Көшбасшы болу оңай ма?

29 наурыз 2019 28559 0
Оқу режимі

Көшбасшы болу – мұсылманға тән қасиет. Алайда, шынайы Көшбасшы мәнсапты талап ете ме? Көшбасшы болу үшін мінез, харизма немесе танымалдылық қажет пе? Осы сияқты сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрелік.

Бірінші болуды қалау, басқалардан оқ бойы озық тұру, алға қойған мақсатына жетпей қоймау – адам табиғатында бар нәрсе. Алайда, бұл тәккаппарлыққа, көре алмаушылыққа, қызғаншақтыққа ұласып, басқалармен жауласуға әкелмеуі керек. Ежелгі грек тарихшысы ПлутархРим императоры Юлий Цезарь туралы келесі оқиғаны баяндайды: «Бір кездері Цезарь Альп таулары арқылы шағын ғана азғантай адамдар тұратын кедей ауылдың жанынан өтіп бара жатқанда, қасындағы жолдастары әзілдеп сұрайды: «Бұл ауылда да атақ-даңққа, бірінші болуға деген құмарлық бар ма?». Сол кезде Цезарь: «Менен сұрасаңдар, мен Римде екінші болғаннан гөрі, осы жерде бірінші болуды қалар едім», – деп жауап берген екен.

Шынайы мұсылман адам қандай жетістікке жетсе де әрдайым өзін екінші орында екенін ұмытпауы тиіс. Себебі, Бірінші қаламаса, адам ешбір мақсатына жете алмайды. Бірінші, әрине – Алла. «Алла қаласа, Алла бұйыртса, Алланың қалауымен жеттім, Алла сәтін салып осы іс жүрді», деген сөздер үнемі жадымызда болуы керек.

Көшбасшы болу – маңызды іс. Ал, енді көшбасшы деген кім? Уикипедияға сүйенсек, көшбасшы – көшті бастаушы әрі басқарушы. Қазақстанның Орталық және Батыс өңірлерінде көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылғына сай қазақ қауымы жиі-жиі қоныс аударып, көшіп-қонып өмір сүрген. Көшті жөн-жосықты жақсы білетін, жер-су жағдайымен жете таныс көшбасшы басқарған. Кейде ұзақ көш жолдарымен көшуге тура келіп, көптеген елді мекендерді басып өтетіндіктен көшбасшы болып ел мен жер тарихымен, жергілікті ру-тайпалардың әдет-ғұрыптарымен жақсы таныс, көпті көрген, көне көз адам тағайындалған. Көшбасшы көштің бағдарын, уақытын, тәртібін ғана қадағалап қоймай, ру аралық қақтығыстарды болдырмайтын мәмілегер, бітімгер, саясаткер адам ретінде көш қауіпсіздігін қамтамасыз еткен[1].

Қазіргі кезде қолданылып келген мағынасы, көшбасшы - (ағылшынша leader – басқарушы)бұл басқа адамдарды, олардың алғашқы ниеті қандай болғанына қарамастан, өзі қалаған нәрсені жасауға көндіре алатын адам болып табылады, сонымен қатар топтағы адамдардың қасиеттері мен қабілеттерін қолдана отырып, оларды көшбасшы мақсатын іске асыруға бағыттай алады.[2]

Ал, исламдық тұрғыдан шынайы Көшбасшы Рух, Жан

Ал енді, шынайы Көшбасшы деп өз өмірін қолына алған, басқаларды емес, ең бірінші өзін өзгертуге тырысатын адамды айтуға болады. Ондай адам өзінің әлсіз тұстарын біледі және соны түзеу жолында өз өзімен күреседі.

Адам көшбасшы болып туылмайды, көшбасшы болып қалыптасады. Көшбасшы болуды бастық болу деп түсінбеу қажет. Біреуді басқару үшін адам бірінші өз өзін, өзінің өмірін басқарып үйренуі керек. Қасиетті Құран Кәрімде: «Расында бір қауым өздерін өзгертпейінше, Алла олардың жағдайын өзгертпейді»,[3] – деп баяндалған. Жоғарыда айтып кеткендей, көшбасшылықты тек үйренуге болады. Ол үшін шынайы Көшбасшыға тән қасиеттерді қалыптастыру қажет:

  • Бірінші қасиет. Мақсатты адам болу. Мақсатқа бағытталған, мақсатқа ұмтылған, жорғалап болсын жете алатын адам болу. «Мақсатсыз адам қанатсыз құспен тең» деген халқымызда ұлағатты сөз бар. Бұл жерде мақсат құстың қанатымен теңестірілген. Қанатсыз құс ұша алмайтыны белгілі және ол құстың ұшуына әсер етумен қатар, әуеде тепе-теңдікті ұстауға бірден-бір құрал. Мақсаты жоқ адам да тек өмірдің ағысымен жүзетін, жаратылғандағы хикметін білмейтін, өмірде кез келген нәрседе тепе-теңдікті ұстауға қабілеті жоқ адам.
  • Екінші қасиет. Сізге пайдасы жоқ нәрселерге «жоқ» деп айта білу. Өмірде бұл сөзді жиі айтуға тура келеді. Мағынасыз телебағдарламалар, кинолар, ютуб желісіндегі бейнероликтер, сізге қатысы жоқ бос әңгіме. Бір хадис шәрифінде екі әлем Сардары (с.ғ.с.): «Мағынасыз бос нәрселерден арылу – мұсылманның Исламдық көркі», – деген. Өкінішке орай, хадистің осы аудармасы пайғамбарымыздың айтқан сөздерінің терең мағынасын бере алмайды. Хадисте мұсылманның бос нәрселерден бас тарту арқылы ихсанға жету сыры сөз болған. Сыртқы тағат-ғибадатымен мықты, табанды, кемшіліксіз дәрежеге жеткен, іштей ихсан сырының шыңына шыққан  мұсылман  мән-мағынасыз бос нәрселерден арылуы керек.
  • Үшінші қасиет. Уақытты жұдырықта ұстау. Уақытын бос өткізген – өмірін бос өткізеді. Себебі өмірдің өзі – уақыт. Уақытыңызды қадағалау сізді уақытты өлтірушілерден уақытты сақтаушылар санатына көтереді. Өз уақытының әрбір минуты, секунды үшін жанталасатын адам – нағыз жеңімпаз. Ол уақытының қадірін біледі, және уақыттан қалай ұтуға болатынын біледі. Тарихқа көз жүгіртсек, атақты адамдар уақытын құр жібермеген. Эйнштейннің киімдерінің бәрі бірдей болған. «Неге» деп сұрағандарға: «Қайсысын кием деп ойланбау үшін», – деп жауап берген екен. Имам Уақи Қарн тек сұйық тамақ ішкен. «Неге» деп сұрағандарға: «Нанды шайнауға жұмсалған уақытта күніге 50 аят немесе хадис оқуыма болады», –деп жауап берген. Кез келген сәтсіздікке мойымайтын Аврам Линкольн бала кезінде бір шаруаның көмекшісі болып жұмыс істейді. Жайып жүрген малдарын тынықтырар уақытты ұтымды пайдаланған ол кітап оқып жүріп, біраз оқу орындарын сырттай оқып бітірген екен. Ол сөйтіп жүріп, ағылшын лицейін, кейін Құқық факультетін мәмамдап, Баро сынағынан өтіп, адвокаттық қызметке кірді. Міне, осындай ерен еңбегінің арқасында Аврам Линкольн АҚШ-тың 16 президенті болды. Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибну Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам  қойып, солардың кез-келгенімен жалғастыра беретін.
  • Төртінші қасиет. Байсалдылық. Қандай жағдай болсын әрқашан сабыр сақтау. Бұл – көшбасшылардың ең маңызды қасиеттерінің бірі. Ешқашан біреуге сіздің байсалды қалпыңыздан шығаруға мүмкіндік бермеңіз. Өміріңізден барлық негативтерді алып тастаңыз. Өмірге шағымданбаңыз, билікке наразылық танытпаңыз, басқаларды өсектемеңіз, болмашы нәрселерге бас қатырмаңыз. Керісінше ұсақ нәрселерге қуана біліңіз, көңіл күйіңізді көтеріп әрдайым күліп жүріңіз. Себебі, мұсылман бауырыңа күлімдеу де – садақа. Қанша жерден біреу сізге зұлымдық істесе де, сабырлы қалпыңыздан таймаңыз. «Жамандыққа жамандық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деп дана халқымыз осы мәселені екі ауыз сөзбен жеткізген. Дінімізде де сабырлық нағыз мұсылманға тән қасиет ретінде саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сабыр – иманның жартысы», – деген. Алланың жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр еткен пенде, күмәнсіз, Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, ақыретте мол сауапқа кенеледі. Бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке қаласында мүшріктердің қолынан талай қиындық көрсе де, өзінің басты мақсатынан бас тартпады. Тас лақтырып, мүбәрак жүзін қан жуса да, болашақта ұрпақтарынан бір адам болса да иман етеді деген сеніммен оларға деген үмітін жоғалтпаған. Себебі, Алла елшісі адамзаттың асыл тәжі, ғаламның рахым нұры, пайғамбарлардың ең ұлысы, баршамызға үлгі болатын тұлға.
  • Бесінші қасиет. Өзіңізге сенімді болыңыз. Көбінесе біз басқалардың көзқарастарын пайымдау арқылы өзімізге баға береміз, ал асылында қандай болғымыз келетінін тек біз шешуіміз керек. Сенімділік – ол белгілі бір істі нәтижелі орындауға деген талпыныс, қолыңыздан келетініне сенімде болу, ол іс нәтижелі болмаса да сізге пайдасы болады, себебі сіз одан сабақ аласыз. Өзіне-өзі сенімді адамдар әрқашан өзі қалаған нәрсесін тез арада бастап кете алады. Сонымен қатар, олар өзіне-өзі сенімсіз жандарға қарағанда шешімді, қандай іске болса да тиянақты әрі өте сенімді болады. Олар өз-өздеріне сенімді болатындары соншалықты істегелі отырған әрқилы істерінен еш қателеспейді. Бұл жайлы АҚШ психологтары сенімді және сенімсіз адамдарды түрлі әдістермен, мәселен бір ғана гипнозбен адамның өзіне деген қорқынышы мен қаншалықты батыл екендігін анықтаған. Өзіне сенімді адамдар тәуелсіз келеді және олар алдағы жоспарларын өздері талдап, өзгелерден бұрын жемісін көреді.
  • Алтыншы қасиет. Өз ортаңызда сұранысқа ие болыңыз және әр істі кемеліне жеткізіп орындаңыз, сонда сіз шынайы лидер (көшбасшы) боласыз. Өзіңізді өзіңіз жаңартып отырыңыз. Кез келген программа, ойын немесе қарапайым iPhone-ды алсақ, жыл сайын жаңа нұсқаларын шығарып отырады және жаңадан адамдарға пайдалы бір-екі дүниелер ойлап табады. Сіз де күн сайын өзіңізді жаңа деңгейге көтеретін пайдалы біліп үйреніп отырыңыз. Ол уақыт талап ететін болса, күндерге бөліп тастаңыз. Малкольм Гладуэлл деген канадалық жазушы, журналисттің айтуынша, кез келген саланың мықты шебері болу үшін 10 000 сағат керек екен. Күніне 2 сағаттан санасаңыз, 5000 күн кетеді, ол деген 13 жыл екен. Мықты футболист, ең мықты теннисші, ең мықты скрипкашы, ең мықты аспазшы, ең мықты режиссер, ең мықты әнші, ең мықты кәсіпкер барлығы өз саласына өмірінің кемінде 13 жылын арнаған.

Егер мен сіздерге 10 000 сағат емес, бастапқы деңгейін меңгеру үшін 40 күн бойы 30 минут жетеді десем сенесіздер ме? Ағылшын тілін үйрену үшін күнделікті жарты сағат жұмсасаңыз, бір жарым айдан кейін нәтижесін көресіз. Advanced болмасаңыз да, intermediate деңгейіне дейін жетесіз. Домбырада шерткіңіз келе ме, шахмат үйренгіңіз келе ме, сайт жасауға әуессіз ба? Онда барлық жағдайда осы әдісті қолданыңыз. Қазақта жақсы нақыл сөз бар: «Жігітке жеті өнерде аз». Қоғамға пайдалы болу үшін, ортаңызда беделге ие болу үшін бірнеше дағдыларыңыз болу керек.

Жоғарыда көшбасшы адамның бірнеше қасиеттеріне тоқталдық. Одан басқа да көптеген қасиеттер жетерлік. Олардың біреуі болмаса да, басқасы кез келген адамның бойынан табылады. Тіпті, барлық қасиеттер бір адамның бойынан табылуы мүмкін. Бірақ ақиқатында біз өзіміздің артықшылықтарымызды білмейміз. Басқалардың қолынан келмесе, «ол істей алмаса, мен де істей алмаймын» деген стереотип түсінікпен өмір сүрудеміз. Керісінше, «ол істей алмаса, мүмкін мен істей алатын шығармын» деп пайымдау қажет. Көшбасшы болу – заман талабы. Өз өмірімізді қолға алмасақ, өзімізге өзіміз қожайын болмасақ, бұл дүние біз үшін асау нәпсінің қалауларын қанағаттандыратын уақытша мекен болары анық.

«Мықты болсаң, өз нәпсіңді жең» деп өсиет қалдырған Хәкім Абай осыны меңзеген деп түсінемін. Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмасын! Әумин!

Көпен Әділет
ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі

 

 


[1] https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D3%A9%D1%88%D0%B1%D0%B0%D1%81%D1%88%D1%8B
[2]https://kk.wikipedia.org
[3] «Рағыд» сүресі, 11-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру