ИНТЕРНЕТ ДІНИ ҰСТАЗ БОЛА АЛМАЙДЫ

21 қазан 2025 1082 0
Оқу режимі

Қазақтың ұлы ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «…Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп жырлап кеткені анық. ХХІ ғасыр – виртуалды әлемнің ғасыры болғандықтан, қазіргі ақпараттық қоғамда діни білім мен ақпаратты интернеттен іздейтіндер саны күннен күнге артып келеді. Әлеуметтік желілер, бейнежазбалар мен түрлі сайттар діни тақырыптарды кеңінен таратуда. Дегенмен, бұл ақпараттардың барлығы бірдей шынайы, дұрыс және сенімді дереккөзге негізделмейді. Сондықтан интернет – діни ұстаз бола алмайды, ол тек қосымша құрал ғана болуы тиіс.

Біріншіден, дін – өте жауапты және терең білімді талап ететін сала. Діни үкімдер мен түсіндірмелер арнайы білім алған, тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдардың пікірі арқылы берілуі қажет. Ал интернетте кез келген адам өз ойын айтып, діни үкім секілді тарата алады. Бұл – адасушылыққа, теріс ағымдардың таралуына жол ашады.

Екіншіден, интернет арқылы алынған ақпараттың сенімділігін тексеру қиын. Кейбір сайттар мен парақшалар экстремистік немесе деструктивті діни ағымдардың ықпалында болуы мүмкін. Олардың мақсаты – жастардың санасын улап, қоғамда іріткі салу.

Үшіншіден, нақты діни ұстаз бен интернет арасындағы басты айырмашылық – жауапкершілік пен түсіндірме беру мүмкіндігі. Шынайы ұстаз шәкіртінің жағдайын түсініп, нақты сұраққа толық жауап бере алады. Ал интернеттегі бейне немесе мәтін адамның жеке жағдайын ескеріп жауап бермейді.

Төртіншіден, зайырлы мемлекет жағдайында діни білім ресми тіркелген мешіттер мен медреселерде, уәкілетті діни ұйымдар арқылы берілуі тиіс. Бұл – қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Сондықтан жастар мен қоғам мүшелеріне діни сауат алу үшін интернетке емес, ресми діни мекемелерге, білікті теологтарға және ҚМДБ-ның (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) ресми өкілдеріне жүгіну ұсынылады. Интернет арқылы дін жайлы ақпарат алу оңай болғанымен, оның салдары кейде өте ауыр болуы мүмкін. Себебі желіде шынайы білімді мамандардан бөлек, білімі таяз немесе теріс бағыттағы адамдар да пікір таратады. Олардың мақсаты — діни білім беру емес, өз ойларын насихаттау, кейде жастарды адастыру болуы мүмкін. Көп жағдайда адамдар дұрыс ақпарат пен жалған ақпараттың айырмасын ажырата алмай, діни ұстанымына кері әсер ететін мәліметтерге тап болады. Бұл әсіресе жастар үшін қауіпті, өйткені олар дінді енді үйреніп жатқан, көзқарасы қалыптаспаған кезеңде болады.

Сондықтан діни сұрақ туындаса, интернеттен емес, мешіттің имамына, теолог маманға немесе ресми діни басқармаға жүгіну керек. Әлеуметтік желілерде белгісіз парақшалардың уағыздарына сыни көзқараспен қарау қажет. Әр ақпараттың дереккөзін тексеру – әр адамның өз жауапкершілігі.

Діни сауаты бар адам жалған уағызға ермейді, өз сенімін дұрыс қалыптастырады және қоғамда татулық пен тұрақтылыққа үлес қосады. Ал діни сауатсыздық – экстремистік және деструктивті ағымдарға жол ашады. Қорытындылай келе, интернет – ақпарат көзі, бірақ діни ұстаз емес. Дінді үйрену — жауапты іс. Дұрыс діни білім – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің кепілі. Сондықтан діни білімді тек сенімді, ресми дереккөздерден алу — әр азаматтың міндеті мен жауапкершілігі.

 

 А.ЖҰМАШ,

 Ақпараттық түсіндіру жұмыстары және

 БАҚ-пен байланыс бөлімінің маман-теологы

Kazislam.kz

Пікірлер Кіру