Биыл ораза ұстамаймын...

12 мамыр 2018 8207 0
Оқу режимі

Расында, ораза – иманды сынайтын ұлы құлшылық екен. Биылғы шіліңгір шілденің ыстығы да иманды шайқалтқан сыңайлы.

Біздің айтайын дегеніміз басқа болатын. Сомалиде тұратын бір мұсылманның жазған хаты хақында еді. Сауд Арабиясының шейх-ғалымы эфирде көрермендер сұрағына жауап беріп жатады. Бағдарлама қонағына сауал жолдаған Сомали мұсылманы былай дейді: «Сәресі мен ауызашарда жейтін ештеңе жоқ. Мұндай кезде ораза ұстауға бола ма?» Бұған жауап бере алмай, көңілі босаған шейх көз жасына ерік беріпті (суретті қараңыз).

Кейде алдымызға ас-суымыз уақытылы келмей қалса, сабыр, төзім, шүкір деген адами қасиеттерді «шетке ысырып» қоямыз. Ал Африкадағы ашаршылықты ойласақ, қазіргі жағдайымызға қарап, шүкір айтпауға «шара» жоқ.

Қазір мешіттерде жомарт жандардың демеушілігімен күн сайын 500-600 адамға дейін ауызашар беріліп келеді. Ауызашар берушілер көп. Бірақ ифтар ұйымдастыратын бос күн жоқ. Қандай ғанибет! Құдайға шүкір, молшылық заман ғой. Тым болмағанда күнделікті тіске басар бірдеңе табылады. Оған да тәуба дейміз.  

Ал енді «тамақ қымбат, ашпын» деп қоңырқай тіршілігіміз үшін артық ауыз сөз айтып, «ораза ұстамаймын» деуіміз ұят-ау. Нәпақамыз біріне жетіп, біріне жетпей жатса, ол да Аллаға шынайы шүкіршілік айтуға тұратын тағдыр емес пе? Деніміз сау, бала-шаға аман, аяқ-қолымыз бүтін дегендей... Ізгі адамдар басына сынақ келгенде: «Бұдан да жаманы болар еді ғой», – деп өзін жұбатады екен. Бұған да сауап жазылмақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміннің ісі қандай ғажап! Расында оның барлық амалы қайырлы. Бұл – мүміннен басқаға бұйырмаған бақыт. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді. Сол үшін сауап-сыйға кенеледі. Егер оған бір сынақ келсе, оған сабыр етеді. Оған да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы», – депті.

Рамазанның бітуіне де санаулы күндер қалды. Қасиеті мен қадірі мол аймен қол бұлғап, қоштасқалы тұрмыз.

Рамазан – игі істеріміз бен шалыс басқан қадамдарымызға, пенделікпен жасаған қате-кемшіліктерімізге есеп беретін бейне бір белес айы екен. Рамазан – өмірлік жоспар құратын межелі маусым. Рамазан – рухани жаңару кезеңі.

Рамазан – патша мен пақырды, бай мен мұқтаж адамды теңестіретін теңдік айы. Рамазан – ағайын арасын жақындастыра түсетін бірлік айы.  Рамазан – медресе айы. Рамазан – пенденің кеудесіне тәлім мен тағылым, тақуалық пен иман, мейірім құйылатын құлшылық айы. Рамазан – қос дүниенің бақыт кілті – Құран айы. Осылай жалғастыра беруге болады.    

Мораль оқып кетті демеңіз. Біздікі – діннен бір насихат айту ғой. Қашан да қайырлы, ізгі істеріміз қабыл болғай!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер Кіру