Ханафи мәзһабының кең таралуының негізгі себептері

10 наурыз 2020 7556 0
Оқу режимі

Ханафи мәзһабының мұсылман әлеміне кең таралуының діни-канондық, тарихи-географиялық, әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және т.б. себептері бар. Оған қысқаша тоқталар болсақ:

Біріншіден, Имам Ағзам Әбу Ханифа өмір сүрген Ирактағы Куфа қаласы Иран мен Қорасан және Анатолия өңірімен шектесетін еді. Әбу Ханифаның көзі тірісінде-ақ оның бай ілімі таяу маңдағы елдерге тарала бастады.

Әсіресе, Имам Ағзамның шәкірті Мұхаммед аш-Шайбанидің Қорасан аймағына Аббаси билігі тарапынан қазы болып тағайындалып, оның осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азия мен Үндістанға таралуына септігін тигізді. Сондай-ақ, Имам Ағзам Әбу Ханифа және оның шәкірті Мұхаммед аш-Шайбани мәуали (араб емес) ғұлама болатын. Осы себептен де Ханафи мәзһаби араб емес ұлттар арасында кеңінен таралды.

Екіншіден, Имам Ағзам Әбу Ханифаның бел шәкірті Имам Әбу Юсуб Аббаси халифатының Бағдат қаласының бас қазысы болып қызмет етті. Бұл Ханафи мәзһабының билік тарапынан саяси қолдау табуына түрткі болды. Тіпті, Аббаси билеушісі Харун Рашид (763-809) дәуірінде Ханафи мәзһабы мемлекеттік мәзһабқа айналды. Халиф Әл-Мәмун (786-833) мен Мұтасим (794-842) кезінде Ханафи мәзһабының орнын Муғтазали мәзһабы ауыстырғанмен, халиф Уасиктің 812-847 билік құрған кезінен бастап қайтадан Ханафи мәзһабы мемлекет идеологиясына айналды. Халифатта Ханафи мәзһабының салтанат құруы бес ғасырға дейін жалғасты. Одан кейінгі Мәмлүк билеушілері мен Осман халифаты тарапынан да Ханафи мәзһабына қолдау көрсетілді. Осындай саяси демеудің арқасында Ханафи мәзһабы дүниенің төрт бұрышына таралды.

Үшіншіден, Ханафи мәзһабының сауда-саттық саласындағы үкімдері өзге мәзһаб үкімдеріне қарағанда қолайлы еді. Жалпы, Ханафи мәзһабының қоғамдық қарым-қатынасты реттеу үкімдері басқа мәзһаб үкімдерімен салыстырғанда, бұқара халыққа тиімділігімен ерекшеленеді. Әрбір мәселенің шешімі Құран мен сүннетте кездеспесе, Ханафи ғұламалары рай (ақыл) әдісімен үкім шығарады. Әсілі, Рай құқықтық мектебі әрбір істі мейлінше қоғам мүддесі тұрғысынан оң реттеуге тырысады. Осы себептен де Ханафи мәзһабында бір мәселе бойынша екі қияс үкімін шығару мүмкіндігі  туған сәтте истиһсанмен (жеңілі немесе қолайлысы) үкім шығару әдіснамасы қалыптасқан. Бұл қолайлы құқықтық әдіснама да өз кезегінде халықтың Ханафи  мәзһабына деген ықыласын арттыра түсті. 

Төртіншіден, Ханафи мәзһабындағы кәлам негіздері өзге мәзһабтардың үкімдерімен салыстырғанда өзіндік ерекшелікке ие. Мысалы, Ханафиден өзге әһлу сунна мәзһабтарында иман мен амал тұтас қарастырылады. Оларда шариғат бекіткен амалдарды орындамау дінсіздікке баланады. Ал, Ханафи мәзһабында иман мен амал екеуі екі бөлек ұғым ретінде қарастырылады. Шариғат бекіткен амалдарды орындамау тек күнә іс саналып, бірақ, күпірлікке шығарылмайды. Ханафи мәзһабының бұл сенімдік негізі көпшілік қауым үшін өте тиімді еді.

Бесіншіден, Ханафи мәзһабы ұлттардың исламға дейінгі мәдениетінің сақталуына өз ықпалын тигізіп отырды. Ханафи мәзһабында исламнан бұрын қалыптасқан ұлттардың салт-жораларына қатысты екі түрлі үкім беріледі. Құран мен сүннетке қарама-қайшы салттарды тұтынуға шариғат ада-күде қарсы. Шариғатта мұндай теріс салт-жоралар «фасид әдет-ғұрып» болып есептеледі Ал, Құран мен сүннетке қайшы емес ғұрыптарды факиһтер теріске шығармайды. Егер, бір мәселеге қатысты Құран мен Сүннетте нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта бар болса, ол үкім ретінде қабылданады. Оны «сахих әдет-ғұрып» деп атайды.

Ханафи мәзһабы осындай діни-канондық, тарихи-географиялық, әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және т.б. себептердің негізінде  қанатын кеңге жайды. Бүгінде ғаламдағы барша мұсылманның тең жартысынан астамы Ханафи мәзһабын ұстанады. Бұл әлбетте Ханафи мәзһабының артықшылығын әйгілейді.

Мұхан ИСАХАН

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру