ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМ – ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ

22 сәуір 2024 1932 0
Оқу режимі

Дәстүрлі діни таным дегеніміз ол – біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Егер қазақ мәдениетінің өзегін ашып қарайтын болсақ, ішінен Ислам діні шығады. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, сенімде Матуриди ақидасына және Ясауи ілімінің қабаттарына негізделген. Демек, қазақ жеріне Ханафи-Матуриди ілімін алып келген осы Ясауи болатын. Осы негіз бойынша ғасырлар бойы қалыптасқан біздің діни таным-тарихымыз бар. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес.  

Жаратушының негізгі талаптары – білім үйреніп, өмірдің рухани және материалдық заңдылықтарын игеру, соның негізінде өзіңді жетілдіре отырып, ақиқатты танып білу. «Жүректің көзі ашылса, адамға ақиқаттың сәулесі түседі» дегендей осының бәрін орындауда білімділікті, сабырлықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз етіп және қоғамға қызмет етуді талап етеді.  Демек, Хз. Пайғамбардың: «Білімнің екі түрі болады: біріншісі – адамның жанын жандандырып пайдасын тигізеді, екіншісі – адамның тіліне қонып, Алла тағаланың құдіреттілігін ғылым жүзінде негіздеп береді» деген хадистерінен нәр алып, сусындап қазақ ғалымдары дәстүрлі діни танымды қара сөзбен, мақал-мәтел арқылы және өлең түрде халықтың санасына жеткізе білген.  

Бұхар жырау:

«..Күллі әлемді қаратқан,

Ең алдымен Алланы айт.

Бойыңа жан таратқан

Аты жақсы тәңірді айт.

Төрт шәдияр Мұстафа,

Кітап ашқан ғалымды айт.

Мұхамметтің аяты,

Алла сөзі Құранды айт....».

Шеге жырау:

«...О Жаратқан, Тәңірім,

Жеңіл болсын әмірің.

Бас иетін құлыңмын,

Жамандықтан жерінген.

Жақсылыққа берілген...».

Қазақ топырағында қалыптасқан жыраулық дәстүрдің үлкен екі мектебі болған. Олар ХV ғ. бастап, ХХ ғ. дейн Маңғыстау өңіріңде «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» (Абыл Тілеуұлы, Қалнияз Шопықұлы, Нұрым Шыршығұлұлы,  т.б.) және Сыр бойындағы «Сыр сүлейлері» (Асан, Бұхар, Қарасақал Ерімбет, Шал ақын, Шалкиіз, Мәшһүр Жүсіп, Кердері Әбубәкір т.б.) қазақ халқының мұсылмандық дүниетанымын таратқан тұлғалары. Халқымыздың рухани мұрасы дастандар мен жырлар діни құндылықтардың далалық философия мен ұлттық тәрбиенің негізіне айналып, ұлт мүддесіне қызмет етті. Алайда, Кеңес үкіметі кезеңіндегі ақын-жыраулардың діни-рухани мәндегі туындылары жарық көрмей және рухани мұраларын жою, құрту қатігездікпен іске асырылған. Себебі, бұл  жыршылар қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан  келген діни миссионерлерге, рухани экспанцияға да қарсы тосқын бола білді.

Қарасақал Ерімбет:

«...Әуелі сұра,тілім медет Хақтан.

Талайлар медет тілеп жәрдем тапқан

Сен кімге Хақтан өзге сиынасың,

Халық еткен бұл әлемді бар мен жоқтан...» - деп, Қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 70-аятында: «Әй мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер» - деп айтылғанындай аятттарға сай, қазақ ақын-жыраулары  мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқау қиын емес. Мұсылмандық дүниетанымы арқылы қалыптасқан қазақ ақын-жыраулар елдің ақыл ойын тәрбиелеу, нәпсіден арылып, имандылыққа баулу арқылы насихат өлеңдеріндегі ой өзегі діни-философиялық, моральдық-этикалық тұрғыдан берілген.

Қазақ тек сырт пен іштің бірлігін пір тұтып, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Шал ақын:

 «...Иман-қой, ақыл-қойшы, нәпсі-бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле шайтан-пері...» - дейді.

Қарасақал Ерімбет:

«...Азғырған нәпсі шайтан тіліне еріп,

Адасқан түзу жолдан кей азамат.

Ер болсаң елің үшін қызмет қыл,

Қасқырдай қара жүрек болма бірақ...» - деп, Құранның «Юнус» сүресі, 53-аятында: «...Расында нәпсі жамандыққа бұйырады...» бұл аяттың мақсаты иманды шыңдау көркем мінездің – бастау бұлағы, түп негізі болып табылады. Өз иманыңды кемелдендіруді ешкім жасап бермейді, ол тек өз қолыңнан келетін нәрсе деген өсиеттік ойлар тәріздес. «Аллаға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады», «Алла деп барсаң, аман келерсің», «Алла деген ар болмас, Алла деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас» деген мақал-мәтелдердің ішкі мәні мен мазмұнына назар аударсақ, қазақ ақындары адамгершілік ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өздерінің зор мақсаты санағандықтан болса керек. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын – діні, діни танымы. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі дінінен, діни таным негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Сондықтан біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз.

Қазақ жерінде Ислам құндылықтарының қалыптасуына байланысты ғалымдардың пікірлері:

 А. Байтұрсынұлы: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».

М. Әуезов: «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген».

М. Әуезов: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр».

М.Мағауин: «Классикалық Шығыс әдебиетінде әр бір сөз Алла атынан басталатын. Бүкіл әлемге аян атақты дастандардың барлығында ең алдымен Хақ тағалаға мадақ айтылады. Содан соң жүз ныспылы, бір кейіпті пайғамбарға сыйыну шарт».

Б.Әзібаева: “Біріншісі, Ислам дінін таратушылардың іс жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі-ақынжанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне тасқа басылған жыр сөздермен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді”,- деп, сенім екі жол арқылы халықтың көкейіне қонып отырды. Әсіресе, соңғы “жол” қазақтың иманының күшейуіне қатты әсер етті. Осындай діни дастандар Исламның қазақ даласында берік орнығуына септігін тигізді.

Өзбек ғалымы Х.Кароматов: «Ислам дінін қабылдаған халықтардың тарихы өзгергенімен де, Құранның мәтіні өзгермеген. Құран тексі мезгіл және мекенмен үндес жүріп, әр халық дамуының белгілі бір кезеңдерінде одан үнемді пайдаланып отырған әрі құрани дүниелерді әдеби шығармаларға алып келген. Сондай, ұлттық әдебиеттің Құран мәтінімен синтезі нәтижесінде көркем және діни-дидактикалық шығармалар жаратылған».

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ

 

 

Пікірлер Кіру