КҮМӘННӘН САҚТАНУ – ТАҚУАЛЫҚҚА АПАРАТЫН ЖОЛ

12 ақпан 2023 3240 0
Оқу режимі

Алланың бұйырғанын орындап,  тыйғанынан тыйылу бақытқа апарар жол екені шүбәсіз. Яғни, Алла тағаланың бізге бұйырғанында өзіміз үшін пайда, тыйғанында тиісінше зиян бар. Алайда, осы екі адал мен арамның ортасында күманды жағдайлар орын алып жатады. Күмәнды жағдайларда біз не істеуіміз керек? Бұл  жөнінде  Бухаримен Муслим (Алла ол кісілерді рахымына алсын) сахихтер жинағында риуаят етіледі:

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ

إِنَّ الْحَلَالَ بَيِّنٌ، والْحَرَامَ بَيِّنٌ، وبَيْنَهُمَا مُشْتَبِهَاتٌ لَا يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ، فَمَنِ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقَدِ اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ، وعِرْضِهِ، ومَنْ وقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وقَعَ فِي الْحَرَامِ

Сахаба Нұғман ибн Баширдан (р.а): Мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқанын естідім:

Ақиқатында, халал белгілі және харам белгілі, ал олардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам өз діні және өз абыройы үшін (одан) арылады, ал шүбәмен айналысушы харамға да баратын болады.

 

Күмәндану көкіректе, жүректе болатын сезім. Жүректе болатын осы дерт адамды түрлі харамға жетелеуі мүмкін. Сондықтан күмәнді іс-амалдардан сақтануды шариғатымыз бізге бұйырды. Хадистің жалғасында Алла елшісі:

أَلَا وإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، أَلَا وهِيَ الْقَلْبُ

«Құлақтарыңды ашып тыңдаңдар, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде    ол – жүрек» - деді

Жүректің тазалығы иман еткен әрбір құлды өзінің Раббысынан шынайы қорқуға жетелейді. Сол себептен күмәннан сақтану тақуалыққа апаратын жол болмақ.

Суфиян әс-Сәури: «Ақиқатында, оларды тақуалар (муттақун) деп атай бастады, өйткені олар (әдетте адамдар) сақтанбайтын нәрселерден сақтанатын еді» деп күмәннан сақтанушылардың артықшылығын тілге тиек еткен.

 

Күмәнді істерден аулақ болу харамға барудан сақтайтын болса, харамнан сақтану тілеген дұға тілектеріміздің қабыл болуының бірден-бір кепілі.

Алла тағала бізідарлық дүние-ақыретімізге пайдалы болған істермен шұғылданып, харамға апарар күмәнді істерден сақтасын!

 

Жасұлан Абуталіп

Ырыскелді қажы мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру