ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНДЕГІ ҚАЛЫҢ МАЛ

31 қазан 2024 691 0
Оқу режимі

Қалың мал дегеніміз не?

Қалың мал – қазақтың құда түсу дәстүріндегі ең маңызды жоралғылардың бірі. Бұл рәсім күйеу жақтан қалыңдық болған қыз жаққа, оның ата-анасына, туыс-туғандарына сый ретінде берілетін материалдық сый-тартулар жиынтығы. Қалың мал құрамына сүт ақы, күш ақы, қыз жасауына қажетті заттар, тірі мал, киім-кешек, және әртүрлі сый-сияпат кіреді. Қалың мал қазақ дәстүрінде тек материалдық емес, сонымен бірге отбасы қарым-қатынастарын бекітуге бағытталған сыйлы рәсім саналады.

Қалың малдың ерекшеліктері

Қалың малдың мөлшері мен құрамы жігіттің отбасының байлығы мен жағдайына қарай әртүрлі болады. Қазақ халқында қалың мал туралы әзіл сөздер де кездеседі: «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, бай мен кедей құда болса, арасында зорға жүреді, кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүреді». Бұл сөздер қалың малдың екі жақтың мүмкіндіктеріне сай өзгеретінін көрсетеді.

Қалың малды төлеу тәртібі

Құда түсіп, құдалық байланыс ресми түрде бекітілгеннен кейін, жігіт жақ қалың малды бөліп-бөліп, кезең-кезеңмен төлеуді бастайды. Қалың мал құрамына не енетінін, қандай туыстарға киіт кигізу қажеттігін, сый-сыяпаттың мөлшерін қыздың әке-шешесі және туыстары ақылдасып, жігіт жаққа алдын ала жеткізеді. Олар қыз жақтың талаптарын ескеріп, қажетті заттарды, малды, киіттерді, өздеріне тапсырылған тізім бойынша, салт бойынша береді.

Қалың малды беру рәсімінің аяқталуы

Жігіт жақ қалың малды толығымен өтеген соң, қыздың ата-анасы қалың малға риза болып, батасын береді. Осылайша, қалың мал рәсімі толық орындалып, қызды ұзатуға рұқсат беріледі. Бұл дәстүр екі жақтың арақатынасын нығайтып, қызды жаңа отбасына табыстауға мүмкіндік береді.

Қалың малдың тәрбиелік мәні

Қалың мал тек материалдық көмек емес, оның тәрбиелік және әлеуметтік маңызы да зор. Құдалар арасындағы сыйластықты нығайту, отбасы бірлігін арттыру және келіннің жаңа отбасына сәтті бейімделуіне жағдай жасау дәстүрдің астарында жатыр.

Қазақтың ұланғайыр ұлы даласын тек ақ білектің күшімен, ақ найзаның үшімен және ақыл-парасаттың қуатымен ғана сақтап қалмай, сондай-ақ мыңжылдық құдалық, жүзжылдық күйеулік, және қалың мал дәстүрінің терең мағынасы мен құдіреті арқылы да қорғап, дамытып келген.

Құдалықта берілетін қалың мал мен өлі-тірі салты – қазақтың мал шаруашылығын дамытуда, жер мен елді біріктіруде ерекше рөл атқарған дәстүрлердің бірі. Бұл арқылы Батыстағы қызды Шығысқа, Шығыстағы қызды Батысқа, Оңтүстіктегі қызды Солтүстікке ұзатып, құдалық жолмен ұланғайыр даланы қорғап, адамдар арасындағы туыстық байланыстарды нығайтып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мызғымас береке-бірліктің негізін қалаған. Қалың мал дәстүрі қазақ халқына мал сапасын арттыруға, экономикалық алмасуларды жүзеге асыруға, алым-берім арқылы қажетті ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашты.

Құдалық пен қалың мал алмасуы тек ауыс-түйіс қана емес, сонымен қатар, аса терең дипломатиялық қарым-қатынастың көрінісі болды. Ертең Батыстағы құда ауылына жау шапса, Шығыстағы құда туыстық міндетін атқарып, сарбаздарын сайлап, ел мен жерді қорғауға аттанатын. Бұл – қазақтар арасындағы әскери ынтымақтастық пен елдікті қорғаудағы біртұтас мүдденің айғағы. Қазақ халқының байырғы салт-дәстүрлері осындай жоғары құндылығымен ұлттың рухани және әлеуметтік тірегі болып қалды.

Құдалық институты мен қалың мал салты – қазақ мәдениетінің берік іргетасы, ол халықтың ынтымағы мен ұйымшылдығын сақтап, ұлы дала төсіндегі бейбіт өмір мен татулықтың кепілі болды.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру