Ерінің рұқсатынсыз сыртқа шыққан әйелге не боларын біліңіз

09 қаңтар 2019 12504 0
Оқу режимі

Әйелге отбасылық өмірінде жүктелетін тағы бір міндеті – күйеуінің мақұлдауынсыз үйінің босағасынан аттап баспау. Баратын жері жайлы күйеуін хабардар етіп, келісімін алған соң ғана жолға шығуы мұсылман әйелге жарасымды дағды. Барғаннан кейін де кеш түспей қайтуы керек. Құран кәрімде Алла Тағала былай деген:

«Уа, Пайғамбардың жұбайлары, байсалдылық танытып, үйлеріңде отырыңдар. Бұрыңғы қараңғылық дәуіріндегідей жасанып алып көшеге шықпаңдар»[1].

Аят Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайларына арналғанымен, бұйрық жалпы әйелдер қауымына тиісті.

Бір күні бір әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі, әйелдің күйеуі алдындағы міндеті не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шықпау» – деп жауап қайырады. Егер күйеуінің рұқсатынсыз шығатын болса, аспандағы періштелер, рақым және азап періштелері ол әйелге тәубеге келгенге дейін немесе үйіне қайта оралғанға дейін лағынет айтады», – деп жауап береді.

Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген екен: «Қандай да бір әйел күйеуінің рұқсатынсыз тысқа шықса, үйіне қайта оралғанға дейін немесе күйеуі риза болғанға дейін Алла Тағаланың қаһарында болады».

Бұл міндетті әйелге жүктеу арқылы Ислам діні оны үйге қамауды көздемейді. Қайта оның орынсыз өсек-аяңға ілікпеуін, ерімен жарасымды жұп болып, сенімнен шықпауды мақсат етеді. Бүкіл еркек атаулы жұбайының өзіне адал болғанын қалайды. Отбасын асырау қамымен түзде жүргенде үйдегі әйелінің қалаған жағына қыдырып, уақытын қалай болса солай өткізгенін ешбір еркек құптамас. Бірақ бұл қағида әйелді түбегейлі күйеуіне тәуелді етпейді.


[1] «Ахзаб» сүресі, 33-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру