ЕЙ, ЖАН - ШЫРАҒЫМ, ЛӘ ТАҺЗАН!

25 маусым 2026 67 0
Оқу режимі

Лә таһзан!

Мұңайма, Жан!

Жүрегіңді жараласа әлдекім

Сен мұңайма, Жарығым!

Тек жаралы жүректермен біргемін

Демеп пе еді Тәңірім?!

Ендеше, тек сен мұңайма, Жарығым!

Сен одан да түннің қойнын жарып шық,

Күндей болып

Жанарларды қарықтырсын жарығың!

«Дерттімін мен» деймісің?

Аш көзіңді, қырағым,

Білмеймісің:

Дерт – Жарыңа жеткізетін пырағың,

Дерт – мойныңа асып жүрген тұмарың,

Сенде ғана бар деп және ойлама,

Сендейлер бар, аңсап жүрген сыңарын,

Көкірегі күрсінетін құмар үн.

Сен шалдыққан осынау дерт –

Хаққа серт –

Біреулерге асқан нығмет, шырағым.

Үмітіңді үзе көрме,

Жүсіпті еске ал, Асылым.

Дертшең жердің шипасы бар,

Өртшең жердің зипасы бар жасырын.

Жоқшылықтың нығметі бар,

Сауал туса жауабы бар,

Сен тарсынба жоқшылықтың лашығын.

Кеме соқсаң, су да шығар алдыңнан

Ізде суды, шөлде, өртен, асығым.

Сонда жердің асты-үстінен атқылап

Суға толар қойны тау мен тасының.

Дүниенің мал мен мүлкі пәдәрі –

Бір жымиса жаннан артық Ғашығың.

Қара оған, бірақ аңсап, мас болма, –

Біл Дүниенің масылын.

Теңіз сыймас өзен-көлге,

Мұхит сыймас теңізге.

Ғашық болмай, «Мен», «Сенді» ұқпас,

Түсіндірме кеміске.

Хаққа жетер жол бар десең,

Сенбес ешкім лебізге,

Жүрегінде нұры жоқ жан жанбас өзі, жана алмас,

Және-дағы жан бере алмас егізге.

Лә таһзан!

Қайғырма, Жан!

Аяғыңның сынғанына қайғырма,

Бәлкім, Аллам сынған аяқ орнына

Қанат берер, қанатыңды жайғын да,

Самға көкке, тек төменге қайырылма.

Құлап түссең құдыққа

Оған-дағы қайғырып тек мойыма,

Білсең, сынақ түседі ердің сойына.

Шыңыраудан шыққаннан соң Мысырға

Сұлтан болған Жүсіпті ал ойыңа.

Қалағаның орындалса – бір қайыр,

Орындалмай қалған болса – мың қайыр,

Күдік-күмән жақындатпа бойыңа!

Өткенің мен келешегің – шындығың

Ал Ақиқат – біреу-ақ.

Түс көргендей біл жалғанның сұмдығын,

Тек сенімің тіреу – хақ.

Сондықтан да күмәнданба, құлдығым,

Сен – бұлбұлсың,

Ал бұлбұлсыз – жүдеу бақ.

Аяқ-қолың кесілсе егер түсіңде,

Оянғанда, орны толар, қорықпа!

Басқа түскен мың бір бәле үшін де

Қайғы жұтып, зорықпа.

Бір өзіңе тап берсе де қалың қол,

Тағдырыңның өзгеретін сәті сол –

Дәл сол тұстан Сен дайынсың жорыққа!

Бұл ғаламның кітабы – Сен, маған сен,

Өзіңді аш та, оқы Өзіңді, толықта!

Тек торықпа!

Қайда десең бұл ғаламның

ең алыс бір нүктесі,

Ол да сенің өз ішіңде, сөзімнің жоқ бүкпесі.

Бірақ соны байқамайсың,

Бар деймісің дертті күннің өтпесі.

Дертің қандай болса-дағы,

көз жасыңды төкпеші.

Тек үмітің Алла болсын,

Тас түйілген иман жібін сөкпеші.

Бірі қалмай әлденеге ел сүйеніп жатқанда

Сүйенерің Раббың болсын, басқадан сый күтпеші.

Ешбір күнә Рақыманның Рақымынан күшті емес

Сонда-дағы ғапыл болма,

Жиғаныңды төкпеші...

Лә таһзан!

Қайғырма, Жан, тірісің!

Дертің қандай болса да бір дәрет ал,

Кеңіп қалсын тынысың.

Жайнамазды жайып ал да, меншікте

Бөлмеңнің бір бұрышын.

Намаз оқы қаласаң,

Қаламасаң ештеңе айтпа...

Тыңда жүрек дыбысын.

Ол дертіңді сенен артық түсінер

Білетін Сол – сен үшін не дұрысын.

Дұға еткенде сол жаралы жүрегіңнің жай қолын

Болсын жалғыз дұға тілеу – жұмысың.

Өйткені Оның мейірімі:

Тек жаралы жүректерге ұшады,

Тек жаралы жүректерді құшады,

Білмеймісің мұны шын?..

Кілем қағу – ұру емес, шаңын қағу тазалап,

Алла сенің қағып жатса шаңыңды

Қайғырмашы, құрышым!

Лә таһзан!

Мұңайма, Жан!

Бір шаруаң таппай жатса шешімін,

Сен мұңайма, есілім.

Одан жақсы іс күтіп тұр,

Не болмауы тиіс деп біл ол істі, –

Тигізбеске кесірін,

Қайырлы деп түсін Хақтың кесімін.

Ұшқан құсқа қара бір сәт,

Ештеңе екпес, егін ормас, несі мін?

Кім береді сол құстардың несібін?

Сені ұмыта қоймас Ризық Иесі,

Тек ішіңнен қайталай бер Есімін.

Күндіз-түні бәле жауар адамға,

Тек ғашық жан соған төзер, шағым айтпас заманға.

Ғашық үшін дерт – бір тұрақ жолдағы,

Оны көрсең, ышқың артар, «қайғы бер деп маған да».

Керуені келсе-дағы қайғы-дерттің қай тұстан,

Жеке бастың дертінде емес,

Жар дертінде болар ғашық әманда.

Сен де, жаным, амалда.

Жасалуың – күйреуде тұр,

Ал бірлікті – бытыраудан табасың,

Түзелуің – қирауда тұр,

Ал мұраттың – мұратсыздық панасы.

Бар әлемің – Жоқтықта тұр,

Ал терістеу – бекітудің шарасы.

«Лә иллаһа иллалла» де, –

Жүрегіңнің жазылады жарасы.

Қандай қиын адам үшін Ақыл-Жүрек арасы,

Болмаса егер таразы.

Қандай жаман бір уақытта

Жиырылса сәт пен ғасыр арасы,

Ал адамның бар білгенін жеткізуге келмей қалса шамасы.

«Мен» деп үнсіз қалуы,

«Сен» деп, үнсіз көзіне жас алуы,

Таусылғанда шарасы.

Мұңайма, Жан,

«Менмін» десең, бекерсің.

Ал егер де Хақты «Бар» деп,

өз Меніңді жоқ қылсаң,

Шын Барлыққа жетерсің.

Менмендіктен арылғанда

Бар болғаның соншалық,

Тарға сыймай кетерсің.

Дәл сол сәтте сені саған сенсіз хәлде көрсетер,

Сен Өзіңе толық Өзің жетерсің.

Лә таһзан!

Қайғырма, Жан, сабыр ет!

Махаббаттың бір есімі – Сабыр-дүр,

Сабыр етіп үйрен, келсе көктегің:

Сен аштыққа сабыр қылсаң,

«ораза» ұстап, жемсауыңды шектедің.

Азап-мұңға сабыр қылсаң, «төзім» гүлін еккенің,

Адамдарға сабыр қылсаң, «кеңпейілдік» еткенің.

Қалауыңа сабыр қылсаң, «дұға» болар өткелің.

Сезіміңе сабыр қылсаң, «көз жасыңды» төккенің.

Сағынышқа сабыр қылсаң, «қасірет», «мұң» шеккенің,

Махаббатқа сабыр қылсаң, «ғашықтыққа» жеткенің.

Не қаласам,

Мен Раббымнан сұрадым,

Тек Раббыма жыладым.

Берсе – Оның ұлылығы,

Бермегені – сынағым.

Сен де тіле, болса қандай сұрағың.

Не тілесең,

Жар есігін қаға біл,

Жарыңа асық, сарқып жүрек құнарын.

Ашылмас деп үміт үзбе,

Сол есіктің алдында күт төзіммен,

Біл, бір күні жарқ етерін шырағың.

Ей, Жан-Шырағым,

Лә таһзан!

Хз. Руми

қалыптаған Ләйлі Құндақбай

Пікірлер Кіру