МӘДЕЛІҚОЖАНЫҢ БІР СӨЗІ
Мәделі Жүсіпқожаұлы — 1816-1888 жылдары өмір сүрген қазақ халқының біртуар азаматтарының бірі, сөз зергері, ұлт болашағы жолындағы күрескер, батыр.
Қоқан ұлықтарының әділетсіздігін аяусыз әшкерелеген. Отты жырларымен елдің еңсесін көтеруге үн қосқан дауылпаз ақын, сол кезеңдегі билікке қарсы бірнеше көтерілістер мен қақтығыстарға қатысқан.
Бір дәуірдің энциклопедиясындай болатын бай мұра қалдырған Мәделі батыр жырлары сол кезеңнің тарихи шындығын, ұлттың мұң-мұқтажын жырлап, қазіргі зерттеушілерге мол дерек береді.
Төмендегі өлең Мәделіқожаның ел үшін қабырғасы қаншалықты қайысатынын,ел деп еңірегенін дәлелдейтін бір құжат.
Патшалық Ресей хан тұқымының өзара қырылыстырып, хандық жүйені әбден әлсіретіп барып хан тұқымын құртсақ болды билікті өздеріңе береміз, сендерді құртып жүрген өз хандарың, қара халықтан хан сайлап алып, өз еліңді өзің билейсің дегенге елірген ру басылары хандық жүйеге қарсы шығып, ақыры билікті құртып бітті.
Ел ақ патшаның қолына қарап қалған билікті мойындады, 5-10-жылдан соң жағдай күрт өзгеріп жүре берді;
Ақ патша әділмін деп сендіріп тұр,
Аузынан шыққан сөзін ем қылып тұр,
Ой мен қыр, жер мен суға ие болып
Әр жерден қазық қағып, белгі ұрып тұр.
Қарыстап қара жерді бөлдіріп тұр,
Көнбегенді күшпенен көндіріп тұр,
Қарсыласқан түсер деп тас қамалға
Төбеңнен зеңбірегін төндіріп тұр.
Ел сорлы бәріне де көндігіп тұр,
Дария бойын сел қаптап, сең буып тұр,
Хакімге момындардың малын шашып,
Пысықтар жанын жалдап шен қуып тұр.
Аузымен хан-қараны тең қылып тұр,
Ұзын арқан-тұсауды кең қылып тұр,
Зұлымның мәртебеге қолы жетіп,
Арада момын жатқан ел құрып тұр.
Біреуді артық, біреуді кем қылып тұр,
Біреудің айтқан сөзін жөн қылып тұр,
Құдай да қудың жағы болған білем
Момынды әкеп залымға жем қылып тұр
-Ру мен руды, ата мен атаны бір біріне айдап салатын сайлау жүйесі құрылды. Бір болыстыққа төрт-бес атаның әулетінен 20-30-үйден кіргізіп ал енді старшын сайлаймыз, кім-кімді ұсынса да еркі бар деген соң, әр ата өз лағын теке қойғысы келіп таласқа түсті. Бұл жүйе парасыз, таныс-біліссіз шешілмеді. Бір ата екінші атаның үстінен күнде арыз алып шапқылап, ел ішіндегі бар жағдайды жат жұрттықтың қолына айнадай етіп салып берді.