Некемен ойнағандар түбінде оңбайды

15 шілде 2019 1033 0
Оқу режимі

Елден сұрар бір өтінішім бар еді. Некемен, талақпен, отбасымен ойнамаңыздаршы, ағайын. Бүгінде ұсақ-түйек нәрселерге бола «ажырасам» деп шығатындар шектен тыс көбейіп барады. Алланың неке деген ұлы шариғатына жеңіл қараған адамның ақыреттегі жағдайы не болмақ? Соны ойлап көрдіңіздер ме? Әйелін қорқыту үшін «ажырасам» дейтіндер де бар. Біздің мешітке қаншама адам етегі жасқа толып жылап, еңіреп осы мәселемен келеді. «Бала-шағамды сағынып кеттім» деп әкелер жылайды. «Күйеуімнің қадірін білмеген екенмін» деп әйелдер еңірейді.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Үш нәрсенің әзілі, шыны болмайды. Олардың шыны да шын, әзілі де шын. Олар: НЕКЕ, ТАЛАҚ, АНТ». Міне, бұл хадис барлық ерлі-зайыптылардың құлақтарына алтын сырға. Ендеше, ажырасу мәселесінде «ойнап едім», «әзілдеп едім», «жай әншейін айта салып едім», «күйеуімді немесе әйелімді қорқытайын деп едім» деп ойлау өте-мөте қауіпті. Сондықтан, ойнаймын деп от басудан сақтасын! Болмашы себептерге бола «талақ», «талақ» деп айту жөн емес. Өйткені ол шынымен де талақ болып қалады. Сөйтіп адам өз жұбайымен зина жасап жүргенін білмейды. Бұл сөзі үшін Алланың алдына барғанда міндетті түрде жауап береді. Біз жеткізуін жеткіздік. Енді арғы жағын әркім өзі шеше жатар.

Алла Тағала еліміздегі отбасылардың берік болуын нәсіп етсін!

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру