Қамиев Дидар Жанатұлы

14 желтоқсан 2018 4148 0
Оқу режимі

1988 жылы 10-желтоқсанда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақбауыр ауылында дүниеге келген. Халықаралық, республикалық ақындар айтысында, жыршы-жыраулар сайысында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда Қарағанды облысы, Ботақара кентінің «Балалар өнер мектебінде», «Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының» жетекшісі.

1. Қараны ақ, жалғанды шын деп көрген
Арабтар бастан қиын күнді өткерген
Пұттарды құдай санап, туған қызын
Жүректері күнәдан кірлеп көмген
Күнәға шомып тұрған сол уақытта
Алла елшісі (с.ғ.с) ең таза дінді ап келген
Халал менен харамды ажыратып
Құранды хақ, Алланы бір деп келген
Талай жанның көкірек көзі ашылды
Жүрегіне ақиқат дін жеткеннен
Адамзаттың барлығын бірдей көрді
Жоқ ешкімді қожайын, құл деп бөлген
Жүрсін деп мен қалдырған сүннеттермен
Үміт күткен ең соңғы үмметтерден
Адамзат атаулының ең абзалын
Бар мұсылман өзіне үлгі еткен жөн
Қос дүние бақытының жолын нұсқап
Қос дүние сұлтаны боп құрметтелген
Қараңғылық дәуіріне сәуле шашып
Алланың рахымымен нұр боп келген

2.Расулдің туған күні мейрамды күн
Дін үшін танытпаған бейқамдығын
Қаланың у-шуынан шаршағанда
Нұр тауында өткізген кейде әр күнін
Бір күні Жәбірейіл (ғ.с) періште кеп
Нұрландырып жіберді Хира үңгірін
«Раббыңның атыменен оқы» деді
Айтты «алғаш қан болып ұйығандығын»
«Сол жомарт Раббың деді үйрететін
Қаламменен жазуды, жинауды ілім»
Қырық жаста пайғамбар болды осылай
Жаратқан сүйіншілеп сүйген құлын
Осылайша Алланың қалауымен
Күллі әлемге таратты иман нұрын

3.Раббының орындаған күшті әмірін
Пайғамбар (с.а.с) жасаған әр іс тағылым
Небір ауыр сынаққа душар болды
Таратам деп ең қиын тұста дінін
Жақыны да сол кезде жау боп шықты
«Ата діннен безді» деп қыстап ұлын
«Қалуыңды ал да діннен бас тарт»
Күрмеуге келмейді деп қысқа жібің
Бәдір мен Ухуд, Хандак шайқасында
Сахабаның ажалды құшқаны мұң
Дін үшін сондадағы берілмеді
Бәріне төзіп жаудың қыспағының
Таифқа барғанында таспен атты
«Таптың деп салтымыздан тысқары дін»
Періштелер сол кезде ашуланды
Елшінің білмеді-ау деп еш қадірін
«Қос тауды бірақ қосып бұл қауымның
Жояйық деді бірден түп тамырын»
Сонда Расул (с.ғ.с)  олармен келіспеді
Ашуына жеңдірмей күш, сабырын
«Пайғамбар (с.ғ.с)  екенімді білмейді олар»
Деп сонда елжіретті іш-бауырын
«Ұрпақтары иманды болар бәлкім
Бізді қуып шыққанмен тысқа бүгін»
Деп Алладан кешірімін тілей берді
Өзіне өлім тілеген дұшпанының
Мейірім, нұрға толы пәк жүрегі
Адамзат атаулыға нұсқа бүгін
Шіркін әркім өзіне үлгі қылса
Мұхаммедтің (с.ғ.с) осындай ұстанымын

4.Ғаламға рахым нұрын шаша алыпты
Талайдың жүрек көзін аша алыпты
Кім Расул (с.а.с) өлді десе басын алам
Деп Омар (р.а) көзіне ыстық жас алыпты
Көңілі сенбегенмен өзекті жан
Өмірден өтетіні рас, анықты
Мәңілік өлім дәмін татпайтұғын
Әзәли Алла ғана аса мықты!
Жанына Жаратқанды қылды қорған
Дүниенің екенін білді жалған
Ғибрат пен тағылымға толы өмірі
Барша адам баласына үлгі болған
Уа, бауырлар, жаңылмай өтейікші
Мұхаммед (с.ғ.с) салып кеткен нұрлы жолдан!  

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру