МАЗХАБ ҰСТАНУ – ҚҰРАН ЖӘНЕ ХАДИСКЕ БЕКЕМДІК БЕЛГІСІ

02 желтоқсан 2021 7258 0
Оқу режимі

Пайғамбар дәуірінде мұсылмандар арасындағы кейбір түсініксіз жайттардың жауабын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі беріп отырғандары баршамызға мәлім. Ол (с.ғ.с.) дүниеден озған соң адамдар білмеген сұрақтарына сахабалардан жауап алып отырды. Сахабалар да асыл дініміздің дамуына бар ынтасымен беріліп, адамзаттың асылынан (с.ғ.с.) алған тәлім-тағылымдарын тарату мақсатында бір жерде тұрақтамай, әр тарапқа діннің аманатын алып, тарап кетті. Сонымен қатар, кейбір сахабалар Мекке мен Мадинада тұрақтап қалды да, сол жердегі дінге жауапты болып қалды. Мысалы, Меккеде Абдулла ибн Аббас, Мадинада Абдулла ибн Омар, Мысырда Абдулла ибн Амр ибн Ас болса, Куфада Абдулла ибн Масғуд (р.а.) сияқты саңлақ сахабалар халықтың руханиятына жол көрсетіп отыр десек болады. Аталмыш сахабалар өздеріне Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистер арқылы жауап бергендіктен, мазхабтардың қалыптасуына негіз болды дей аламыз.

Сонымен қатар, оларға жеткен хадистер де әртүрлі болды. Бір хадистің өзін әр ғалым әрқилы түсінді. Сондықтан қазіргі уақыттағы кейбіреулердің Пайғамбар дәуірінде ешқандай мазхаб болмаған, мен мазхабқа емес, Пайғамбар хадистеріне еремін деп, сол кездегі ғұлама-ғалымдардың жасап кеткен еңбектерін жоққа шығарып жібереді. Мазхабқа еруді Құран мен хадиске қарсы шығу деп түсіндіретіндер де жоқ емес. Алайда, ақиқатында, белгілі мазхабты ұстану Құран және сүннеттен шыққан жолға ілесу десек дұрысырақ болады. Өйткені Алланың өзі Қасиетті Құранда: «Білмеген сұрақтарыңды білім иелерінен сұраңдар»[1] деген.

Қазіргі таңда танылған төрт мазхаб Ислам үмметінің ауызбіршілігін сақтауда негізгі роль атқарып келе жатқандығы баршаға аян. Аталмыш мазхабтардан басқа жолға еру адасу екендігін көптеген ғалымдар кітаптарында да, уағыздарында да айтудан шаршамады. Бірақ өкініштісі, адамдар бүкіл сұрақтарына аталмыш мазхабтардан жауап таба алмағандай кейіп танытып, жаңадан шыққан ғалымсымақтардың төңірегіне шоғырланып қалды. Оның арты адасу мен мұсылман бірлігіне іріткі салумен жалғасын тауып жатыр. Тағы бір өкінетін жайт, Пайғамбар үмметі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) имам ибн Мәжаның хадистер жинағында келген «Егер араларыңда келіспеушілік пайда болса, көпшілік тарапқа бекем бол» өсиетін естен шығарып қойдық. Хадисте келген «көпшілік тарап» танымал мазхабтардан басқа не болуы мүмкін. Ислам ғұламалары мұсылман сапына сызат түсудің алдын алып, танылған мазхабтардың бірімен жүруімізді ескертіп отырған.

Біздің елімізде де кеңінен жайылған Ханафи мазхабы. Барлық ғалымдарымыз, сонымен қатар мешіт имамдары кешегі ата бабамыз берік ұстанған Ханафи мазхабы негізінде жамағатқа тәлім беріп, мұсылман жамағатының ауыз біршілігіне қызмет етуде. Мазхаб ұстану шариғат талабына сай амал ету мағынасына саяды. Мазхабты жоққа шығару, оны мойындамау адасушылықтың негізгі себептерінің бірі екендігін көптеген ғалымдарымыз тілге тиек етіп кеткен. Ислам дініне сүбелі үлес қосқан қайсы бір ғалымға назар салсақ, оның ғалым болуына қарамастан белгілі мазхабты ұстанғанына куә боламыз. Ал, мужтаһид деңгейіне жеткен ғалым болса, ол адамға тікелей Құран және хадистен үкім шығарып, амал етуіне ешқандай қарсылық жоқ. Мазхабты жоққа шығарудың артында мұсылмандарды күпірлікпен айыптау, олардың қанын адал санау және де мұсылман жамағатының арасына іріткі салу екендігі бәрімізге аян.

Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей ажыраса, мойнындағы Ислам арқанын шешіп тастағаны», – дейді. Шариғатымызда мұсылман үмметінің бірлігі, жамағат біртұтастығы қашанда жоғары қойылатыны белгілі. Ғасырлар бойы небір ғұламалардың өлшеусіз еңбегі сіңген мазхабтарды жоққа шығарып, жамағатты жік-жікке бөлуге тырысқандардың түпкі мақсаты да белгілі. Алла Тағала ашық адасудан сақтасын!

 

 

Ерболат Жүсіпов
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

 


[1] Нахыл 43

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру