ИСЛАМ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖЫЛ: РҰҚСАТ ПА, ӘЛДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН БА?

27 желтоқсан 2024 494 0
Оқу режимі

Жаңа жылды тойлау мәселесі ислам дінінде мәдени және тарихи контекстке, шариғи нормаларға, сондай-ақ қоғамның заманауи қажеттіліктеріне байланысты әртүрлі тұрғыдан талқыланатын өзекті мәселе.

Ислам шариғаты тұрғысынан бұл сұраққа ғылыми жауап беру үшін бірнеше негізгі аспектілерді қарау керек болады. Сосын жаңа жылды тойлау мәселесін ислам тұрғысынан бағалауда ең алдымен әдебиеттерге негізделген дәлелдер мен дәйектерді қолдану маңызды. Төменде келтірілетін тұжырымдар классикалық және заманауи ислам әдебиеттеріне, хадистер жинақтарына, сондай-ақ ғалымдардың пікірлеріне негізделеді:

1. Исламдық аспектіде қарастыру

Исламда бекітілген екі ғана діни мереке бар.

Біріншісі: Ораза айт (Ид әл-Фитр): Рамазан айының аяқталуын атап өтетін мереке.

Екіншісі: Құрбан айт (Ид әл-Адха): Құрбандық шалу арқылы Ибраһим пайғамбардың (а.с) дінге деген адалдығын еске алатын мереке.

Құранда:

Әрбір үммет үшін біз құрбандық шалу рәсімін бекіттік… (Хаж сүресі- 34).

Бұл аятта әрбір үмметтің өз мерекелері бар екенін көрсетеді. Мұсылмандар үшін бұл Құрбан айт пен Ораза айт мерекелері. Имам Қуртуби бұл аяттың негізінде мұсылмандардың өздеріне тән мерекелерді ғана ұстануы керектігін түсіндіреді [1].

Хадисте:

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) Мәдинаға келгенде жергілікті халықтың басқа да мерекелерді атап өтіп жатқанын көріп:

Алла Тағала сендерге олардан жақсырақ екі күнді (Ораза айт пен Құрбан айт) сыйлады – деген (Әбу Дәуіт, 1134) [2].

Бұл хадис исламда діни мерекелерді бекітудің Алланың ғана құқығында екенін көрсетеді. Жаңа жыл тойлау исламдық мереке болмағандықтан, оны шариғат тұрғысынан діни міндет ретінде қарастыру дұрыс емес.

Исламда хижра (ай күнтізбесі) негізіндегі күнтізбе қолданылады. Ислам күнтізбесіндегі жаңа жыл мұхаррам айының 1-ші күні басталады, бірақ бұл күнді арнайы тойлау немесе мерекелеу шариғатта бекітілмеген.

2. Жаңа жылдың діни негізі

Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Рим императоры Юлий Цезарь күнтізбені реформалап, қаңтардың 1-ін жылдың бірінші күні ретінде бекітеді. Осылайша, бұл күн Янус құдайымен тығыз байланысты болып, ескі мен жаңа жыл арасында өтпелі кезеңді бейнелейді.

Жаңа жылдың дәл осы күнге ауысуы Янус құдайының символикасымен сәйкес келеді. Римдіктер бұл күнді Янусқа құрбандық шалу, болашаққа тілектер тілеу және жақындарымен сыйлық алмасу арқылы атап өтетін болған. Қаңтар айы оның құрметіне аталған (“Ianuarius” – Янус айы).

Ақиқатында, бұл күннің шығу тегі христиан немесе ислам дініне мүлдем қатысы жоқ. Жаңа жыл мейрамы тарихи тұрғыда римдік пұтқа табынушылық дәстүрлерінен шыққаны, кейіннен христиандық мәдениеттің бір бөлігіне айналғаны айтылады. Сондықтан, христиандарға тән әрекеттерді мұсылманның орындауы Пайғамбардың (с.а.у) мына хадисіне қайшы келеді: Кім бір қауымға ұқсауға тырысса, ол солардан саналады – деген (Әбу Дәуіт, 4031) [2]. Мұсылман ғалымдары бұл хадиске сүйеніп, басқа діндерге тән әдет-ғұрыптарды қабылдамауды ұсынады.

Ибн Таймия бұл хадиске түсініктеме беріп:

Мұсылмандар өзге дінге тән салт-дәстүрлер мен мерекелерге қатыспауы тиіс, себебі бұл олардың ерекшелігін жояды – деп жазады [3, 1-т, 207 б].

Ибн Бааз жаңа жылды қаңтардың 1-інде тойлау – римдік Янус құдайына және кейінірек христиандық Иса пайғамбардың туған күніне (Рождествоға) байланысты рәсімдерден шыққанын алға тартып, мұндай негіздер исламда ширкке жақын деп қарастырылады деген [4, 3-т, 28-б].

3. Әлеуметтік және мәдени тұрғыдан қарастыру

Жаңа жыл қазіргі уақытта көптеген елдерде діни мазмұннан гөрі мәдени сипатқа ие болды. Бұл күнді отбасы мүшелерімен уақыт өткізу, жаңа жоспарлар құру, халал шеңберде көңіл көтеру сияқты бейтарап іс-әрекеттермен атап өтуге болады. Егер бұл шаралар ислам қағидаларына қайшы келмесе, шариғи тұрғыдан қатаң тыйым салынбайды. Мұсылман ғалымдары мәдени дәстүрлердің шариғатқа қайшы келмейтінін бірауыздан атап өтеді. Ибн Қайымның еңбектерінде: “Егер мәдениет шариғат қағидаларына сәйкес келсе және күнәлі әрекеттерді қамтымаса, онда оны ұстануға рұқсат етіледі,” – делінген [5, 1-т, 441-б].

Шейх Юсуф әл-Қардауи:

Егер жаңа жылды тойлау діни рәсімдерден бөлек, тек отбасы арасында уақыт өткізу немесе жақсы ниетпен жоспар құру ретінде қарастырылса, оны күнә деп санауға негіз жоқ – деген [6, 341-б].

Шейх Ибн Усаймин:

“Мұсылмандар өзге діндерге тән салт-дәстүрлерді қайталамауы керек. Бірақ егер бұл дәстүрдің діни емес, тұрмыстық не әлеуметтік мәні болса, оны харам деп кесіп айту қиын,” – деген [7, 2-т,112-б].

Бұл пікірлер заманауи мұсылмандардың кейбір бейтарап дәстүрлерді, мысалға, жаңа жылды тек мәдени тұрғыда тойлауына негіз бола алады.

Жаңа жылды тойлаудың шарттары:

1. Діни рәміздерді қолданбау: Мысалы, шырша тігу немесе Санта-Клаус бейнесін пайдалану.

2. Шариғатқа қайшы әрекеттерден аулақ болу: Ішімдік ішу, орынсыз көңіл көтеру және басқа күнәлі істерден тыйылу.

3. Тойлаудың мақсаты: Жаңа жылды рухани емес, мәдени және бейтарап сипатта атап өту.

Қорытынды

Жаңа жылды тойлау ислам тұрғысынан діни мереке ретінде қабылданбайды және мұсылмандардың діни ерекшелігін сақтау маңызды. Бірақ заманауи қоғамда бұл мейрамды тек мәдени сипатта атап өтуге ғұламалардың кейбіреулері рұқсат береді. Ең бастысы – қандай да бір іс-әрекеттің шариғатқа қайшы келмеуі және адамды Алладан алыстатпауы.

 

Темур АМАНҚҰЛ

 

Негізге алынған әдебиеттер:

1. Әл-Қуртуби, Әл-Жәми ли Әхкам әл-Қуран; Дәру әл-Қутуб әл-Мисрия, Каир, Египет, 1964-1967 жж.

2.Әбу Дәуіт, Сунән Әбу Дәуіт, Дәру әл-рисалә әл-Әламия, Каир, Египет, 2009 ж.

3. Ибн Таймия, Иқтида ас-Сират ал-Мустақим ли Мухалафати Асхаб әл-Жахим; Мажма әл-Малик Фахд ли Басма әл-Мусхаф аш-Шариф. Медина, Сауд Арабиясы, 1999 ж.

4. Шейх Ибн Бааз, Фатауа әл-Ладжна әд-Дайма ли әл-Бухус әл-Илмия уә әл-Ифта, Дәру әл-Муассаса әл-Мамлака әл-Арабия, Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 2000 ж.

5. Ибн Қайым, Ахкам Ахли аз-Зимма; Дәру әл-Ғилм ли әл-Малаин,Бейрут, Ливан, 1991 ж.

6. Юсуф әл-Қардауи, Әл-Халал уә әл-Харам фил Ислам, Әл-Мактаб әл-Ислами, Бейрут, Ливан, 1960 ж.

7. Шейх Ибн Усаймин, “Фатауа Нурун ала әд-Дарб, Дәру әл-Имам Ахмад, Каир, Египет, 2003 ж.

 

Пікірлер Кіру