ИСЛАМДА ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ БАР МА?

16 мамыр 2024 1751 0
Оқу режимі

 Ислам тарихы бастауыларының бірі – мединелік кезеңнен байқағанымыздай, Мәдина шаһары және оның атырабындағы тайпалар бір қоғам, бір мемлекет саналған. Әрбір ұлт, тайпа, ру сол мемлекеттің діни-саяси бірлігі мен тұрақтылығына қарсы келмейтін өз ерекшеліктерін, діндері мен сенімдерін, әдет-ғұрыптарын сақтады.

Егер пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жақтылықты қалап, мұсылман мемлекетінде тек рухани бірлігі мен жақындығы бар мұсылмандардың жасағанын қалаған болса, онда оның бұлай жасауға абыройы да, құдіреті де жетер еді. Тіпті, біраз мұсылмандардың ағайын-туыстарының басым бөлігі пұтпарастар болатын. Бірақ, мұсылмандардың көсемі, бұлай жасамады. Ол туыстық қатынасты үзген жоқ, қайта оған қатты көңіл бөлді, мұсылман емес ұлттарды қуған жоқ, бір мемлекеттің астына шақырып, өз қамқорлығына алды (Әс-сирату ән-Набауйя).

Расында да Мекке шаһарынан көшіп Мәдинаға келген пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа, жас мемлекеттің негізін қалады. Ол бірінші кезекте өзге де дін өкілдерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмылдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды. Ол үшін парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» саясатын іске асырды. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы «Кафирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің, маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Қуран).

Бұл уақытта Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, мәжусилер (отпарастар), мүшриктер (пұтпарастар) және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылары болды. Исламның, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол кездегі басқа дін адамдарына көрсеткен достығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат. Мәдиналық келісім – мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру