ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІНІҢ ӨЗЕГІ НЕ?

18 қыркүйек 2023 2880 0
Оқу режимі

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Иеміз адам баласының бақыты үшін түсірген хақ дін Исламның өзегі «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөзде. Осы қасиетті сөзді жүрегіне бекітіп, тілімен айтқан әрбір адам – мұсылман! Осы сөзбен жаны шыққан адам – жұмақтық! «Кәлима» деп аталар бұл қасиетті сөзді «жүреке бекіту» дегеніміз – мағынасын түсініп, мәнін ұғыну: Алла Тағаладан басқа Жаратушы, Басқарушы, Ризық беруші, Жарылқаушы... құдайдың жоқ екеніне және Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) – Алла елшісі екеніне шүбәсіз сену, иман келтіру...

Түпнұсқасында «Ләә иләәһә иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» деп айтылатын кәлиманың «Алладан басқа Тәңір жоқ» сөзі – бізге Жаратқан Иемізді танытса, «Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөз – біздің Тұлғамыздың қандай болу керектігін нұсқаған сөз. Аятта айтылғандай, біз Алла Тағаланы танып және тек Оған ғана құлшылық жасау үшін жаратылғанбыз. Ал, құлшылық дегеніміз – бүкіл өмірді қамтитын ұғым. Өйткені Құран Кәрімде бес парызбен қоса ата-ананы құрметтеу, туыстық байланысты сақтау, отбасылық өмір, адамгершілік қағидаттары, тіпті ас-ауқат, киім әдебі секілді бүкіл тіршілікке қатысты мәселелер түгел қамтылып, Ақ пен Қара ажыратылған. Ұлы Жаратушының сол үкімдерін қалай жүзеге асыруды үйрететін Пайғамбар жолы – «сүннет» деп аталады.

Кеңірек талдасақ, Сүннет дегеніміз – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өнегесі, яғни Алла елшісінің нақты айтқан сөздері, жасаған іс-әрекеттері және өзі істемесе де, сөзбен немесе үнсіз құптаған барлық амалдар. Жалпы, Сүннет болмаса, атадінімізді түсіну мүмкін емес. Өйткені Сүннет – қасиетті Құранның түсіндірмесі, Жаратушы үкімдерінің өмірде іске асу қалыбы...

Бізге өнеге боларлық, идеал болуға лайық бірден-бір Тұлға – жаратылыстың абзалы болған Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) екенін Алла Тағала былай баяндайды: «Расында, сендер үшін: Алланы да, Ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін - Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар...» («Ахзап» сүресі, 21-аят.)

Сүннетті ұстану – Алла елшісіне (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) еліктеу деген сөз: оның тіршілігі мен құлшылығына, мінез-құлқы мен Тұлғасына еліктеу, соған ұқсауға тырысу деген сөз. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Жолымен жүру – Ұлы Раббымыздың разылығына, қамқорлығына бөлену деген сөз. Яғни, Жаратушы Иемізбен арадағы байланысымыз болсын, адамдармен және басқа тіршілік иелерімен болған қарым-қатынасымыз болсын, кез-келген іс-амалымызда, ойымыз бен сенімімізде Пайғамбар өнегесі ғұмырымызға шамшырақ болуы керек. Тек сонда ғана, өміріміз – мәнді, тіршілігіміз – сәнді болмақ; тек сонда ғана Алла Тағалаға деген махаббатымыз шынайы болмақ. Бұған дәлел – мына Құран аяты: «(Уа, Мұхаммед,) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла – аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», - деп айт». («Әли-Ъимран» сүресі, 31-аят.)

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Мен мінез-құлықтарды кемелдендіріп, толықтастыру үшін жіберілдім», - дейді (Муслим жеткізген). Осылайша, барлық елшілер секілді, Алланың Бірлігін (құлшылық-дұға тек Алла ғана арналуы керектігін) түсіндірген Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзіне жүктелген негізгі міндеттің бірі «мінез-құлықтарды кемелдендіру» екенін баса айту арқылы өзінің негізгі миссиясын паш етіп отыр! Бұдан шығатын қорытынды: ХАҚ ДІННІҢ МАҚСАТЫ – АДАМ БАЛАСЫН ЕКІ ДҮНИЕДЕ БАҚЫТТЫ ҚЫЛУ; ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ МАҚСАТЫ – МІНЕЗДІ КӨРКЕМДЕСТІРУ АРҚЫЛЫ, АДАМ ТҰЛҒАСЫН КЕМЕЛДЕНДІРУ! Құран аяттарының мағыналарына тереңірек үңілсек, бұған көзіміз анық жетеді: намаз жамандықтар пен арсыздықтан тыяды; ораза тақуалыққа жетелейді; зекет жомарттықты қалыптастырады; қажылық қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке тәрбиелейді...

Жалпы, мінез-құлық жайлы ой толғаған ғалымдар: «Мінез дегеніміз – адам бойындағы белгілі бір қалып секілді нәрсе. Өмірімізде болып жатқан жағдайлар мен әсерлерге сол қалыптасқан мінез арқылы жауап беріп отырамыз», - дейді. Яғни, мінез – біздің тұлғалық қалыбымыз; сол қалып қандай болса, одан шығатын нәрселердің (ой, сөз, әрекет) барлығы сондай болады. Олай болса, БІЗДІҢ НЕ ІСТЕП ЖҮРГЕНІМІЗДЕН ГӨРІ, БІЗДІҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІМІЗ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ! Мына хадистер осы сөзімізді қуаттайды: «Судың мұзды еріткеніндей, жақсы мінез күнәларды ерітеді. Сірке суының балды бүлдіргеніндей, жаман мінез – амалды (жақсылықты) бүлдіреді» (Табарани, Байхаки жеткізген); «Тәубә қылса кешірілмейтін күнә жоқ. Бірақ, нашар ахлақ иелерінде шынайы тәубә болмайды. Олар бір күнәға тәубә қылса да, онан да жаман екінші бір күнәға ұрынады». (Айша анамыздан Табарани, Асфаһани жеткізген)...

Хадистерде айтылғанындай, көркеммінез – иман кемелдігінің белгісі. Сондай-ақ, «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінез-құлықтан салмақты нәрсе бомайды» (Тирмизи жеткізген) және «Мүмин мінез-құлығының көркемдігімен күндіз ораза ұстаушы мен түнімен намаз оқушының дәрежесінде болады» (Әбу Дауд жеткізген). Көріп отырғанымыздай, мінезі көркемнің алды – кеніш, соңы – пейіш екеніне еш күмән жоқ! Сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадистері бұл сөзімізді дәлелдеген үстіне дәлелдей түседі: «Сіздердің ең абзалдарыңыз – мінез-құлығы жақсы болғандарыңыз» (Бухари жеткізген), «Менің сіздердің араларыңыздағы ең жақсы көретін адамым және Қияметте маған ең жақын болатындарыңыз – мінез-құлқы жақсы болғандарыңыз» (Тирмизи жеткізген).

Сонымен, cүннетті ұстану дегеніміз – сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тіршіліктегі немесе құлшылықтағы іс-әрекеттерін қайталау ғана емес, ол кісінің мінез-құлқы мен Тұлғасына еліктеу, соған ұқсауға тырысу. Түптеп келгенде, БАСТЫ СҮННЕТ – АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ! Құдіретті де Мейірімді Иеміз бізден осыны талап етеді; біздің Пайғамбарға ұқсаған Кемел адам болуымызды жақсы көреді! Ендеше таза болу, адал болу, әділ, мейірімді, жомарт, батыл, кешірімшіл, кішіпейіл болу – Сүннетті ұстану деген сөз!

Иә, «Ләә иләәһә иллаллаһ» – Алла Тағаланы тану болса, «Мухаммадур расулуллаһ» – Жаратушысын таныған жанның мінезі, тұлғасы, Өмір жолы...

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру