БІЛІМ АЛУ – ИСЛАМ ТАЛАБЫ

24 ақпан 2023 4888 0
Оқу режимі

Қасиетті хақ Ислам – білім мен ғылымды және дүние танымды қамтыған және соған ынталандырған әлемдегі жалғыз дін. Ислам – білім алуды талап ететін дін. Білім алу – адамдызатты даналық пен парасаттылыққа және кемелділікке жетелейді. Ал, білімсіздік болса мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бір нәрсені түсінуге талпынады. Ал, надан басындағы ақылының қадірін білмей, дұрыс қолдана алмайды.

Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ.

Білім – ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, сауап пен күнәні ажырататын, адам баласының көзін ашып, көкірегін оятатын, Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Асыл дініміздің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  

Баршамызға мәлім, Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқро!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «ғилм» түбірінен туындаған 700-ден астам сөз кездеседі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – десе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтқан.

Ілім –  адамның күллі тіршілігіне, ахиретіне (о дүниесіне) құлшылығына қажет болатын құрал, білімді болумен қатар көркем мінезге ие болу үлкен жетістік. Ілім ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Білімдінің дәрежесі көтерілетіні хақ. Ал, дұрыс діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан келіп,  қателігіміз көп болары сөзсіз. Енді білімнің маңыздылығы туралы хадистерге тоқталсақ: Алла елшісі былай дейді:  «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді!».

Ілім – қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырақ. Қазіргі таңда біз діни біліммен дүниәуи білімді ұштастыра білуіміз қажет. Себебі, бізден бұрын өткен мұсылман елінің ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын  меңгерді. Атап  айсақ, Әбу Насыр  Әл-Фараби философия ғылымын меңгерген әрі математика ғылымына зор үлесін қосқан, 70-тен астам тіл меңгерген, Отырардан шыққан ірі тұлға. Сондай- ақ, Ибн Сина медицина, физика салаларына үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп,  Шалкиіз, сол заманда өмір кешкен Ақтамберді жырау, Бұхаржырау, Абай, Шәкәрім, Ыбырай көркем әдебиет ғылымын шариғаттан негіз ала отырып, жандандырған.

Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин:

«Бір Аллаға сыйынып! Кел балалар оқылық!
Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық!
– деп білім алуға шақырады.

Дана халқымызда: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін  білім.  ...»,- деген сөз бар.  Мұқағали Мақатаев:
«Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі.

Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Қол ұстасып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар», - дейді.

Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі, оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?!

Халқымыздың ұлыларынан білім жайында көптеген нақылдар жеткен:
«Күш –  білімде, Білім –  кітапта.
Қына тасқа бітеді, Білім басқа бітеді»; 
«Өнер — ағып жатқан бұлақ, Ілім — жанып тұрған шырақ».

Алла Тағала баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін! Ұрпағымыз білімді, ақылды да парасатты болып, байлық жинап жарысатын емес, ілім алуда жарысатын саналы да зерек болғай! Әмин!

 

Дархан Қосылбаев
 «Әл-Ғани» мешітінің ұстазы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру