ИСЛАМ – ТАБИҒИ ДІН

11 шілде 2024 1790 0
Оқу режимі

Дін дегеніміз – өмірден мән-мағына іздеу, Түп Иеңді көксеу десек, тұтас Әлемнің Дара Құдайы бар екенін мойындау десек, Ақиқат – жалғыз десек, Өзі сүйіп жаратқан пенделерін Жолсыз, Жолбасшысыз қалдырмайтыны да даусыз болса керек… Қиялдан туындаған немесе түпнұсқасы бұрмаланған діндерде адам табиғатына қайшы келер жайлар көптеп кездеседі. Ал, хақ дін Исламның үкімдері – адам табиғатымен үйлесімді болып келеді және осы себепті оны «табиғи дін» деп те атаса болады. Жаппар Иеміз Қасиетті Құранда былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы (фитрасы) сондай. Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді» («Рум» сүресі, 30-аят.). Ал ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисінде былай делінеді: «Әрбір туылған сәби фитрада туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы қылады. Бұл – хайуанның төлін туғаны секілді. Сен одан пұшықтықты көресің бе?» (Бұхари, Муслим жеткізген хадис).

Бұл жерде «енесінің мұрны кесілген пұшық болса, төлі  пұшық болып туылмайды; бүтін, өз табиғат-болмысында туылады» деген мағынада айтылып тұр. Осы аят пен хадисте айтылған «фитра» сөзін ғалымдар «адамның табиғи жаратылысы», «пәк, таза болмысы» деп түсіндіреді. Яғни, «адам баласы Ислам дініне бейім табиғатпен туылады, тура Жол – осы» деген қорытынды шығады. Алайда осы арада «басқа діндегі адам баласы түгел адасуда ма?» деген сауал алдымыздан шығады.

Оған жауапты Ұлы Жаратушының құзырына қалдырып, мәселеге сәл басқа қырынан қарап көрсек. Иә, адам баласы туылғанда: адамға ғана тән белгілі бір табиғатпен, болмыспен дүниеге келеді һәм ол болмысы тұтас Жаратылыспен үндес, үйлесімді күйде болады. Енді «Фитра» дегеніміз – Ислам» деген тұжырымға тоқтай отырып, «ислам» сөзінің мығынасын еске түсірейік: «тыныштық, амандық, татулық, келісім, сенімділік, бойұсыну, сәлеметке жету, ықылас және шынайылық» деген ұғымдарды қамтиды. Яғни, кең тұрғыда алсақ, мынадай қорытынды шығады: «Бір Құдайға бойұсынып; өзара қарым-қатынаста шынайылық қалпымызды, адалдық пен сенімділікті, келісімді сақтап өмір сүрсек – тыныштық пен берекеге, амандық пен татулыққа қол жеткіземіз; Исламмен өмір сүру дегеніміз осы!»

Осы арада адамзат ақыл-ойы алыптарының бірі, неміс халқының перзенті, ақын Гетенің мына сөзін еске алуға тура келеді:

 «Анау-мынау нәрсе туралы оңды-солды ой толғау – қандай ақымақтық. Егер Ислам – Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз!» Яғни, біз қандай сенімнің жетегінде жүрсек те, Дара Құдайдың жаратқан Әлемінде, Жаратушымыздың назарында, Ұлы Раббымыздың бекіткен заңдылықтарының ішінде ғұмыр кешіп жатырмыз және барар жеріміз де – Жаратқанның құзыры. Яғни «ислам» сөзін –  «бір діннің атауы» деп емес, «ұғым», «болмыстың атауы» деп кең мағынада түсінсек, онда: «Ислам – Құдайды Бір деп тануды әрі Оған бойұсынуды; жаратылыс заңдарымен үндес өмір сүруді үйрететін Жалғыз-Дара Құдайдың жалғыз діні» деген сөз. Тарихи тұрғыда «соңғы» болғанымен, мазмұн-мағынасы тұрғысынан «бүкіл діндерді бойына қамтыған тұтас, Толық дін»…

Ендеше Ислам – адам болмысымен, табиғатымен үндес табиғи дін! Енді осы тұжырымды ақыл таразысына салып көрейік. Жалпы дін ұстану «құлшылық» ұғымымен, яғни сол дінде айтылған үкімдерді орындаумен жүзеге асырылады. Осы қырынан алсақ, Исламның табиғи дін екені анық көрінеді.

 Мысалы, ата-ананы сыйлау – құлшылық әрі адам жанын жадырататын табиғи хәл, баланы дұрыс тәрбиелеу – құлшылық әрі табиғи ұмтылыс, туыстармен жақсы қарым-қатынаста болу – құлшылық әрі өзіңді бақытты сезінудің табиғи тәсілі, жұбайыңа адал болу – құлшылық әрі табиғи рахат сезімі, жақсылық жасау – жүрегіңді жылытатын, қуанышқа бөлейтін харекет; жаман сөз айтпау – кикілжің мен қырқыстан сақтайтын, сыйластықты арттыратын амал. Дінімізде бұйырылған осы дүниелердің барлығы – адам табиғатына еш қайшы келмейтін; адам жанын мазасыздыққа, торығуға салмайтын; қайта тіршіліктің берекесін кіргізетін қарапайым-табиғи нәрселер. Тура осы сияқты намаз оқу да – құлшылық әрі табиғи хәл. Өйткені, намаз – Жаратқан Иеңмен байланысты сезіну, Оның сені көріп, естіп тұрғанын, саған ерекше қамқор екенін түйсіну. Ал бұл хәл – жан тыныштығының бірден-бір кепілі…

Исламда бұйырылған (рұқсат етілгеннің әңгімесі – бөлек) дүниенің ешқайсысы адам жан-дүниесіне де, қоғам өміріне де, тіпті табиғатпен үйлесімділікке де еш қайшы келмейді. Мысал келтірсек: арақ және есірткіні харам қылу – адам баласының ақыл-есін қорғайды; өсек пен ғайбатты харам ету – адамның  ар-ожданы мен абыройын сақтайды; зинақорлықты харам ету – адамның намысы мен ұрпағын, тектілігін қорғайды; ұрлық, құмар, парақорлық пен өсімқорлыққа тыйым салу – мал-мүлікті, қоғамдағы әділеттілік пен тыныштықты сақтайды…

«Фитра» ұғымына қатысты оқиға Миғраж түні туралы хадисте де кездеседі: «Сосын маған екі ыдыс әкелді. Оның бірінде – сүт, екіншісінде шарап бар еді. Мен сүтті алып, іштім. Сонда маған: «Сен фитраны алдың. Егер шарапты алғаныңда үмметің адасар еді» деп айтылды». Осы хадисті түсіндірушілер мұндағы сүтті: 1-ден – шарап сияқты емес, таза, табиғи дүние; 2-ден – «ақиқат білімнің нышаны» деп санайды. Сондай-ақ Имам Ағзам Әбу Ханифа (Ол кісіге Алла рақым етсін!) өзінің «әл-Фиқһул-әкбар» еңбегінде «фитраға» қатысты талдау жасағанда, оны «Аъраф» сүресінің 172-аятында баяндалған Әлімсақтағы ант туралы оқиғамен байланыстырады. Бұл кітапта былай делінеді: «Алла Тағала Адамның ұрпақтарын белінен зәредей түрде шығарып қойды да, кейін оларға («Мен сендердің Раббыларыңмын емеспін бе?» дегенде – жауап беретіндей етіп) ақыл нәсіп етті. Әрі оларға шариғат түсіріп, иманға келуді бұйырып, дінсіз болудан қайтарды. Және олар Аллаға «Иә, Раббымызсың» деп куәлік жасады. Міне, бұл олардың иман келтіруі еді. Сондықтан олар осы фитрада (сенімде, негізде) туылады.

Ал енді кім осыдан кейін дінсіз болса, онда ол (фитрадағы иманды) ауыстырғаны әрі өзгерткені. Кім иман келтірсе әрі растаса, онда оның (фитрадағы иманы) орнығып, әрі жалғасқан болады» (Ризабек Батталұлының аудармасы). Айтқаны тек ақиқат болған сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінің мағынасында: «Естіген дүниеңіз көңіліңізге күмән салып, сау ақылдың сүзгісіне қайшы көрінсе, біліңіз: ол – мен айтқан дүние емес» деген. Тереңірек үңілсек, осы өсиетте де шынайы хақ діннің еш үкімі адам табиғатына, ақылы мен сезіміне қайшы болмайтынын көреміз. «Саяз жүзер ғапылдар қапы қалар, Ақиқат та, дін-дағы – тереңінде» деп Абай хакім айтпақшы, үстірт қараған – нәпсілік тұрғыдан қараған пенде ғана Исламнан қате тапқан сияқты болады.

Өйткені: нәпсі («нафс») – «фитраға» қарсы келетін, оны бұрмалайтын болмыс, құбылыс. Яғни Исламның тереңін түсіну үшін өз «орталығыңды» рухыңа-жүрегіңе тұрақтандыру қажет, ал бұл үрдіс – жиһадтың үлкені…

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру