Неліктен тозақ тұрғындарының көбі әйелдер?

29 қыркүйек 2018 10774 0
Оқу режимі

Кейде біз өзімізге үнемі жақсылық жасап жүрген бір адамның кенет бізге бір зиян тигізгенін көрсек, оның бұған дейін жасаған барлық жақсылықтарын ұмытып кетеміз. Оған деген сүйіспеншілік пен қадір-құрмет сол сәтте-ақ құлдырап сала береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сенен ешқашан жақсылық көрген жоқпын», - дейтін әйелдерге ескерту жасап, бұл мінездің түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан. Себебі, бұл сипат әйелдің шүкірсіздігіне, қанағатсыздығына алып келеді. Әйел адам күйеуінің әрбір жақсылығына алғыс айтып тұру керек. Бұл - отбасылық өмірдің ең маңызды аспектісі.

Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған тозақ көрсетілді де, мен оның көпшілік тұрғындары күпірлік (бұл сөз иман мәселелерімен байланысты емес) танытқан әйелдер екенін көрдім», – дейді. Сахабалар одан: «Олар Аллаға күпірлік еткен бе?» – деп сұрайды. Ол: «Жоқ, олар өздерінің күйеуіне қатысты күпірлік көрсететін. Олар күнде жақсылық жасап жүрген күйеуінің бойынан кенет өзіне ұнамайтын бірдеңе көре қалса, міндетті түрде: «Мен сенен ешқашан еш жақсылық көрмедім» дейді», – деп жауап береді[1].

Имам Ибн Хәжар әл-Хайтами «Тозақ тұрғындарының көбісі – әйелдер...» деген хадис жайлы былай деген: «Мұның себебі – олар Аллаға, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және өздерінің күйеулеріне аз мойынсұнады, сондай-ақ үйден шығарда әрленіп, әтірленіп адамдарды азғыруға салады» («әз-Зәуажир») Ал келесі бір хадисте: «Өзінің күйеуіне тәуелді бола тұра, оған рахметін білдірмейтін әйелге Алла қарамайды» - делінген[2].

Ендеше, күйеуіңіздің бар болғанына және сіз үшін істеп жатқан аз-кем жақсылықтарының барлығына риза болып, оны алғысқа көмуден жалықпаңыз. Күйеуіңізге риза болағаныңыз – Алланың жазғанына, тағдырына разы болғаныңыз. Сізден де жағдайы төмен адамдарға қараңыз да оны жегідей жей бермеңіз. Алла Тағала барлық ерлі-зайыптыларға тату-тәтті, баянды ғұмыр кешуді нәсіп етсін!

 


[1] Бұхари, Муслим
[2] Нәсаи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру