ҚАСИЕТТІ ТҮНДІ ҚАДІРЛЕЙІК

16 сәуір 2023 4122 0
Оқу режимі

Адамзаттың асылы ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисінде «Ең қасиетті ай – Рамазан, ең қасиетті күн – Жұма, ал ең қасиетті түн – Қадір түні» делінгені мәлім. Ал осы түннің қасиеттілі неде? Әлем мұсылмандары неге сол түнді күтуге аса ынтызар?   

Ислам дінінде соңғы пайғамбардың өмірге келуі мен соңғы қасиетті кітаптың түсуіне ерекше мән берілген. Сияр кітаптары хазірет Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) қырық жастарына таяу Нұр тауына жиі барып, оңаша қалғанды ұнатып, ғаламның тылсым сырларына тереңірек ой жібергенін баяндаған. Осындай бір оңаша отырған уақыттардың бірінде Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен Алла тағала оған пайғамбарлық міндетті аманаттады. Қасиетті кітаптың алғашқы аяттары табыс етілген бұл шуақты түннің Қадір түні екендігі кейіннен  аян болды.

Жаратушы ие бұл түннің «Қадір» түні екенін білдіріп, сол түннің ерекшеліктерін де өзі түсіндіріп былай деген:

«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» («Қадір» сүресі).

Бұл түннің алғашқы ерекшелігі ретінде қасиетті кәламның көк жүзіне түсуін байқаймыз. Құран адамзатқа ғана емес жындарға да қос дүниенің бақытын көрсету үшін түсірілген. Көк жүзіне түскен Құран түрлі оқиғалардың себепкерлігімен қалған 23 жылдық уақыт бойы біртіндеп пайғамбарымызға уахи етілді.

Бұл түн мың айдан қайырлы болуымен де артықшылыққа ие. Мың ай тура сексен үш жыл, төрт айға тең. Ал бұл өз кезегінде бұрынғы үмбеттердің өмір бойы жинаған сауабын бір түнде алу мүмкіндігі деген сөз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірде сахабаларға Исрайыл әулетінен бір адамның мың ай бойы ат үстінде Алла үшін жиһад еткенін, кей риуаяттарда мың ай бойы күнә жасамай ғибадат еткенін айтқанда, сахабалар «біздікі оның жанында түкке де тұрмас» деп таң болған еді. Осы кезде Жәбірейіл түсіп:

– Мұхаммед, үмбетің сен айтқан адамдарды естіп таң қалды. Ал Алла тағала оларға бұдан да қайырлысын берді, – деп «Қадір» сүресін оқып береді.

Тағы бір риуаятта пайғамбарымызға бүкіл үмбетінің өмірі көрсетіледі. Басқа үмбеттерге қарағанда өз үмбетінің өмірінің аздығын көрген пайғамбарымыз бұған мұңаяды. Осы кезде Алла тағала оған «Қадір» сүресін түсіреді.

Бұл түннің берекесі мол. Өйткені жер бетіне сан мыңдаған періштелер түспек. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай кетеді. Мүминдерді айнала қоршай Алла тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Таң ағарып атқанға дейін осындай жағдайда болған мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахаты орнайды.

Қадір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Ол үкім беру деген мағынаға да келеді. «Духан» сүресінде айтылғандай, Алла тарапынан белгіленген үкім осы Қадір түніне тиесілі. Осыған сүйеніп бұл түнді «Тағдыр түні» дегендер де табылған. Негізінде заттың, іс пен үкімнің уақыт пен мөлшері әу баста жазылып қойылғаны үшін бұл жерде айтылған тағдыр бұрыннан белгіленген тағдырдың орындалуы болып табылады.

«Қадір» сөзінің «қысылу», «тығыздалу» деген мағынасын да ескерсек, бұл жерде періштелердің Қадір түні жер бетіне көп түсетінін, сосын жер бетіне сыймай кететініне де ишара байқаймыз.  

Бір хадисте «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» делінген (Ахмед 10316).

Қадір түнінің нақтылығы турасында хадистерде былай делінген:

Үбада ибн Самит (р.а.) әңгімелеуде:

«Бірде арамыздағы екі мұсылман керкілдесіп өзара сөзге келіп қалды. Екеуі әжептеуір жерге барып қалған кезде есіктен пайғамбарымыз көрінді. Сосын әлгі екі кісіге қарап:

– Сендерге Қадір түнін айтқалы келе жатыр едім. Екеуіңді көріп айтайын дегенімді ұмытып қалдым. Мүмкін, қайырлысы осы шығар. Бұдан былай Қадір түнін рамазанның бесінші, жетінші немесе тоғызыншы түнінен іздеңдер, – деді».

Ибн Аббастан жеткен риуаятта пайғамбарымыз былай деген: «Қадір түнін рамазанның ақырғы он күнінен іздеңдер. Тоғызыншы, жетінші, немесе бесінші түні болуы мүмкін».

Осындай хадистерді саралай келе, Ислам ғұламалары бір ауыздан Қадір түнін жиырма жетінші түнге белгілеген. Сол себепті мұсылмандар шама келгенше бұл түнді бекер жіберіп алмауға тырысады. Ұйқы мен нәпсілік қалаулардан тыйылып ғибадатқа ден қояды. Бұл түнде оқылған Құранның әр әрпіне мың-мыңдап сауап жазылады. Осыған сәйкес басқа да ғибадаттардың сауаптары әдеттегіден артық болмақ.

Қадір түнін өз деңгейінде өткізу үшін мұсылмандар намаз оқып, Құран оқып, Құран тәпсірлеріне үңіледі. Зікір мен салауат айтады. Алладан екі дүниенің бақытын сұрап дұға етеді. Жоқ-жітікке көмек беріп, садақа да үлестіреді. Осындай ізгі істермен өмірін нұрландырады. Қадір түнінің бізге берері жөнінде айтылған мына хадистен артық сүйінші хабар болмақ емес:

«Кімде кім қайтарымды тек Аллаһтан күтіп Қадір түнін күтсе, өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари)

Айша анамыз Алла елшісінің рамазанның ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын, отбасын да оятатынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, пайғамбарымыз мына дұғаны үйреткен:

Алла тағалам, Сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!     

Дереккөз: Muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру