Қай жоспар қайырлы? Адамның ба? Алланың ба?

16 тамыз 2019 8934 0
Оқу режимі

Кезекті бір дәрісінде ұстазымыз доктор Ата әс-Сынбати мына дұғаны үйретіп, оның маңызы туралы айтып берді: اللهم دبر لنا فانا لا نحسن التدبير

Оқылуы: «Аллаһумма дәббир ләнәә фәиннәә ләә нүхсинут тәдбирә».

Мағынасы: «Иә, Алла! Сенің жоспарлағаның болсын, өйткені біз дұрыс жоспарлай алмаймыз».

Тәпсір кітаптарының көпшілігінде Юсуф (ғ.с.) пайғамбардың зындандағы оқиғасы жайлы, әсіресе жанындағы екі серігінің түсін жорып берген соң: «Содан Юсуф әлгі екеуінің түрмеден шығады-ау дегеніне: «Қожайыныңа мен жайлы айт (кінәсіз екенімді есіне сал)», – деп тапсырғаны баяндалады. Алайда, шайтан оған қожайынына Юсуфтың жағдайын айтуды ұмыттырады. Сөйтіп, Юсуф тағы бірнеше жыл зынданда отырды[1] делінген. Аятты тәпсір ғалымдары екі көзқараспен түсіндірген, бірінші топ Юсуф (ғ.с.) Аллаға емес, адамға сүйенгені үшін зынданда тағы да жеті жыл қалды десе, басқалары бұл жерде шайтан Юсуфтың (ғ.с.) аманат тапсырған серігін ұмыттырды дейді.

Негізінде Алла біледі, екінші пікір дұрыс. Себебі, ол – Алланың пайғамбары. Осыған дейінгі оқиғаларда: бауырлары құдықта қалдырғанда, уәзірдің әйелі, басқа әйелдер сынағында тек бір Жаратқанға ғана сүйенген болатын. Бұл жерде Алла Тағала осы оқиға арқылы Юсуфтың (ғ.с.) жоспарлағаны мен Өзінің жоспарлағанын көрсетуді қалады.

Егер Юсуф (ғ.с.) жоспарлағаны бойынша түрмеден шықса, өзін ақтай алмағандықтан, Мысырдың ең сорлы адамы болып, ең төмен жұмысын ғана (көше сыпыру, аяқ киім тазалау сияқты) істейді екен.

Ал, Алланың жоспары болып, Мысыр патшасы түс көріп, оны Юсуфтан (ғ.с.) басқа ешкім жори алмауы, зынданнан шығарда Мысыр әйелдерінің оның адалдығын мойындауы, мемлекеттің қазына уәзірі болып тағайындалуы - оның түрмеден абыроймен шығуына себеп болады.

Көбінесе жоспарлаған нәрсеміз өзіміз үшін қайырлы не жаман болуы мүмкін. Сондықтан дұрысын Алла ғана біледі. Құранда: «Алайда, бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін қайырлы болмақ...»[2], – деп келген.

Осылайша, бұл оқиғадан ғибрат алған адамға «Иә, Алла! Өзіңнің жоспарлағаның болсын, өйткені мен дұрыс жоспарлай алмаймын» деп айтудан басқа шара қалмауы ақиқат.

Абдолла Байжігіт

 


[1]  «Юсуф» сүресі, 42-аят.
[2] «Нұр» сүресі, 11-аят.

Пікірлер Кіру