ДІН ТІЛІНІҢ ІШІНДЕ СЫР БАР...

08 шілде 2024 684 0
Оқу режимі

"Дін тілінің ішінде сыр бар... ол ділге қонады.

Дін тілі иманға байланысты, сыр тілі көңілге

 байланысты ашылады..." (Д.Кенжетайұлы)

 

ТАБАЛДЫРЫҚТЫ БАСПА

Бұл қазақ даналығы мен құндылықтарының кенін зерттеп жүрген жастардың жаңа кітап жинақтарынан алынды.

Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбаға құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті.

Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен.

Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш:

– Қалаған жеріңнен қоныс ал! – дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай, ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты.

Артынша Шиштің үйіне Бақыт келіп бас сұғады. Ол төрден орын беруді сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі.

Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарханынан орын алыпты. «Дастарханда береке бар» деген түсінік осыдан қалыпты.

Көп ұзамай ынтымақ келіп, пайғамбардың қонысынан жай сұрайды. Ол босағаға орналасады. Қазақта «босағаң мықты болсын» деген сөз «ынтымағың мықты болсын» деген тілек екен. Ал, босағада тұрма дейтіні «ынтымақты бұзасың» деген ырымы деседі.

Шиш ізгі амал, қасиеттерді орналастырып жатқанда үйдің бір саңылауынан жын-перілер жасырынып келіп, үйдің бұрыштарына тығылады.

Кім бұрышқа отырса, соның арқасына мініп, кеудесін басады екен. Қазақта «қара басты», «еңсені езді» деген тіркестер осыған орай айтылған деседі. Ырым білетін есті кісілер жастарға «бұрышқа отырма» деп тәрбиелейді екен. Үйдің ішін адыраспан не аршамен аластағанда жын-перілер жоғалады деген түсінік бар.

Шиш пайғамбардың оқиғасына сәйкес қазақ арасында ғибратты ертегі бар.

Ертеде Нығмет пен Үсен деген ағайынды жетімдер Шаһимардан деген байдың малын бағыпты. Екеуі кисе киімге, ішсе тамаққа жарымайды. Жиырма жыл жалшылықта жүреді. Бай олардың жайын ойламапты. Бір күні екеуі бөлек шығып, байдан ақысын сұрамақ болады. Сараң бай арық ат пен бұзаулы сиыр берді. Берген ақыға разы болмаса да, қанағат тұтудан басқа жолдары жоқ еді. Ат пен сиырды жетелеп, басы ауған жаққа жүре береді.

Қас қарая бір өзеннің жағасына келіп демалады. Кешке сиырды сауып, сүтін пісіріп отырғанда аттың дүбірін естиді.

– Әй, кім бар, сөйлес? Құдайы қонақпын! – дейді дауыстап.

– Кімсің? – дейді екеуі.

– Атым – Қызыр. Қырғауылдай қорғалап, бөденедей жорғалап келемін, – дейді.

– Қызыр болсаң, қонатын жерге қон. Бізде қазір саған орын жоқ, – дейді. Қызыр кетіп қалады.

Сәлден соң тағы ат дүбірі естіледі.

– Әй, кім бар, сөйлес? Құдайы қонақпын! – деп дауыстайды.

– Кімсің? Қайдан келесің?

– Атым – Бақ. Қырдан, ойдан келемін, – дейді.

– Бақ болсаң, орныңды тап. Саған орын жоқ, – дейді. Бақ та кетіп қалды. Үшінші дүбірлеген атты даусы естіледі.

– Әй, кім бар, сөйлес. Құдайы қонақпын, – дейді жолаушы. Бұлар:

– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрайды.

– Атым – Дәулет, – дейді.

– Ендеше дәулетті жерге бар. Іздегенің біз емес, – дейді екеуі. Дәулет те кетіп қалады.

Сүт пісті деген кезде ат дүбірі тағы естіледі.

– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – дейді аттылы.

– Кімсің? Қайдан келесің?

– Атым – Ынтымақ, – дейді. Сол кезде екеуі жүгіріп шығып, аттың шылбырына оратыла кетіп:

– Ынтымақ болсаң, қонақ бол. Біздің іздегеніміз – сенсің, – дейді екеуі.

Соятын атты көлденең тартып, «Әумин!» деп бата сұрайды. Ынтымақ:

– Жан баққан жалғыз атты маған сойсаңдар, қалай күнелтесіңдер? – дейді.

– Үйде ынтымақ болса, жоқшылық кірмес. Қайғы-мұң баспас. Мал тағы да бітер, бақ қайта қонар. Батаңды бер, – дейді жігіттер. Ынтымақ екеуіне риза болып, екі алақанын жайып жіберіп:

– Құдай оңдасын, Қызыр қолдасын! Бақ қосылып, Дәулет дарысын. Аллаһу акбар! – деп бата береді. Нығмет пен Үсен атты сойып, етін қазанға салады.

Ет пісті деген кезде сырттан көп аттың дүбірін естиді. Қараса, Қызыр, Бақ, Дәулет – үшеуі қайта келіп тұр екен. Екі жігіт жүгіріп шығып, қарсы алады. Оларды әлгінде қондырмағаны үшін кешірім сұрайды. Қызыр:

– Балаларым, оған қысылмаңдар, Ынтымақ болмаса, Қызыр қонбайды, Бақ қарамайды, Дәулет дарымайды. Біз Ынтымақтың бастауымен келдік. Көсегелерің көгеріп, өркендерің өссін! – дейді.

Ертесіне төрт қонақ батасын беріп, аттанады. Содан бастап Нығмет пен Үсеннің үйіне береке дариды.

Бай болып, бақуатты жанға айналғанда да, екі жігіт ынтымағын жоғалтпапты. Ұрпақтарына «Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ» деп өсиет қалдырған екен.

 

Dosay Kenjetay-дың фб парақшасынан

 

Пікірлер Кіру