«... Оларға Раббыларының сыйлықтары бар»

29 мамыр 2019 9707 0
Оқу режимі

Шариғаттың бұйырған әрі қызықтырған жақсылықтардың көкжиегі өте кең. Сол жақсылықтардың бірі – садақа жасау, мұқтаждың мұңын бөлісу, қайырымдылықта жарысу.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَنفِقُوا مِن مَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ فَيَقُولَ رَبِّ لَوْلَا أَخَّرْتَنِي إِلَى أَجَلٍ قَرِيبٍ فَأَصَّدَّقَ وَأَكُن مِّنَ الصَّالِحِينَ

 «Сендерден біреулеріңе өлім келіп: «Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең де садақа беріп, ізгілерден болсам» деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден тиісті орынға жұмсаңдар»;[1]

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ

 «Тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла, тағы есесін береді. Ол, ризық берушілердің ең жақсысы»;[2]

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرًّا وَعَلَانِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

 «Сондай малдарын күндіз-түні жасырын және жария Алла жолында жұмсағандар, сонда оларға Раббыларының сыйлықтары бар. Сондай-ақ, оларға қорқу жоқ және әрі олар қайғырмайды»,[3] – деген.

Осы бапта Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

اَلْيَدُ الْعُلْيَا خَيْرٌ مِنْ الْيَدِ السُّفْلَى، وَابْدَأْ بِمَنْ تَعُولُ، وَخَيْرُ الصَّدَقَةِ مَا كَانَ عَنْ ظَهْرِ غِنًى، وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللهُ، وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللهُ

«Береген қол, алаған қолдан жақсы, (садақа беруді) жақындарыңнан баста. Садақаның ең жақсысы – қажеттілік тысынан берілгені, кім тіленшіліктен сақтанса, Алла оның абыройын сақтайды, кім қанағат етсе, Алла оны байытады»,[4] – дейді.

Хадис құдсиде Алла Тағала :

يَا ابْنَ آدَمَ أَنْفِقْ أُنْفِقْ عَلَيْكَ

«Уа, адам баласы! (Өзгелердің кем-тетігін толтырып) кеңдік таныт, сонда Мен де саған кеңдік танытамын»,[5] – деген. Осылайша, кімде-кім жақсылық жолында дүниесін сарп етер болса, Алла Тағала оның дүниесіне береке кіргізетінін уәде етуде.

Мұсылмандардың барлығына бірдей үлгі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да өте жомарт жан болған. Ол (с.ғ.с) қасындағыларға қолындағысын бергенді жақсы көретін. Біреуден бір нәрсе алғаннан көрі біреуге бір нәрсе берсе қаттырақ қуанатын. Жақсылық жасауда алдына  жан салмаған. Мұқтаж адамды көрсе, өзі мұқтаж бола тұра, сол мұқтаждың қажетін өтейтін. Қолындағы тамағын, үстіндегі киімін де бере салатын. Садақа-хайыр жасауға тек сөзімен емес, өзінің (с.ғ.с) мысалында ісімен қызықтыратын.

Бірде Пайғамбардан (с.ғ.с) сахабалар: «Ең жақсы садақа қандай садақа?» – деп сұрағанда:

أَنْ تُصَدِّقَ وَأَنْتَ صَحِيحٌ شَحِيحٌ، تَخْشَى الْفَقْرَ، وَتُأَمِّلُ الْغِنَى، وَلَا تُمْهِلُ حَتَّى إِذَا بَلَغَتِ الْحُلْقُوم قُلْتَ: لِفُلَانٍ كَذَا وَلِفُلَانٍ كَذَا، أَلَا وَقَدْ كَانَ لِفُلَانٍ

 «Ең жақсы садақа – денің сау, дүниеге құмар, кедейліктен қорқып, байлықты қалайтын кезіңде бергенің. Оны жаның алқымыңа жеткенге дейін кешіктірме. Ол кезде: «пәленшеге мұнша, түгеншеге сонша» деп бөлмесең де, ол онсыз да басқаның қолына кетеді ғой»,[6] – деп жауап берген екен.

Садақа беріп, кеңдік танытудың көптеген артықшылықтары бар. Егер адам таза еңбегімен тапқан, еш арам араласпаған дүниесінен садақа берсе, Алла оның садақасының сауап еселеп арттырады. Пайғамбар (с.ғ.с) бұл туралы:

وَمَا تَصَدَّقَ أَحَدٌ بِعِدْلِ تَمْرَةٍ مِنْ كَسْبٍ طَيِّبٍ إِلَّا أَخَذَهَا الرَّحْمَنُ بِيَمِينِهِ ، فَيُرَبِّيهَا لِصَاحِبِهَا كَمَا يُرَبِّي أَحَدُكُمْ فَلْوَهُ أَوْ فَصِيلَهُ ، حَتَّى تَصِيرُ التَّمْرَةُ أَعْظَمَ مِنْ أُحُدٍ

«Кімде-кім адал кәсібінен бір құрманы дағы садақа етсе, Рахман оны оңымен (берекетімен) алады. Қайсы бірің құлыны мен көшетін қамқорлықпен өсіретін болса, Алла да оны иесіне солай қамқорлықпен өсіріп береді, сөйтіп оның бір құрмасы Ухуд тауынан да алып болып үлкейеді»,[7] – дейді.

Сонымен қатар, садақа жамандықтарды өшіріп, күнәларды кешіреді. Пайғамбар (с.ғ.с) бұл туралы:

الصدقة تطفئ الخطيئة كما يطفئ الماء النار

«Садақа су отты өшіргендей күнәларды өшіреді»,[8] – деген.

Садақа беру – мал-дүниеге береке кіргізеді. Пайғамбар (с.ғ.с) айтады:

ما نَقصت صدقةٌ من مال

«Садақа берумен мал азаймайды».[9]

Садақа беруші қияметте Алланың көлеңкесінде болатын адамдардың қатарында. Пайғамбар (с.ғ.с) айтады:

سبعة يظلهم الله في ظله يوم لا ظل إلا ظله...  ورجل تصدق بصدقة فأخفاها حتى لا تعلم شماله ما تنفق يمينه

 «Еш көлеңке болмаған күні Алла Өз көлеңкесіне жеті топ адамды алады. олар: ... оң қолымен берген садақасын сол қолы байқамаған адам...»[10].

Сонымен қатар, ең жақсы садақалардың бірі – жалғасын тапқан садақа. Ол адамның дүние салғанынан кейін де өзіне сауап әкеліп тұрады. Бұл туралы пайғамбар (с.ғ.с):

إذا مات ابن آدم انقطع عمله إلا من ثلاثة، إلا من صدقة جارية، أو علم ينتفع به، أو ولد صالح يدعو له

 «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жалғасып тұрған садақа, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ»,[11] – деген.

Міне, кімде-кім қайырлы істе жарысып, мұқтаждардың қажетін өтеп, қайыр-садақасын берсе, ол адамдар осындай зор сауап пен мол игіліктің ішінде қалады. Алайда садақа беруші адам мына нәрселерге көңіл бөлгені жөн: садақа бергенде Аллаға деген шынайы ықылас; садақасын нашармен араластырмау, яғни таза жолмен табылған болуы керек; садақасы жарамды болуы, яғни, ашыған тамақ, жыртылған киім, істемейтін құрылғы болмауы керек; садақаның артынан міндетсіну мен ауыр сөз айпауы керек; садақасын рияға айналдырмауы тиіс.

Алла Тағала барша жомарттық жасап, қайырымдылыққа атсалысып жүрген жұртшылықтың қолындағысына берекесін арттырып, үй ішін қуанышпен шаттандырсын, қос дүниеде бірдей бақытты қылсын.

Наурызбай қажы Тағанұлы

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының өкілі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы


[1] «Мунафиқун» сүресі, 10-аят.
[2] «Сәбә» сүресі, 39-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 274-аят.
[4] Бухари, Муслим
[5] Бухари
[6] Муслим
[7] Бухари, Муслим
[8] Тирмизи

[9] Муслим

[10] Бухари, Муслим

[11] Муслим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру