Қазақ дінінен адасқан ба?

25 маусым 2020 6727 0
Оқу режимі

Алла Тағала адамзат баласын ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқан. Қасиетті Құранда бұл жайлы мынадай белгілі аят бар: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Ендеше, қазақтың қазақ, арабтың араб, өзге ұлттардың өзге болуы, ең алдымен Алланың қа­ла­уы. Адамдардың бір еркек пен бір әйелден өрбуі қандай заң­­дылық болса, ұлыстар болып жара­луы да сондай табиғи. Біреудің ақ, тағы біреудің қара нәсілді болып жаралуында адамның қалауы бар ма? Әрине, жоқ! Ешбір адам өзінің жынысын таңдай алмайтыны секілді, қай ұлттың өкілі боларын да таңдай алмайды. Егер Құдай қаласа, жер бетіндегі бүкіл адамдарды бір-ақ ұлт етер еді. Алайда олай жасаған жоқ. Адамзатты әу баста бір Ата, бір Анадан таратқанымен, уақыт өте келе, олардың ұрпақтары сан­сыз көп ұлттар – мен ұлыстарға бө­лініп кетті. Әрқайсысының өз тілі, тарихы, Отаны, салт-дәстүрі, өзгелерге ұқсамайтын ерекше ұлттық құндылықтары мен тұрмыс-тіршілігі бар. Рызық-несібені де Алла бір елге көбірек, екінші жұртқа кемдеу бұйыруы мүмкін. Ол да бір сынақ. Қазіргі таңда әр елдің мінез-құлқы да дараланып кеткені анық. Мәселен, тауларды мекендейтін ұлттардың мінезі мен құмайт дала тұрғындарының ұлттық мінездері бірдей емес. Келе-келе бір ата-ана­ның ұрпақтары бүгінде бірін-бірі танып-білу былай тұрсын, біріне-бірі қастандық жаулық жасаудан да тайынбайтындай бөтен болып кеткені жасырын емес. Неге бұ­лай? Осылай ел-елге бөлініп жара­­тылудың түп мақсаты не де­ген сұрақ туындайды? Қасиетті Құ­ран­да мұның жауабы айқын. Оны Алла Тағала: «бірімен-бірі танысып біліссін, табыссын» деген мағынаны білдіретін «литаарафуу» деген сөзбен баян еткен. Алайда «а-ра-фа» түбірінен өрбитін бұл сөздің мағынасы бұл аталғандармен ғана шектелмейді. Оның білу, тану­дан басқа жақсылық жасау, көркейту, жұпар иіс аңқыту, салт-дәстүр ету деген мағыналары да бар. Ендеше, ұлттар біріне-бірі зор­лық-зомбылық жасасын, күш көр­сетсін немесе «Әкем жақсы», «Бабам жақсы» деп мақтансын деп бөлінбеген. Керісінше, біріне-бірі жақсылық жасасын, тату-тәтті өмір сүрсін, сан алуан ұлттар болу арқылы жер бетін көркейтсін деп бөлінген. «Танысып табыссын» деген сөздің астарында барлық адам түбінде бір ата, бір анадан тарайтын «бауыр», «туыс» екенін ұмыт­пасын деген мағына да жатыр. Бүгінгі таңда жер бетіндегі көптеген қақ­тығыстар мен қантөгістер осы аяттың астарын түсінбеуден ке­ліп шығады. Әйтпесе, бауырға бауыр мылтық кезенер ме еді? Бауыр­дың жанын бауыры қияр ма еді? Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзі келтірілген аятқа қандай үйле­сім­ді екенін ұғыну қиын емес. Бұ­рынғылар: «Сүю – білуден туа­ды» дейді екен. Олай болса, танып білуден жақсы көру мен өзара сүйіспеншілік туады. Бірақ адам атаулының бәріне бірдей құшақ жаю оңай іс емес. Кезінде әйгілі әулие Мәулана Жалаладдин Румиге бір замандасы келіп: «Сен дінсіздерге де, күнәһарларға да құ­шағыңды ашасың. Олармен бір жерде отырасың. Сол арқылы Ислам­ның құнын көк тиын қылып жүрсің» деп аузына келген сөз­дер­ді айтады. Сонда Руми оған: «Кел, айналайын, құшағым саған да ашық!» деп бір-ақ сөйлем жауап қайырыпты. Міне, бұл – адам­зат­тың жаратылу мақсатын жақсы ұғын­ған адамның қылығы.

Бұл айтылғандар «Менің ғана ұлтым жақсы, өзгелерді Құдай ұр­ған» дейтін түсінікте жүргендерге ой салса керек.

Енді одан бөлек, мәселенің тағы бір қыры бар. Осы күнде «Дін­де негізі жоқ» деген сылтаумен өзі­нің ұлтынан, салт-дәстүрінен шошынып-безінетін бір топ жастар бой көрсетіп жүр. Бұлар «Менің ұлтым ғана жақсы» демейді, кері­сін­ше, өзінің белгілі бір ұлттық өкі­лі болғанын намыс көреді. Ұлты­­­­ның бір жақсылығын бөліссе, дін­­­нен шығып кетердей қорқады. Бұл – нағыз сауатсыздық. Ислам діні мұндай көзқарасты да құпта­май­­ды.

Әсілінде, қазақтың салт-дәс­­­­түрлерінің көбі дін ислам­ға жат емес. Бұрынғы бабала­ры­мыз ша­­риғат ілімінен ма­құрым бол­ма­ған. Керісінше, мұ­­сыл­ман­дық­ты ұстанудың клас­си­­калық үл­гісін жасап шығарған десек, ар­тық айтқандық емес. Бұған мы­­сал беруден бұрын мына бір жайт­қа көңіл аударайық. Йслам шариғатында көптеген бұйрықтар мен тыйымдар бар. Алайда оларды жүзеге асырудың нақты үлгісі көр­се­тіл­мейді. Айталық Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және ақиретке иман келтірген адам қонағын қадірлесін» деген қағиданы білдіріп кеткен. Алайда осы «қонақ қадірлеу» процесі қалай жүру керектігі баян етілмей­ді. Ендеше, ол жағын әр ұлт не­месе әр адам өзі белгілейді. Сондық­тан ағылшын мен немісті қонақ қадір­леуі мен араб пен қазақтың қонақ күтуі бірдей емес. Бірақ бәрі де қал-қадерінше аталмыш бұй­­рықты жүзеге асыруға талпы­на­ды. Дүниежүзін аралап жүрген кісілер қай елдің қалай мейман күтетінін жіліктеп айтып бере алады. Енді қазақ халқының мей­ма­­нын қарсы алуы әлемде еш­кім­ге ұқсамаса керек. Мал сою, арнайы үй тігу, тапқанын мейман алдына ұсыну, өзі жемей қонаққа сақтау деген түсініктерді өзге елден кездестіру қиын. Міне, бұл – қазақ жұртының бір ғана қо­нақ күтуге қатысты ұстанымы. Сол секілді киім кию, сөз сөйлеу, та­мақ ішу, үйлену, балалы болу, қыс­қасы, туғаннан өлгенге дейінгі шариғат талаптары дәл осылай дәстүрлік деңгейде орындалып жатады. Ата-ананы қадірлеу, үл­кенді сыйлау, көршілермен сый­­ласу, ұл-қызға мейіріммен қа­рау, астың адалын, тазасын ішіп-жеу, аурудың көңілін сұрау, баланың туғанына қуанып той жасау, үйленгенде жұртты жинап тамақ беру, дүниеден озған кісіні жақсы жағынан еске алу, жетім мен жесірді жылатпау – мұның бәрі мұсылмандықтан бас­тау алып жатқан іргелі салт-дәс­түр­лер. Алай­да бұл дәстүрлерден қазақ ұл­тының жұпар иісі бұрқырап тұ­рады. Олай болуға тыйым да жоқ. Керісінше, мұсылмандық ұр­пақтан-ұрпаққа бұзылмай, саф күй­де жетуі үшін осылай болуы – құп­тарлық іс.

Жинақтай айтқанда, қазақ­тың қазақ болуы – Алланың қалауы. Сондықтан мұсылман өз ұлтының құндылықтарымен әркез санасып отырғаны абзал. Алла Тағала елі­­міз­ге амандық, жұртымызға тыныш­тық берсін!

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру