Пайғамбарымыздың (ﷺ) құттықтауына кімдер лайықты?

16 қаңтар 2019 10938 0
Оқу режимі

Өміріңізде  қандай да бір қуанышты жағдай орын алса, ата-ана, бауыр, бала-шаға, туған-туыс, дос-жарандарыңыз ыстық лебіздерін  білдіріп, бірге қуанып,  құттықтап  жатады. Ал, сізді Алланың Елшісі, адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың сардары, екі дүниенің сұлтаны болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың құттықтағанын қалар ма едіңіз?

Алланың сөзі, қасиетті Құран Кәрім барша адамзатқа насихат және тұнып тұрған мәңгі мұғжиза. Адамзаттың өмірлік нұсқаулығы. Ол бізді жаратқан Алланың сөзі болса, адамзатқа Құраннан асқан қандай ереже мен тәртіп керек? Алла Тағала «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!», - дейді. Алла Тағала осы аятта: «...(Мұхаммед F.C. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!» - деп жекеше түрде айтады. Егер, Алла Тағала бір нәрсені жекеше түрде әмір ететін болса, онда  сүйікті құлы Мұхаммедтің өзіне (с.ғ.с.) тікелей  әмір еткені. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тікелей өзіне сабыр етуші мұсылмандарды қуандыр деп әмір етеді. Жоғарыдағы аят  қиындыққа сабыр қылған адамдарды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі жеке құттықтайтынын нұсқап тұр. Міне, кез-келген қиындықта сабыр ете білген адам, қияметте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құттықтауына ие болады екен. Бұл жерде ескерер бір нәрсе бар. Қиындық келгенде бірден сабырға келе алмай, ашу-ызаға беріліп, кейін амалсыздан сабыр еттім деу сабырға жатпайды. Өйткені, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мәніндегі сабыр алғашқы соққыда көрінеді» (Бухари, Муслим)- деген.

Алла Тағала неге «сабыр етушілерді» қуандыр дейді?  Құттықтау тек дүниелік мақсаттағы жетістіктерде ғана қолданылмайды екен. Алла үшін біздің құттықтауға лайық болуымыз – сабыр ете білуімізде жатыр. Қазақ даналығы «Ер сасқанда белгілі, ат шапқанда белгілі», - дейді. Дініміздің ұлылары да: «Сабыр бүкіл жақсылықтардың, ал шүкір бүкіл берекелердің кілті. Кімнің бойында осы қасиеттер табылса, ең биік рухани мәртебелерге қауышады» деген.

Алла Тағала жоғарыда аталған аяттың  жалғасында («Бақара» сүресінің 156-аяты): «Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз»  деді», - дейді. Бұл аят бізге қиындық түскен сәтте, сол қиындыққа берген  жауап  ретінде сабырлы болуды насихаттайды. «Біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз» деген сөз  тек тілмен ғана айтылып қоймай, жүрекпен де айтылуы тиіс. Иә, барлық  адам баласының  тәні де, жаны да, ризығы да, бүкіл ғалам да тек Аллаға ғана тән екендігін мойындаймыз.  Расында, бәрімізді Алла Тағала жоқтан бар етіп жаратты және қалаған уақытында Өзіне қайтарып ала алады. Демек, біз өзіміздің Иемізге қайтарыламыз.

Өмірдегі барлық нәрсе өткінші, тіпті басыңызға түскен қиындық, мейлі ол материалдық болсын, денсаулығыңызға қатысты, т.б. қиындықтар болсын  бір күні бітеді. Өйткені, біз де өмірден өтеміз, Аллаға қайтарыламыз, барар  жеріміз де сол жақ.  Басыңызға қандай қиындық келсе де, сол қиындыққа  беретін ең алғашқы реакцияңыз: сабыр және «Алладан келдік, Аллаға қайтамыз» деген сөз болсын. Осы сөзді тіліңізбен де, жүрегіңізбен де айтуды әдетке айналдырыңыз.

Өмірімізде болып жатқан, болатын түрлі қиындықтар бізді бұрынғыдан да  мықты әрі сабырлы ете түседі, жігерлендіреді және рухымызды қайрайды. Нағыз мұсылман адам  басына қиындық түскен сайын жасымай, қайта жігерлене түсуі керек. Алла Тағала біздерді қияметте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құттықтауына ие болған сабыр иелерінен етсін! 

Лаура Қанатқызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру