Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа ма?!

31 желтоқсан 2020 8183 0
Оқу режимі

Қоғамда адамзаттың анасы – әйел затын кейбір азаматтар осылай бағалап жататыны бар. Бірақ, сөз төркіні пайғамбардың (с.ғ.с.) әйеліне[1] немесе өзін дүниеге келтірген, ақ сүтін беріп, тәрбиелеген өз анасына, қарындасы мен қызына барып тиетінін білмей ме?! Жалпы ер мен әйелді бірін бірінен жоғары қойып теңестіру қаншалықты дұрыс. Шынында да әйелдің ақылы қысқа ма? «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, анаң ақымақ болса, содан шыққан өзіңнің де ақымақ болғаның ғой. Немесе әйелің ақымақ болса балаңның да одан асып кетпегені ғой. Әрине, ешкім де бұлай өз анасы мен баласын жамандыққа қимайтыны анық. Демекғ бұл аңдамай айтылған жәйсіз теңеу ме? Шыны керек, бұл күнгі қоғамда әйелге қорлық көрсету, ұрып-соғу, шеттей баласымен тастап кету сынды келеңсіз жағдайлар жиілеп кетті. Бұның себеп-салдары неде? Әйелге тиісті құрмет неге көрсетілмеуде? Сол ақылы қысқа деп жүрген әйелдің пайғамбардың, пайғамбарлық жолындағы атқарған маңызды бір ғана қызметіне тоқталайықшы. Одан кейін барып әйел баласының бағасын берерсіз.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең алғаш рет уахи келгенде, пайғамбарлығының ең қиын тұсында, адамзат тарихындағы ең маңызды бір белес басталғалы тұрған шақта адам баласынан Ол кісіні (с.ғ.с.) бірінші болып құптап-қолдаған, демеу болған, алғаш болып Оған (с.ғ.с.) иман келтірген, сабырлылылық танытып, Оны (с.ғ.с.) сүйіншілеген асыл тұлға – әйелдердің ардақтысы Хазреті Хадиша (р.а.) анамыз болатын. Сол бір кезге үңілсек, оқиға былай болған-ды:

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең алғаш рет уахи келгенде, бір жағынан қорқып, бір жағынан сескеніп үйіне келіп: «Менің үстімді жабыңдар, үстімді жабыңдар», – деп қобалжығанда, Хазреті Хадиша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз-өзіне келіп есін жиғанша үстін жауып отырады. Кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басын көтеріп Хазреті Хадишаға: «Басыма бір жаманшылық келе ме деп қорқамын», – дейді. Сонда абзал жұбайы (р.а.): «Жоқ, Аллаға ант етейін, Алла Тағала Сізді, әсте, жерге жықпайды. Өйткені, Сіз туысқандарыңызға көмектесесіз. Өзгелердің қамын ойлайсыз, кедейді қолпаштап, қонақ күтіп, дұрыстықты жақтайсыз», – дейді.

Тағы бір оқиғаны тілге тиек етсек, Хазреті Хадиша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) пайғамбарлығымен құптау үшін бір күні: «Уа көкемнің баласы![2] Періште келгенде маған хабар берсеңіз, қалай болар екен», – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жарайды», – деп жауап қайырады.

Бір күні Хадишаның қасында отырғанында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) келеді. Сонда Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әй Хадиша! Әне, бұл – Жәбірейіл, маған келіп тұр», – дейді. Хазреті Хадиша (р.а.): «Қазір оны көріп тұрсыз ба?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Иә», – дейді. Кейін Хазреті Хадиша (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өзінің оң жағына отыруын сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хадишаның (р.а.) оң жағына барып отырады. Хадиша анамыз (р.а.) тағы да «Оны көріп тұрсыз ба» деген сұрағын қайталайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) көріп тұрғанын айтады. Хазреті Хадиша (р.а.) орамалын шешіп тастайды. Бірақ ол уақытта әлі де Оның (с.ғ.с.) құшағында отыр еді. Хазіреті Хадиша (р.а.): «Оны қазір де көріп тұрсыз ба» деп сұрағын және қайталайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұған «жоқ» деп жауап қайырған соң, Хазреті Хадиша: «Бұл – шайтан емес, бұл – періштенің нақ өзі. Уа, көкемнің баласы! Уайымдамаңыз, бекем болыңыз, Сізді сүйіншілеймін», – дейді[3].

Қараңыздаршы, неткен ақылды әрі парасатты жандар болған пайғамбар әйелдері. Ойлап көріңізші, Хадиша (р.а.) анамыз бір пайғамбарға оның ішіндегі Алла Тағаланың ең сүйікті Елшісіне (с.ғ.с.) келген мақұлықтың (жаратылғандардың барлығына берілген атау) періште ме, әлде шайтан ба екендігінің ара-жігін ажыратып нүкте қойып берген. Осыншалықты ақылды, иманды һәм сабырлы әйел Адамзаттың асылы Пайғамбарымызда (с.ғ.с.) ғана болған шығар деген ойға келесің. Әрине, бұл оқиғаларға қарап біз де бойымызды түзеуміз керек. Яғни, әрбір мұсылман азаматқа өзіне сай мұсылман нәзік жандылар табылады. Біздің мұндағы меңзеп отырғанымыз, әрбір мұсылман ер кісіге, мынау жалған өмірде, өмірдің небір қатпарлы әрі қиын шақтарында иманды, парасатты әйелдің рухани-моральдық жағынан дем беруі, тірек болуы – өте маңызды процесс. Өйткені, жоғарыда келтірілгендей, бір пайғамбарға тек бұл дүниелік қана емес екі дүниеге де бірдей маңызды дүние – діннің алғашқы уахиі келгенде, жер бетіндегі ешбір жан әлі естімей де, қолдамай да, құптамай да тұрған шақта алғаш болып ғайып нәрсеге иман келтіріп, онымен де қоймай Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүйіншілеп, «бекем болыңыз» деп ескертуі қаншалықты ірілік, қаншалықты тұлғалылық десеңізші!

Қазіргі таңда бізге жетпей жатқандығы да осы болса керек. Біз айтып отырған нәрсе – ер азаматтарды жүгендеп мініп алып, жаратылғандағы табиғи ерекшеліктерге қарсы келіп қоғамның ырқын бұзу емес. Біздің мақсат – осы нәзік жандылардың отбасындағы және қоғамдағы орны ерекшеленіп, олардың қадір-қасиетін түсініп, әйел адамға құрмет көрсетілуі. Ер азаматтар құдай қосқан қосақтарымен санасса. Ақылдасса. Ештеңесі де кетпейді. Өшпейді, өседі. Кемімейді, көбейеді. Азбайды, адам болады. Тозбайды, озар еді. Бұл айтқандарымызға ең дұрыс бұлтартпас дәлел жоғарыда тоқталып кеткен пайғамбар өмірі болса керек. Қазақ ата-бабамыз «Әйел – әлем тербетеді», «Әйел – болашықтың шамшырағы. Әйел – келешектің кепілі. Әйел – қоғамның іргесі. Әйел – отбасының ұйытқысы» деп бекер айтпаса керек

Жалпы алғанда, ойымызды қорытындылай келгенде ұсынарамыз – әрбір отбасын басқарар отағасы бар, яғни отағасы – жан-ұяның тірегі, негізі, басшысы. Ал, әйел баласы – қосшысы әрі ер басына күн туғанда қолдап қол ұшын берер көмекшісі, жығылғанда қолтығынан демер сүйеніші, бір сөзбен айтқанда, хадисте баяндалғандай, ер кісінің қабырғасы. Міне, осыдан қалған шығар, ата-бабаларымыздың бір мәселе шыққанда, жұбайын меңзеп
«Қабырғаммен кеңесейін» деген дұғалы сөзі. Әрине, ол үшін де әйел баласы өз-өзін жан-жақты тәрбиелеуі қажет. Өйткені, болашақтың кепілі, елдің тірегі – мызғымас қоғам. Ал, қоғамды құрайтын ол қазіргі жасөспірімдер мен жастар. Ал, жастарды жөргегінен бастап тәрбиелейтін, әрине, нәзік жандылар. Сол үшін ертең елдің тізгінін иманды әрі ақылды, парасатты азаматтардың ұстағанын қаласақ, қазірден бастап, ел болып, қоғам болып қамданайық, ағайын!

Сөз соңын Тұрмағанбет ақынның жырлаған мына бір керемет теңеуімен аяқтасақ:

Әйел көктен түскен жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Еркек жерден шыққан жоқ,
Әйел оның анасы.

Ақбөпе Қанатқызы

 


[1] Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл жұбайлары Исламда мүміндердің анасы болып саналады.
[2] Пайғамбарымыз бен (с.ғ.с.) Хазіреті Хадишаның (р.а.) шежірелері Құсай деген бабаларында бірлесетіндіктен кейде осылай атайтын.
[3] Ибн Исхак, әс-Сира, 114 бет

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру