Айт намазы қалай оқылады

14 маусым 2018 13750 0
Оқу режимі

Әбу Ханифа мәзһабында ораза айт намазы әрбір мұсылманға – уәжіп. Уәжіп болуының басты себебі – дүниеден өткенше Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ешқашан айт намаздарын тастамаған әрі жұртқа бұл күні намазға шығуларын бұйырған.

Үммү Атия былай дейді:

«Ораза айт күні біз намазға шығуға бұйырылатынбыз. Тіпті үйінде отырған қыз бала да үйінен шығып келетін. Тіпті етеккірі келген әйелдер де келіп, жамағаттың ең артында тұрып, тәкпір айтып, дұға етіп, бұл күннің берекелі әрі (күнәдан) тазару болатынына үміттенетін»[1].

Ибн Аббас (р.а.): «Ораза айт намазында Алла елшісімен (с.ғ.с.), Әбу Бәкір және Омарлармен (р.а.) бірге болдым. Барлығы ораза айт намазын құтпадан бұрын оқыды»[2], – деген.

Айт намаздарының дұрыс орындалу шарттары жұма намазының шарттарымен бірдей. Мысалы: уақыттың кіруі, жамағатпен оқылуы (айт пен жұма намазы жеке оқылмайды) секілді шарттар. Тек құтпаның үкімі бұдан тыс. Яғни құтпа жұма намазы үшін шарт болса, айт намазы үшін сүннет қана және құтпа айт намазынан кейін оқылады.

Айт намазының уақыты күн найза бойы көтерілгеннен бастап, күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады. Яғни күн шыққаннан кейін жобамен жарты сағат өткеннен бастап, бесін намазы уақытының кіруіне аз қалғанға дейін. Айт намазын оқып жатқанда күн тас төбеге көтерілген болса, намаз бұзылады[3]. Айт намазын күн шығып жатқан уақытта оқыса, намаз жарамсыз. Егер ораза айт намазы, жұма күнге сай келсе, ораза айт намазын өз уақытында, жұма намазын өз уақытында оқиды. Ораза айт намазы, жұма намазының орнына жүрмейді. Ораза айт намазын алғашқы уақыты кіре салысымен емес, біраз уақыт өткізіп оқу – мұстахап. Көпшілік пітір садақасын беріп үлгерулері үшін бұл тиімді.

Ал, енді оқылуына келсек, Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Азан мен қамат айтылмайды. Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі, айт намазының әрбір рәкатында үш тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді орындау – уәжіп. Бұл тәкбірлер бірінші рәкатта қырағаттан бұрын, ал екінші рәкатта қырағаттан кейін айтылады.

Бірінші рәкат: Имам намазды бастағанда, айт намазына ниет етіп «Аллаһу әкбар» деп тәкбір алғаннан кейін, қолын кіндік тұсына байлап, «субханака» дұғасын оқиды. Жамағат та: «Айт намазын оқуға ниет еттік, ұйыдық имамға», – деп ниет етеді де тәкбір алып, қолдарын кіндік тұсына байлайды да «сүбханака» дұғасын оқиды. Артынша имаммен бірге үш рет тәкбір тартады. Имам екі қолын құлақ тұсына апарып «Аллаһу әкбар» деп дауыстап бірінші тәкбірді алады да, қолын кіндік тұсына байламай екі жағына түсіреді. Жамағат артынша бәсең дауыспен имамның тәкбірін қайталап, қолды құлақ тұсына апарып тәкбір алып, имам секілді қолды байламай екі жанына түсіреді. Осылайша екінші және үшінші тәкбір айтылады. Имам үшінші тәкбірді айтқаннан кейін қолды байлап, іштей «ағузу» мен «бисмиллаһты» оқиды. Сосын «Фатиха» сүресі мен қысқа сүре немесе аяттардан дауыстап оқиды. Артынша басқа намаздардағыдай рукуғ пен сәжде жасалады.

Екінші рәкат: Имам мен жамағат екінші рәкатқа тұрады, қол кіндік тұсына байланады. Имам «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре дауыстап оқиды (жамағат үнсіз тұрады). Артынша бірінші рәкаттағы секілді үш мәрте тәкбір алады, әр тәкбірде (бірінші рәкаттағыдай) қолды кіндік тұсына байламай екі жағына түсіреді. Төртінші мәрте тәкбір айтып рукуғқа барады. Бұл төртінші тәкбір, рукуғтың тәкбірі болып саналады. Артынша сәжде жасалады, соңғы отырыста «әт-Тахият» пен салауат, дұға оқылып намаз тамамдалады.

Ораза құтпасын оқу – сүннет. Намаздан кейін имам мінберге шығып құтпа оқиды. Құтпада Аллаға шүкіршілік пен мақтаулар, пітір садақасы жайлы айтылғаннан кейін, «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтады. Жамағат бұл сөздерді имаммен бірге бәсең дауыспен қайталайды. Имам ораза айт құтпасын жұма құтпасы секілді екіге бөліп, арасында аз кідіріспен айтады.

Ораза айтта мешітке бара жатып іштей тәкбір айтылады. Мешітке келгенде, намазға тұратын уақытқа дейін жамағатпен тәкбір айтылады.

 


[1] Сахих Бұхари, 956.
[2] Бәйһақи, Сүнәну-кубра, 3/297; Мүслим, 3/18
[3] Қандай да бір үзір (айттың бірінші күні болғандығына күмәнді күн, табиғи апаттар т.с.с.) себебімен айт намазын, айттың бірінші күні оқылмаса, екінші күні оқиды. Алайда үзірсіз екінші күнге кешіктірсе, екінші күні оқылған айт намазы жарамсыз (Тухфатул фукаһа 1/166, Абдулхамид Тахмаз, фи саубил жадид 1/324).

Пікірлер Кіру