ҚҰНАНБАЙДЫҢ БОРЫШЫ

16 сәуір 2024 1898 0
Оқу режимі

1874 жылы Құнанбай 70 жасында Меккеге бармақ болады. Елін жиып алып, батасын алады. Халық Құнанбайдың оң сапарын тілеп, аман келуін сұрасады. Құнанбай қасына өзінің асырап алған баласы – Ызғұттыны ертпек болады. Ешбір адам Ызғұттыны асыранды демейді. Құнанбайдың Меккеге жүретінін естіген соң, Шәкәрімнің шешесі Төлебике өзінің күндесі Ботантайды, балаларын жиып алып ақылдасып, қалаға мал саттырып, Құнанбайдың жол қаражатына деп ақша апарып береді. Құнанбайды келін-балалары «Тәте» дейді. Құнанбай Меккеге жүрерде екі келіні балаларын ертіп, батасын алып қаламыз деп Құнанбайдікіне келеді.

Сонда Құнанбай:

– Қарағым келіндерім, мен сендерге үлкен борыштымын. Сендер бірің 34 жаста, бірін 29 жаста Құдайбердіден жесір қалдыңдар. Одан қалған баланы ер-жеткізіп, тәрбиелеп, өсірдіңдер. Балаға деген аналық мейірімдеріңді басқа ешбір өмірге айырбастамай, тек мына немерелерімді адам етіп шығаруға жұмсадыңдар. Міне, сол еңбектерің бүгін өтеліп, ешкімге көзтүрткі болмай ержетті. Екеуіңнің осы қарыздарың менін мойнымда, екеуің не қаласаңдар да берем деп еткен уағдам бар еді. Және мынау отырған балаларым мен немерелеріме өлгенше сендерді сыйлап өтіңдер деп көзбе-көз тапсырмақ едім. Құдайберді менің төл басым еді. Ол бір анадан жалғыз болып, жастай қайтыс болып, артына жас балаларын қалдырып кетіп еді. Сол ақ үрпек балапандарын аялап өсірген сендер. Құдайберді өлгенде, балалары жетімдік көрмей, ержетер ме деп арман еткен едім. Сол арманым орындалды, оған құдайдан соң, екі келінім, сендер себеп болдыңдар. Құдайбердінің балалары қағу-тарту көріп жүрсе, маған арылмас қайғы болар еді. Сондықтан екеуіңнің менде қарыздарың бар деуім сол, - деп келіндері мен немерелеріне батасын береді.

 

(Ахат Шәкерімұлының естелігінен)

 

Пікірлер Кіру