап жүрмін. Баяғыда ішкен-жегенім қорытыла қоймай біртүрлі асқазаным бүріп ауыратын еді, қазір ол сап тыйылған. Өзіңді біртүрлі жеңіл сезінесің. Қайбір жылы жаңа жыл мен ораза қатар келіп, қылмыс атаулының сол жолы күрт түскені есімде.

Оның сөзін әйелі іліп әкетті: Мен отағасына ораза ұстаңыз деп айтып келе жатқалы қашан. Оразаның қасиетін енді-енді ғана өзі сезіп келеді. Ашығудың емдік қасиеті бар екені баяғыда-ақ дәлелденген нәрсе. Қазіргі күні Еуропада көптеген емханалар емдік мақсатта осы оразаны пайдаланады. Советтік кезде «Ораза, намаз - тоқтықта» деп ысырып сөйлеп мән бермей келдік қой, негізі ораза ұстау үшін тоқ болу міндетті емес. Қазір мынау біз айналысып жүрген медицина саласында оразаның жүрек қан тамырларына, миға, іш қатуға, артық салмақтан арылту, бауыр, метаболизманы жандандыру секілді көптеген пайдалары жұрт кәдесіне жарауда.      

Мұғалім кісі тарихтан сабақ береді екен. Ол да әңгімеге араласып, оразаға ұқсас құлшылық түрлерінің исламға дейінгі діндерде де кездескенін тілге тиек етті. Көне мексикалықтар, перулықтар, кельттер мен ассириялықтар да оразаға айтарлықтай көңіл бөлген көрінеді. Иудаизм, христиандық, индуизм, брахманизм мен жайнизмдерде де түрлі сипаттағы ораза түрлері болған екен.  

Одан кейінгі әңгімелерде халықтың ұлттық негізге оралуы, имандылық, ата-баба дініне құрмет, ауызашар берудің ел ішінде игі дәстүрге айналып келе жатқаны, тағы біраз оң бетбұрыстар сөз етілді.

Асан тек құлақ салып тыңдаумен болды. Айтылғандардың барлығы да құлаққа жағымды, көкейге қонымды-ақ. Мынандай мәнді отырысқа келгеніне іштей қуанды, бұндай жайттарға өзінің бұрын-соңды қалай мән бермей келгеніне таңғалды. Оған отырғандардың уақыт кіргенін күтіп, бір мезгілде дұға оқып құрмамен ауыз ашуы, әр тағамды жаңа қолға алғандай аса бір тәбетпен жеуі, үлкен-кіші демей, лауазымына да қарамастан бір-біріне ізет білдіруі, дастархан үстіндегі дәмді ас пен қатар айтылған дәмді әңгімелер, үй иелерінің ілтипат-ықыласы, қонақтарын шығарып салып қайта-қайта қимай қоштасқаны – бәрі ерекше әсер етті. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттыратындай. Ораза дастархандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтыратындай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлайтындай!

Кетерде мешітте таратылды деп Ғалымжан берген ораза жайлы шағын кітапшаны үйге жетіп оқығанша асықты. Үйге келісімен ең әуелгі ісі бас алмай жаңағы кітапшаны оқып шығу болды. Оразаның денсаулыққа пайдасы өз алдына, оның Құдай сүйген теңдессіз құлшылық екеніне, сауабының молдығы жайлы көптеген мәліметтерге қанықты. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін көңіліне тоқыған сайын қасиетті Рамазан айының бастапқы күндерін өткізіп алғанына іштей өкінгендей болды, бірақ оразаның қалған сауабынан құр қалғысы келмеді.  

Жатарда «Иә, Аллам, ертең ораза ұстасам деген ниетімді қабыл ала гөр!» деп күбірлеген күйі ұялы телефонының сағатын мұқият түрде сәресі уақытына қойды...  

Иә, «Игілікті істің ерте-кеші жоқ» деген. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру