Көбейіп кеткен құрмалар...

13 наурыз 2020 298 0
Оқу режимі

Сахаба Бәшир ибн Саадтың қызы әрі Нұғман ибн Бәширдің қарындасы әңгімелеуде:

Анам Амра бинту Рәуаха (р.а.) мені шақырып, етегіме екі уыс құрма салып берді де:

– Қызым, бұл әкең мен нағашы ағаң Абдуллаһ ибн Рәуаханың тамағы, апарып бере ғой, – деді.

Жолда кетіп бара жатып, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) кездестірдім. Одан әкем мен нағашы ағамның қайда екендіктерін сұрадым. Ол маған:

– Қызым, бері келе ғой, қолыңдағы не нәрсе? – деп сұрады.

– Уа, Расулалла! Бұл құрма ғой. Әкем Бәшир ибн Саад пен нағашы ағам Абдуллаһ ибн Рауахаға шешем беріп жіберді, – дедім.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) :

– Онда бері әкеле ғой, – деді.

Мен етегімдегі құрмаларды Алла Елшісінің (с.ғ.с.) уысына төктім. Құрмаларым қос уысына да толмай қалды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір орамал алдырып, құрмаларды сол орамалдың үстіне шашырата төкті. Сөйтті де жанындағыларға айтып, қаланы айналдыра ор қазып жатқан мұсылман сарбаздардың бәрін тегіс құрма жеуге шақыртты. «Хандақ» шайқасының қарсаңы болатын.

Пайғамбар шақыруымен Хәндақ сарбаздары тайлы-тұяғымен тегіс жиылып келіп құрмаға қол созды. Алайда, бір таңғаларлығы, келген әскерлердің барлығы қанша жесе де орамалда үйіліп тұрған құрмаларды тауыса алмады. Тіпті, тауыспақ түгілі құрмалар өз-өзінен көбейіп, орамалға сыймай кеткен еді.

Иә, бұл сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  тиесілі көп мұғжизалардың бірі ғана.  

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру