АЯҚ КИІММЕН НАМАЗ ОҚУҒА БОЛА МА?

12 қаңтар 2024 2276 0
Оқу режимі

Ислам – тазалыққа негізделген дін. Тазалық – дініміздің ең басты қағидаларының бірі. Әрі көптеген ғибадаттардың қабыл болуы осы тазалыққа тікелей байланысты. Мұсылманның ең абзал құлшылығы намаз екені баршамызға аян. Алайда сол намаздың дұрыс болуы үшін, денеміз, киіміміз және намаз оқитын орнымыз нәжістен таза болуы шарт.

Алла Тағала Құранда «Киіміңді тазала»[1] деген. Егер осы аталған үшеуінің бірі таза болмаса намазымыз да дұрыс болмайды.

Әнас бин Мәліктен (оған Алла разы болсын) Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Аяқ киіммен намаз оқитын ба еді?» деп сұралғанда, «иә» деп жауап берген[2]. Демек аяқ киіммен намаз оқуға болады. Алайда аяқ киім нәжістен таза болуы шарт. Әбу Сағид әл-Худридан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалармен намаз оқығанда аяқ киімін шешті. Оны көріп басқалар да аяқ киімін шешті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазын оқып болған соң: «Аяқ киімдеріңді неге шештіңдер?» – деп сұрады. Адамдар: «Сіздің шешкеніңізді көріп, біз де шештік», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, аяқ киімімде бір жаман нәрсе барын жеткізді. Сендер мешітке[3] келсеңдер, аяқ киімдеріңнің табанына қараңдар. Жаман нәрсе (нәжіс) болса, жерге ысқылап, нәжісті кетіріп барып намаз оқыңдар»[4] деді.  

فعن أبي هريرة رضي الله عنه، عن النبي صلى الله عليه وآله وسلم قال: «إِذَا وَطِئَ أَحَدُكُمْ بِنَعْلِهِ الْأَذَى فَإِنَّ التُّرَابَ لَهُ طَهُورٌ»  

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Егер сіздердің біріңіз аяқ киіммен лас нәрсе басып кетсеңіз, топыраққа ысқылаңыз. Өйткені топырақ ластықты тазалаушы»[5], – деген. Нәжіс жұққан заттарды түрлі тәсілдермен тазалауға болады. Мәсі мен аяқ киімге нәжіс тисе сумен және жерге ысқылап нәжістен тазартуға болады.

Қорыта айтқанда, аяқ киіммен намаз оқуға рұқсат етіледі. Алайда басты шарты аяқ киімде нәжіс болмауы керек. Нәжіс тиген жағдайда оны тазалап, намаз оқи беруге болады.      

[1] «Муддассир» сүресі, 4-аят.

[2] Имам Бұхари

[3] Ол кездегі мешіттерде қазіргідей кілемдер төселмеген. Ал қазіргі таңда мешіттерде кілемдер төселгендіктен міндетті түрде аяқ киімді шешіп кіру керек болады.

[4] Әбу Дәуд [5] Әбу Дәуд

 

fatua.kz

Дереккөз: fatua.kz

Пікірлер Кіру