ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚАЖЫЛЫҒЫ

02 шілде 2022 6248 0
Оқу режимі

Қажылық – исі мұсылман үмметіне парыз етілген бес ғибадаттың бірі. Мұсылман баласының мал-дүниесімен және дене мүшесімен жасалатын бұл құлшылықтың сыйы – Алла ризашылығы үшін қажылық етсе, ешбір жаман сөз айтпай, жаман іс-әрекет жасамай өтесе, анасынан туған күндегідей бейкүнә һәм пәк күйде еліне оралмақ.

Қажылық – құлшылық мақсатымен жасалатын теңдесі жоқ сапар. Мұсылман туған жерінен қасиетті де құтты мекенге тәнімен де, жанымен де сапар шегеді. Жер бетіндегі ең көне үй – қасиетті Қағбаны тауап етіп, бойдағы дүние кірінен тазарып қайтуға тырысады. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, көріктің оты темір, алтын мен күмістің татын кетіргені сияқты, қажылық пен ұмра күнә мен кедейлікті кетіреді.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 97-аятында: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы...» – деп бұйырады. Яғни шариғатымызда балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі болған әрбір мұсылманның Алла разылығы үшін ғұмырында бір мәрте шариғат белгілеген мерзімде арнайы шарттарға тәуелді құлшылық рәсімдерін орындауға тағайындалған қасиетті орынды зиярат етуі парыз саналады.

Қажылық – жүректегі иманды іс-әрекетпен көрсететін құлшылық. Ихрам киген сәттен бастап «Ләббайкә Аллаһуммә ләббайк, ләббайкә лә шәрикә ләкә ләббайк, иннәл хамдә уән ниғмәтә ләкә уәл мулк, лә шәрикә ләк» деп тәлбия айта бастайды. Бұл сөздер – Алла Тағаланың: «Қажылыққа кел, жан дүниеңді босатып кел, кеудеңді басқан пәнидің тіршілігін тастап кел, жаныңды тазартамын кел, мінәжаттың дәмін татуға кел, Менің сүйіспеншілігімді сезінуге кел, Менің ұлық белгілерімді көруге кел, өзіңді де айналаңды да нұрға бөлеймін кел, екі дүниеде де үстемдік ететін имани нұрға бөленуге кел» деген әміріне жауап. Бұл екі ауыз сөзде пенденің барлық ниеті мен ғибадаты түйінделген. Алла Тағаланың «Қажылық жаса» деген әміріне «ләббәйк» деп Жаратқанның ризашылығын ниет етіп шығумен мұсылман өзінің Жаратушы Иесі барлығынан да қымбат екенін көрсетеді.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 197-аятында: «Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ тұрсын. Әй, ақыл иелері! Нендей хайыр (ізгі іс) істесеңдер, Алла оны біледі. Азық алыңдар. Негізінде азықтың ең жақсысы – тақуалық. Уа, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар», – деп ескертеді. Бұл аяттың басында қажылық жайында баяндалып, кейін тақуалықпен аяқталуының сырын ғалымдарымыз «Қажылықтың адам бойында тақуалық қалыптасуына ерекше әсері болғанынан» деп түсіндірген. Сондықтан қажылық сапары мұсылман баласына тақуалық мектебі болуы тиіс.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Қажылық және ұмраға барушылар – Алланың жер-жерден келген өкілдері және қонақтары», – деп әспеттейді. Демек киелі мекенге жолы түскен кез келген мұсылман өзін осы дәрежеге лайық тұтып, берілген мүмкіндікті құр жіберіп алмағаны жөн. Себебі қажылық жасау – кез келген жанға бұйыра бермейтін бақыт. Біреуге қаржы мәселесі қиынға соқса, енді біреуге уақыт пен денсаулық мұрша бермеуі мүмкін.

Дегенмен, асыл дініміздің тарихына қарар болсақ, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өмірінде бір мәрте үлкен қажылық және төрт мәрте ұмра (кіші қажылық) жасаған. Имам Бұхари және Мүслимнің риуаятында Қатада: «Маған Әнәстің (оған Алла разы болсын) айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төрт мәрте ұмра жасады, барлығы да зұлқағда айында еді, тек қажылықпен бірге жасағаны бөлек», – дейді.

Ғұмырының әр сәті ғибратқа толы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне қатысты бұл жайттарды әрбір мұсылман баласының біле жүргені жөн. Алла елшісі хижреттің 6 жылы Худайбия деген жерге келгенде мүшріктер кедергі болып, Меккеге кіргізбей, сол жерде құрбандығын шалып, шашын алдырып, кері қайтқан. Ал хижреттің 7 жылы ұмра жасап, Мекке қаласында үш күн болып оралған. Үшінші кіші қажылығын хижреттің 8 жылы Хунәйн ғазауатынан кері қайтқан уақытында жасайды. Пайғамбар осы сапарында әуелі Меккеге барып ұмра жасап, содан кейін Мәдинаға оралған. Төртіншісі – хижреттің 10 жылы қажылықпен біріктіріп жасаған ұмрасы.

Ақиқатында, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл қажылық сапары Ислам тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі болды. Екі дүние сардары осы сапарында өзіне жүктелген елшілік миссиясын мүлтіксіз орындап, асыл дініміз Исламды толығымен тәмамдағанын айтып, сахабаларына соңғы өсиетін жеткізді. Арафат тауында Алланың атымен сөз бастаған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 120 мыңға жуық сахабаның алдында соңғы құтпасын оқыды. Қоштасу құтпасы деген атпен Ислам тарихына енген пайғамбар лебізі барша мұсылмандарға, күллі адамзатқа мәңгі өшпейтін өмір өлшемі секілді. Асылында мұсылман баласының үнемі жадында тұтып, жолына бағыт етіп алар бағдаршамы да – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу құтпасындағы соңғы өсиеттері болуы тиіс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы құтпасында: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті қалада, осы қасиетті айда, осы қасиетті күндей қастерлі (қол сұғуға тыйым салынады)», – деп ескертеді. Қарап тұрсаңыз, мұсылман адамның қаны, дүниесі, ар-намысы, құқығын қасиетті саналған үш бірдей ұғымнан да жоғары қоюы – Ислам дінінің негізгі ұстанымын айқындап тұр. Исламдағы мұсылмандар бауырластығы – ең күшті және ең берік байланыс. Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде, мүминдер – бауыр», – сипаттайды. Осы ретте әйгілі сахаба Абдулла бин Омардың (Алла оған разы болсын) Қағбаға қарап тұрып: «Сен қандай ұлықсың, қадірің қандай биік. Бірақ Алла Тағала құзырында мұсылман қадірі сенен ұлық», – деген сөзін санамызда бір жаңғыртып өткеніміз артық болмас.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу құтпасында үмметіне аманат мәселесі, қарыз бен пайыз туралы, қан дауы, өсімнің харамдығы және әйелдердің ақысы, адамдар теңдігі жайында өмірлік ереже боларлық өсиетін қалдырды. Сондай-ақ Алла елшісі сол күні: «Егер берік ұстансаңдар, еш уақытта адаспайтын нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың кітабы және пайғамбарының сүннеті», – деп екі қымбат қазынаны көрсетіп кетті.

Өмірі үмметіне өнеге болған Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың өсиетіне адалдық танытып, әрдайым адами тұлғамызды, мінез-құлқымызды көркемдікке тәрбиелеуге тырыссақ, міне осы нағыз мұсылмандықтың белгісі болмақ. Сондықтан қажылық ғибадатын қалыпты сапардың бірі санамай, ұлы құлшылықтың рухани пайдасына ой жүгіртіп, кемелдікке қол созу қажет. Сонда ғана Пайғамбарымыз айтқандай, мұсылман баласы қажылықтан жаңа туған сәбидей күнәдан пәк қалпында қайтады. Алла Тағала барша қажыларымыздың ниетін қабыл еткей!

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы

Дереккөз: «Мұнара» газеті, №12, 2022 жыл

Пікірлер Кіру