ОСМАН МЕМЛЕКЕТІ ТҰСЫНДАҒЫ АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕДРЕСЕЛЕР

13 мамыр 2024 1988 0
Оқу режимі

Дәрул-хадис: Осман мемлекетінен бұрын да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін және ғылымын оқытатын Дәрул-хадистер ашылғанын айтып өткенбіз. Бұл дәстүрді жалғастырған Османлылар да көптеген хадис оқу орындарын ашты. Бұлардың алғашқысы І Мұрад дәуірінде Чандарлы Хайриддин паша салдырған Изник Дәрул-хадисі. Осман Дәрул-хадистерінде хадис ғылымынан басқа тәпсір, фиқһ сияқты басқа да Ислами ғылымдар оқытылды. Хадистен Сахихул-Бухари, Сахихул-Муслим, Машақирул-әнуар сияқты белгілі хадис кітаптары мен түсіндірмелер оқытылып, медреселердің мұғалімдері «мухаддис» деп аталды. Бұл медреселерге шәкірт болып қабылдану үшін жалпы білім беретін медреселерді бітіру керек еді. Дәрул-хадистер де өз арасында әртүрлі дәрежелерге бөлінетін. Архитектуралық жағынан медреселерден айырмашылығы жоқ Дәрул-хадистер ертеден арнаулы медреселер делініп келді. Бірақ тарихқа қарасақ, бұлай аталған медреселердің барлығының арнаулы оқу орны болмайтыны сияқты аймақтық жерлерде де болмайды. Бір жағынан Дәрул-хадистердің архитектуралық құрылысы мен көлемі, мударристердің дәрежелері назарға алынса, бұл оқу орындарының барлығы бірдей арнаулы медреселер еместігі белгілі болады.

Дәрут-тыб: Османлыда алғашқы Дәрут-тыб ХV ғасырда Йылдырым Баязид салдырған Бурса Дәруш-шифасы. Бұл Дәруш-шифа тез арада үлкен атаққа ие болды. Осы ғасырдың соңында ІІ Мұрад заманында Мұқбилзада Мүмин атты дәрігер шықты. Оның «Захира-и-Мурадия» деп аталған еңбегінде көбіне көз аурулары жайында жазылған. Бүгінге жеткен Ислам ауруханаларының көбі Османлыдан қалған. Османлы Дәруш-шифаларының маңызды архитектуралық ерекшелігі, олардың жами, медресе, асхана, керуенсарай, монша, кітапханадан тұратын үлкен кешен құрауы[1]. Бұл ауруханаларда христиандарға, әйелдерге арналған жеке бөлмелер бар еді.

Дурул-қурра: Османлы оқу-ағарту жүйесіндегі арнайы білім беретін оқу орындарының бірі Дәрул-қурралар болып табылады. Жами қызметшілері осы жерді бітіріп шығатын. Бұл оқу орындары оқытылған дәрістеріне байланысты мешітте және мешіт жанында ашылған. Алғашқы Османлы Дәрул-қуррасы Бурсадағы мешітте ашылған Йылдырым Баязид Дәрул-қуррасы. Бұл оқу орындарының директоры «Шейхул-қурра» деп аталатын. Олар сол дәуірдегі ең жақсы Құран оқушылар еді. Дәрул-қурраларда дәріс кітабы Шәмсуддин Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Жазаридің (өл. 833/1429) «әл-Жазариі», қырағат ілімінде Әбу Мұхаммед әш-Шатибидің «Шатибия» атымен танымал болған «Қасида-и-амалиа» кітабы оқытылатын.

Осман медреселері мемлекеттің құрылуымен бірге салына бастап, Фатих заманындағы куллиялар (университет, кешенді құрылыс) кезінде дамып, ең жоғары дәрежеге жетті. Бұл медреселерде қандай дәрістер, қандай кітаптар оқытылатынын анық айту мүмкін емес. VII Османлы падишахы Фатих Сұлтан Мехмед Стамбулды алған соң Хауариюн Сүлейман дәуіріне дейін бұл Сахны Сәман медреселеріне мударрис болу үлкен абырой еді[2]. Стамбулда Сахн және Мусылаи Сахн медреселері салынғаннан кейін Османлы медреселері жаңа жүйеге түсті. Бұл медреселер мыналар:

1. Хашия Тажрид

2. Мифтах

3. Қырықтық

4. Елулік

а) Хариж

б) Дахил

 5. Сахны Сәман

6. Алпыстық[3].

Османлы медреселерінде мударристердің күндік еңбекақылары медресенің дәрежесін көрсетеді. Мысалы: мударристің күндік еңбекақысы 20-25 Османлы валютасы болған медреселер Хашия тажрид немесе жиырмалық медресе деп аталатын. Күніне 30-35 Османлы ақша бірлігі берілетін Мифтах медреселері отыздық деп те аталады. Сахны Сәман медреселері ең жоғары оқу орындары еді. Сахны Сәманға шәкірттер дайындау үшін ашылған тәтиммалар Дахил медреселеріне кіреді. Алпыстық медреселерге келсек олар жайында мағлұмат аз. Медреселердің Фатихтен кейінгі маңызды даму дәуірі Сұлтан Сүлейман кезінде салынған Сүлеймания медреселері. Фатих Сұлтан Мехмедтің Сахны Сәман медреселерінде медицина, математика факультеттері жоқ еді. Падиша, Сулеймания мешітінің жанына медицина медресесі және Дәруш-шифа, математика ғылымдарын оқыту үшін төрт медресе мен Дәрул-хадис ашты. Осылайша Османлы медреселері құқық, дінтану, әдебиет сияқты гуманитарлық пәндерді оқытатын Фатих құрған Сахны Сәман және математика, медицина сияқты жаратылыстану ғылымдары оқытылатын Сүлеймания медреселері болып екіге бөлінді[4]. Сүлеймания куллиясының салынуымен медреселердің дәрежесі жаңадан реттелді. Ең жоғары ғылыми атақ Сәмания Мударристігі емес, Сүлеймания Дәрул-хадисі мударристігі болды[5]. Бұл медреселердің профессор-оқытушылар құрамы да үш дәрежеге бөлінді.

1-дәреже: Кибарул-мударрисин (профессор) деп аталып, бұлардың ішіне мыналар кіретін: Дәрул-хадис, Сүлеймания, Хамиса-и-Сүлеймания және Мусыла-и-Сүлеймания мударристері.

2-дәреже: Харекет-и-Алтмышлы, Ибтида-и-Алтмышлы және Сахн-ы-Сәман мударристері.

3-дәреже: Мусыла-и-Сахн және төменгі медреселердің мударристері[6].

       Хариж және Дахил медреселерін бітірген шәкірт, қаласа Сахны Сәман, қаласа Сүлеймания медреселерінде оқуын жалғастырып, бұларды да бітірген соң диплом алатын[7].

Османлының алғашқы медреселердің ашылуынан басталып, Фатихтың Сәмания медреселерінен кейін бір жүйеге қойылған медресе мен мударристік өте жақсы жұмыс істейтін мекеме еді[8]. Бірақ ХVI ғ. соңғы жағында бұл мекемеде әртүрлі себептермен кейбір кемшіліктер көріне бастады. Бұлар медреселердің құлдырауына, тіпті кейінірек күйреуіне себеп болды. Әр уақытта жасалған реформалар жемісті нәтиже бермеді.

 

ӨТКЕЛБАЕВ Бақытжан

 


[1] Ислам ансиклопедиси, 11  т.

[2] Хасан Али Көчер, Түркияде модерн еғитим доғушу ве гелишими (1773-1923) Стамбул 1992, 10-11 б.

[3] Жеват Изги, Османлы медреселеринде илим, Стамбул 1997 І т. 36 б.

[4] Хасан Али Көчер, Түркияде модерн еғитим доғушу ве гелишими (1773-1923) Стамбул 1992 10-11 б.

[5] Жеват Изги, Османлы медреселеринде илим, Стамбул 1997 І т.

[6] Ахмед Акгүндүз, Сайд Өзтүрк, Билинмейен Османлы, Стамбул 1999 406 б.

[7] Ферит Девеллиоғлу, Османлыжа-Түркче сөзлүк, Анкара 2000

[8] Өрнеклерйиле түркче сөзлүк, Стамбул 2003 ІІІ том.

Пікірлер Кіру