Отбасын ойрандайтын сөз

18 қазан 2019 7441 0
Оқу режимі

Қазіргі уақытта жастар, тіпті орта жастан асқандардың арасында жанұялық қазынаның қадірін білмей, аяқастынан ажырасудың көбеюі ешкімге жасырын емес. Бір өкініштісі, олардың «талақ» сөзін қорықпай қолдануы. Жалпы, талақ сөзі тілдік тұрғыда материалдық және рухани түйінді шешу мағынасын білдіреді. Ал, терминдік мағынасына келсек, белгілі сөздерді қолдану арқылы некені бұзу мағынасына саяды.

Ислам діні жанұялық құндылықтарды маңызды орынға қоятыны белгілі. Алайда, діни білім мен жанұялық құндылықтар жайлы білім аздығынан дініміз талабын аяқ асты етіп жатқанымыз өкінішті. Кейбір білімсіз ерлер «талақ» сөзін қолдану арқылы жанұяда үстемдігін жүргізбекші болса, кей келіншектер ерлеріне «талағымды бер» деп қиғылық салып, қателікке жол ашуда. Дегенмен, ерлі-зайыптылар арасында талақ сөзі қолданылып, болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін де мәселе толығымен шешімін таппай қалады. Ашу басылып, ақыл орнына келген кезде барып, бала-шағаның болашағын ойлағандай, ақыл кеңес, яғни ауыл ақсақалдары мен имамдардың ақыл-кеңестеріне мұқтаждық кейпін танытады. Жастарға жанашырлық танытқан олар да жастардың жанұясы бұзылмасын дегендей үзір іздей бастайды.

Ойланып көрейікші, жанұялық мәселені шешуде талақтан басқа жол жоқ па екен?

Меніңше, жанұя құндылықтарын түсіндіру – білім иелерінің мойнындағы жауапкершілік. Мүмкін жастарға жанұяның мағыздылығы қарапайым сөздермен түсіндірілмеді. Демек, қазіргі уақытта жанұя жарасымына сына қағатын себептерді үйреніп, одан құтылу жолдарын ұсыну – кезек күттірмес мәселе.

Талақ жайлы кеңінен зерттесек, оның ішкі және сыртқы себептері бар екенін көруге болады.  Ішкі себеп – ер мен әйел арасындағы өзара байланыстан келіп шығатын себептер. Ал, сыртқы себептер дегенде өзара байланыстан тыс, яғни сыртқы факторлар. Талақ мәселесін зерттей келе кейбір түйткілді жайттардың кейбір себептерін ұсынамыз.

1.Ерлі-зайыптылар арасында жанұяның маңыздылығы және талақ жайлы мағлұматтың аз болуы. Көбінесе, жастар өздерінің достары айтқан ақыл-кеңеспен шектеліп қалып жатады. Тойдан кейін екі жақ бір-біріне тәуелді болу жақтарын іздестіреді. Өйткені екі жақ жанашырлары оларға алғашқы күннен бастап «тізгінді мықтап ұстау» керектігі жайында кеңестер берген болып шығады. Бірақ олардың кеңестері екі жас арасын жарастырып, байланыстарын нығайтуға алып бармай жатады.

Жанұя байланысы ғасырлар бойы тәжірибеден өтіп, көрініс тауып жатады. Әр ұлттың өзіндік құндылықтар мен ерекшеліктері болады. Жанұя құндылығында имани тәрбиенің орны ерекше. Базардан сатып алынған әр заттың ішінде қауіпсіздік шаралары мен заттың ұзақ мерзімге пайдалану ескертпелері қамтылған. Пенде болған соң аталмыш ережелерге жіті мән беріп, сатып алынған затты ұзақырақ пайдалауға қызығушылық танытамыз. Ал екі дүниеде бақытқа жетуге бірден-бір себеп болатын иләһи нұсқаулықты не үшін жан-тәнімізбен қарап шықпасқа?

Аллаға шүкір, қазіргі уақытта жанұя құндылықтары баяндалған кітаптар мен мағлұматтар баршылық. Тіпті, қажетті мағлұматты әлеуметтік желілер арқылы да көптеп табуға болады.

2. Қазіргі таңда жастар арасындағы ажырасу оқиғаларының тағы бір себебі –– ішімдіктің кесірі. Кеше ғана көтерген жас шаңырақтың тоз-тозы шығарған «талақ» сөзінің көбіне ішімдікке сылқия тойған мас жандардың аузынан ақтарылып жатқаны ешкімге жасырын емес. Алланың пенделеріне кейбір істерді арам етуінің сыры – олардың екі дүниеде бақытқа жетуі. Пенде осы күнәға бой алдырғанда, көбіне жанұялық бақыттан айырылып жатады. Абдулла ибн Амрдан (р.а.) мынадай риуаят жеткізіледі: «Мен Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) арақ туралы сұрап едім: «Арақ – үлкен күнәлардың ең үлкені, азғындықтың басы. Кімде-кім арақ ішсе, намазын тастап қояды», – деп жауап берді». Сондықтан кімде-кім Алланың тыйған ісін көргенде, тілмен немесе қолмен қайтаруы керек.

3. Жанұя бұзылуына себеп болатын істердің бірі – сабырлық пен қанағаттың жоқтығы. Күнделікті күйбең тіршілік ағысында кейде жұбайлар арасында келіспеушіліктер шығып жатады. Асығыстық, тез ашулану немесе өмірлерін басқалармен салыстырып, тырнақ астынан кір іздеу әйел кісіге абырой алып бермейді. Демек, адам ұстамдылық пен қанағатшылдыққа үйрену керек. Пайғамбар (с.ғ.с): «Мүмін мүмінге ашуланбасын. Жақтырмайтын қылығы болса, оның жақсы көрілген қылығы да болуы мүмкін», – деген екен.

Ер адам ашуланғанда әйелінің жағымсыз жақтарын ақтарып тастамай, жақсы жағын да еске алып қоюы керек. Керісінше әйелге кешірімділікпен қарап, жақсы жақтарын көбірек еске алса, жарасымды жанұяға айналары сөзсіз. Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті әрқашан ер адамның жадында болуы керек. Сонымен қатар, бұл жауапкершіліктен әйел заты да сырт қалмауы тиіс. Әйел әрқашан ақылды болып, бейбіт өмір ұранын ту етуі керек. Әйелдің ақылдылығы мен даналығы – ер адам үшін ұмытылмас сабақ. Оның ерін қолдауы, әрдайым жанынан табылып, керек кезінде ақылшысы бола білуі әйелдің көрегенділігі. Бірақ кейде өкінішке орай орынсыз күйеулерінен талақ сұрап, шаңырақ шырқын бұзғысы келетін әйелдер де табылып жатады. Талақ талап ету – мұсылман әйелге лайық болмайтын, күнә іс. Сахаба Сәубаннан (р.а.) келген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Қайсыбір әйел күйеуінен себепсіз талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі арам болады».

Себепсіз күйеуінен талақ сұраған әйелге жәннатқа кіру былай тұрсын, исінің өзі арам етіледі екен. Демек, Алла елшісі (с.ғ.с.) осы хадисі арқылы жанұялық өмірдегі үлкен қиыншылықтардың бірі шешілуде.

Адам өмірінің жанұялық жағында көптеген қиыншылықтардың болуы табиғи. Әртүрлі сынақтарға да жолығуы мүмкін. Ер адам жанұясына шектен шығып, зұлымдықта жасап қоюы мүмкін. Бірақ бір ескертеріміз – бұл қиындықтардан шығу жолы тек талақ емес. Ашу үстінде аңдамай сөйлеп, артынан опық жегенше, жоғарыда айтылған жайттарды саралап, сабыр түбі – сары алтын екенін білгейсіз!

Ерболат Жүсіпов
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру