Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті тағамдары

06 қараша 2019 16074 0
Оқу режимі

Арпа наны
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен Оның отбасы бірнеше күн қатарынан аш түнейтін. Кешкі асқа талғажау етерлік нәрсе таппайтын. Негізінен жейтіндері де арпаның наны еді»[1]. Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озғанға дейін Оның отбасы арпа нанын тоя жеген емес»[2]

Тәтті және бал 
Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) тәтті мен балды сүйетін»[3]

Зәйтүн майы 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Зәйтүн майын жеңіздер және жағыныңыздар. Өйткені, зәйтүн майында берекет бар. Зәйтүн майы берекелі ағаштан алынады»[4].  

Тауық еті 
Зәһдәм әл-Жерми былай дейді: «Әбу Мұсаның үйіне барған едік. Ол тауық етін жеп отыр екен. Бізге де ұсынды. Арамызда Теймұллаһұлдарынан бір адам бар еді, ол тамаққа қол созбады. Мұны байқаған Әбу Мұса: «Кел, тамаққа жақында. Мен тауық етін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да жеп отырғанын көрген едім»[5], – деді. 

Құрма және сүт 
Әбу Халид былай дейді: «Құрма жеп, сүт ішіп отырған бір адамның үйіне кірдім. Ол: «Кел!», – деп дастарханға шақырды да: «Пайғамбарымыз бұл екеуін «екі тамаша және халал ас» деп атаған еді»[6], – деді. 

Анар 
Хазірет Әли(р.а.) жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анарды ішіндегісімен жеңдер. Өйткені, ол асқазанды тазалаушы», – деген»[7]

Айва 
Хазіреті Талһа (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) зиярат етуге барған едім. Қолында айва жемісі бар екен. Маған: «Ау, Талһа, кел же! Айва жүректі қуаттандырады, көңіліңді хош қылады»[8], – деді. Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жәбир бин Абдулла (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Тайыптан әкелген бір айва берді. Пайғамбарымыз: «Бұл кеудедегі қайғыны қайтарып, жүректі жарқыратады»[9], – деді. 

Сірке суы 
Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сірке суы – неткен тамаша тұздық!»[10] – деді. Үммү Сағдтан жеткен хадисте: «Бірде Айшаның (р.а.) жанында едім, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кірді де: «Түскі асқа жейтін бірдеңелер бар ма?», – деп сұрады. Айша: «Кепкен құрма мен сірке суы бар», – деді. Пайғамбарымыз: «Сірке – тамаша тұздық. Аллам, сіркені берекелі ет! Өйткені, сірке маған дейінгі пайғамбарлардың да тұздығы еді. Сірке суы бар үй кедей саналмас!»[11] – деді.

Кепкен құрма 
Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Үйінен кепкен құрма табылмаған отбасы мүшелері аш саналады»[12], – деді. 

Нан мен құрма 
Юсуф бин Абдулла бин Сәләм (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір тілім нан алып, оның үстіне құрма қойып: «Міне, мынау мынаумен бірге желінуі керек»[13], – деп жегенін көрдім». 

Май 
Бусрлық Сүлем қауымынан ағайынды Абдулла пен Атиадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Бір күні жанымызға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келді. Біз оған май мен құрма бердік. Пайғамбарымыз май мен құрманы бірге жегенді өте қатты ұнататын» [14]

Қарбыз 
Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қарбыз бен жас құрманы бірге жейтін де: «Мынаның ыстығын мынаның суығы, мынаның суығын мынаның ыстығы басады»[15], – дейтін». 

Қияр 
Абдулла бин Жағфардан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қияр мен жас құрманы бірге жейтін»[16]

Қауын 
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қауын, қарбыз және қиярды қатты сүйетін»[17].

Асқабақ 
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бірде бір тігінші Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Оған арнайы тамақ әзірлеп, қонаққа шақырды. Мен де Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге бардым. Үй иесі дастарханға арпа нанын, асқабақ қосылған бір сорпа және сүр ет әкелді. Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) табағының айналасындағы асқабақтарды теріп жеп отырғанын көрдім. Міне, сол күннен бері асқабақты сүйіп жейтін болдым»[18]

 


[1] Ибн Мәжә.
[2] Ибн Мәжә.
[3] Ибн Мәжә, Дарими.
[4] Ибн Мәжә, Дарими.
[5] Дарими.
[6] Ахмад бин Ханбал.
[7] Ахмад бин Ханбал.
[8] Ибн Мәжә.
[9] Табарани.
[10] Ибн Мәжә, Әбу Дәуіт.
[11] Ибн Мәжә.
[12] Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә.
[13] Әбу Дәуіт.
[14] Әбу Дәуіт.
[15] Әбу Дәуіт, Тирмизи.
[16] Ибн Мәжә, Әбу Дәуіт.
[17] Тирмизи.
[18] Ибн Мәжә, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Мүслим.

Пікірлер Кіру