ЕР ҚАДІРІН БІЛГЕН ӘЙЕЛ

21 ақпан 2024 2190 0
Оқу режимі

Бір жігіт ауыл адамдарының малдарын жинап, жайлауда бағады. Ол осы бейнетімен отбасын асырайды екен. Шопанның ақыл-парасатты əйелі бар еді. Ауылда кімнің əйеліне ашуы шықса, "Бар, шопанның əйелінен ғибрат алып кел"- дейді екен.

Күндерден бір күні ауыл ағасын əйелі ренжітіп қояды. Ауыл ағасы əйеліне:

- Ей, сөзге түсінбейтін əйел, бар да, шопанның əйелінен аз да болса ақыл үйрен, одан үлгі ал, күйеудің қадірін білетін бол, - дейді. Күйеуінің бұл сөздерінен əйелдің тіпті ашуы келіп:

- Шопанның əйелінен нені үйренемін? Күйеуі шопан болса, өзінде не өнер, не қасиет бар дейсің,- деп менсінбей сөйлейді. Күйеуі ашуланып жұмысына шығып кетеді.

Əйел ол кеткен соң шопанның əйелі жайында ойланып қалады. "Барлығы шопанның əйелін мақтайды, оның қандай ерекшелігі бар екен, еркектер үнемі бізге оны үлгі қыла беретіндей? Оны бір көріп келейінші"- деп, шопанның үйіне қарай бет алады.

Ауыл ағасының əйелі есіктен кіріп келгенде шопанның əйелі күнде тұрып ысып кеткен ыдыстан су ішіп отырған екен. Байдың əйелі:

- Судан маған да берші, шөлдеп кеттім,- дейді.

- Бұл су ысып кеткен, сізге салқын су алып келемін, біраз күте тұрыңыз,- дейді шопанның əйелі.

- Мейлі... Бірақ, сен өзің неге ысып кеткен су ішіп отырсың?

- Ханым, осы уақытта күйеуім күн ыстығында мал бағып жүр. Күнге қызған местегі судан су ішіп жүр. Күйеуім ол жақта жылымшы су ішіп жүргенде мен бұл жерде салқын су ішсем, əйелдігім қайда қалады?!

Байдың əйелі бұл əйелдің шынында да көркем құлқы бар, ерекше қасиет иесі екенін мойындап, тəнті болып үйіне қайтқан екен.

 

Пікірлер Кіру