Кішкентай «қылмыскер» қайдан шығады?

04 қаңтар 2019 8647 0
Оқу режимі

Сәби үш жасынан бастап «менікі» деген ұғымды біле бастайды. Сол сәттен бастап ата-ана «менікі» деген ұғыммен «біреудікі» дегенді қатар үйрете білуі керек. Біреудің затын рұқсатсыз иемденбеу – үйден берілетін тәрбие. Егер бұл тәрбие баланың бойынан табылмаса, ұрлыққа алып баратынын білесіз бе?

Қарапайымнан бастасақ. Дүкеннен қонаққа деп алынған тәттілер сөренің жоғарғы жағында тұр. Мұны бала білді. Нәпсісін тыя алмаған бала сіз көз ала бергенде, қорапты ашып жеп алды. Бір емес, екі емес. Дастархан дайындар кезде түбінде қоқымы қалған қорапты сөреден алып жатасыз. Сосын «Бұл үйге алдын ала артық бірдеңе алсаң – осы» деп мұңыңызды кімге шағарыңызды білмей, мұрныңыздың астынан сөйлеп жүресіз. Міне, бәрі осы сәттен басталады.

Тәттілерді әкелген соң, «Балам, бұл – қонақтарға, олар келгенде дастархан бос тұрмасын деп алдым. Мынаны ала ғой» деп 2-3 түйір тәтті беріңіз де, «Ал, бұған тиіспе, жарай ма?» деп алдын ала ескертіп қойыңыз. Өзгенің заты екенін шамалап түсіндірген абзал.

Сәби кезінде балалар пісіп жатқан бауырсақты рұқсатсыз алып қоюды ұрлық деп санамайды, сіз де бұлай ойламайсыз. Сәбидің өзгенікі болмаса да, рұқсатпен алу керек дегенді біліп өскені дұрыс. Сыныпта үстел үстінен қаламды алып кету – ұрлықтың кішісі. Бала оны ұрлық деп санамайды, «қаламым жазбай жатқан соң ала салдым» деп құтылады. Негізінде, бұны ұрлыққа алғашқы қадам деп түсіну керек және мұны балаға түсіндіру керек.

Біреудің затын қолды қылудың 3 негізгі себебі бар:

Біріншіден, өзіне қатты ұнаған біреудің затын ардың айқайына қарамай иемдену. 
Екінші себебі – қолындағыға қанағатпен қарамау. 
Үшінші себебі – еркіндіктің және назардың болмауы.

Өзіне ұнаған өзгенің заты. Бала жағдайы бар бола тұрып, біреудің дүниесін дәл қазір иемденгісі келеді. Мұндай жағдай көреалмаушылықтан туады. Үйде барлық тілегі орындалып жүрген бала сыныпқа келгенде елеусіз қалады. Өйткені, өзгеде барды өзіне иемденгісі келеді. Ал, бұл ниеті жерге шарт етіп сынды да қалды. Мұны қалыпқа келтіру үшін әлгі заттың иесін аңдып отырып, ол сыныптан шығып кеткен сәтті сөмкесіне салып алады.

Барды бағаламау. Үйдегі тұрмыс әлсіз. Сыныптастары әдемі көйлек киеді, асханаға қоңырау сайын барады. Ал ол... Бәріне кінәлі солар – «ата-анам». «Жұрт баласына бәрін әпереді, менің жүрісім мынау – жұрттан қалғанды киіп» деп басталатын ішкі жан-айқай ата-ананың құлағына жетер-жетпесі белгісіз. Шынымен жағдай жоқ болса, барға қанағат етуді сезіну керек. Оған жеткізе білу керек. Ал, кейбір отбасыда анасының тапқан табысын әкесі ішіп кетіп, әкесінің тапқан табысы әрі тартса, былай жетпей, былай тартса былай жетпей жатады. Сол сәтте «оларға қараған күнім құрысын» деп, өзгелердің дүниесін қолды қылады.

Мен мындамын. Ішкі дүниемен күрес. Өзінің өмір сүретінін өзгелерге жеткізудің амалы. Кей отбасыда балалар «Күлбикенің» кейпінде жүреді. Мысалы, ол – үйдің жалғыз баласы... еді. Кейін інілі болды. «Айналайын» деген сөздер мұның маңынан өтпей кетті. Барлық назар – інісінде. Барлық тәтті – соның аузында, бар жақсы – оның ойыншығы. Ал ол – шетте. Осы сәтте өзіне назар аудару үшін мектептен бір жаман қылық жасап, «қылмысты» болып келеді. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру