ҚҰРАН-АДАМ «АҚЫЛЫНА» ОРЫН БЕРГЕН БІРДЕН - БІР КІТАП

17 сәуір 2024 1814 0
Оқу режимі

Адамзат тарихы Адам атам мен Хауа ананың жаралумен басталып, ұрпақтарымен жалғасын тапқанын ешкім жоққа шығармаса керек. Адам ата – бірінші пайғамбар, алғаш Хақ дінді жеткізуші. Әуелде дінді жұбайы Хауа анаға ғана насихаттады. Бұдан діннің адам өмірінде алар орны ерекше екендігін көру қиын емес. Осы жерде «уахи» (дін, иләһи кітаптар) мен өркениет ошағын қалыптастырушы негізгі күш «ақыл» арасындағы байланысты түсіндіре отырып, тақырыпты ашып көрелік.

Имам әл-Бәздәуи: «Қыбла иелерінің барлығы: Адамның (ғ.с.) Алланың елшісі болғанын растайды. Кейбір мұғтазилер: «Ол (Адам ата) пайғамбар болмады. Өйткені, ол пайғамбар болып жіберілетіндей адамдардан әлі ешкім жоқтұғын. Ол елші болғанда, одан тараған ұл, қыздары да елші болар еді. Әрі балалары туылмай тұрып күнә (тыйым салынған ағаштың жемісін жеді) жасады. Ол туралы Алла Тағала хабар берді. Ал Алла елшілері болса, ешқандай күнә жасамайды», – дейді. Қыбла иелерінің барлығы: «Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһимнің әулетін және Имранның әулетін арнайы таңдады (елші етті)» («Әл-Ғимран» сүресі, 33-аят) деген аятты дәлел қыла отырып, Адам атаның хақ пайғамбар екендігін растайды» [1] деген.

Мұғтазилердің, «күнә жасады» деген мәселеге келер болсақ, пайғамбарлар кейбір істерде қателік «зәллә» (зәредей ағаттық) жіберуі мүмкін. Мысалы: бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Құрайыш көсемдерінің бір жерге жиналған сәтін пайдаланып, ислам дінін түсіндіре бастайды. Сол кезде көзі соқыр, көкірегі иманға толы Абдулла ибн Умму Мәктум келіп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзгелермен сөйлесіп тұрғанын аңдамай ислам діні туралы кейбір мәселелерді сұрай бастайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) болса, құрайыш көсемдерінің топтасып қалуын дінді жеткізудің бір мүмкіндігі деп біліп, Абдулланың өтінішіне көңіл аудармайды. Осы кезде «Ғәбәсә» сүресі, 1-7 аятары түсіп Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл ісінің дұрыс еместігі ескертіледі. Міне, осындай ағаттықтар әр пайғамбардың өмірінде жүз бергенін әрі оның пайғамбар болуына кедергі жасамайтынын Құран аяттары негізінде көруге болады.

Қазақтың қазиы Ғұмар Қараш, «Адамдар дінді сақтай ма, яки дін адамдарды сақтай ма?» деген мақаласында мынандай ой айтады:

«Бұл сұрақтарға нақты жауап беру үшін әуелі дін дегеніміз не, діннің кісіге әсер-ықпалы қалай, соны білуіміз керек. Сонан кейін ғана аталған сұрақтарға жауап беруге болады. Көптеген кісілердің пікірінше, дін адамзатқа тән нәрсе емес, өз алдына жеке пайда болған нәрсе делінеді. Бұлардың ойынша, дін – муһнин дәлінген нәрсе, ғылыми түрде сену, илану деп қарайды. Сонымен қатар олар әлдекімдер тарапынан шығарылған бағзы нәрселерге табынады және жұмақта мәңгі жасаймыз деген соқыр сенімде жүреді. Шындығына келгенде, олардың айтқанындай болса, дін кісіні сақтай алмайды, керісінше, діннің өзін кісілер сақтау керек болады. Мұндай дін ақиқат ғылым-біліммен бірге жасай алмайды. Біреулер халық көзі неғұрлым ашыла түссе, діннің де тынысы тарыла түседі дейді. Алайда Құран Кәрімнің айтуынша, дін – жалған нәрсе емес, ағайындардың шын тәбиғи сенімі. Бұған қарағанда, ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды. Жақсы болсын, жаман болсын, әркімнің өз діні болады. Мәселен, бір кісі дұрыс сөйлеуді өзіне әдет қылған, дүниедегі барлық нәрселерді өз қалпында көрсете білген. Бұл кісі осы қасиет-мінезді өзіне дін етіп тұтқан. Бұл сенімі оны жалған айтудан тыйып, әр нәрседен сақтайды.

Екінші біреу Құдайға сендім десе де, іс жүзінде керісінше әдет қылады. Соған дағдыланған. Осындай адамдар ауызекі сөйлегенде ләйилаһа илалла мұхаммадүр расулалла десе де, іс жүзінде тағы да бірнеше ұсақ, кіші Тәңірлерге табынады. Бұл пайғамбарымыздың жолына ашықтан-ашық қайшылық екендігі белгілі. Бұларды иманды адам дейміз бе, әлде кәпір дейміз бе? Бұндай үш топтағы адамдардың үшеуінің де үш түрлі діні бар. Ең әуелгісі, әрі пайдалысы – Құдайға сыйынған. Басқалары әртүрлі діндерді ұстанған. Дінді жасанды деушілерге қарағанда, бұлар біршама тәуірлеу. Қысқасы, адам көңілі әр нәрсеге қуалай беріліп, бойұсынса, ол соның діні болады. Сондай-ақ дін адамдарға мүдуар (мұқтаж) емес, адам дінге мұқтаж, адамдарды дін ғана дүниеге мәлім етеді»[2].

Қорыта айтар болсақ, сонау Адам атадан бүгінге дейін адам баласы игілігі үшін өркениеттің сан асуларын бағындырып, ғылым-технологияның күшімен сенгісіз істерге қол жеткізді. Өркениеттің негізі саналатын құқықтық, экономикалық жүйелер реттеліп, философиялық терең ойлар ортаға шықты.

Мұның бәрі адам баласын өзгеден ерекшелендіретін ақылдың көмегімен іске асып отыр. Осы тұрғыдан дін өркениетті қоғам қалыптастыруда ықпалы ерекше десек болады. Яғни, Құран – адам «ақылына» ең көп орын берген бірден-бір кітап. Бәз біреулер айтқандай, дін догмалықтан тұрмайды. Қасиетті Құранда ақылға кең еріктің берілуі және дінде әрбір мәселеге нақты дәлелдермен шешім шығарылуы соның айғағы. Демек, өркениет құрылымдары ақылдың көмегімен іске асқан болса, ақыл уахиды түсінуде бір құрал ғана.

Сонымен қатар, өркениет діннің негізі болған теңдік, әділдік және мейірімділіктен бастау алуы керек. Бұл негіздерді жоғалытқан қоғамда шынайы өркениет болмақ емес!

Самет Оқанұлы,
исламтанушы

[1] Әбу Юср әл-Бәздәуи, Ұсулуд-дин, 99 б.

[2] «Ғұмар Қараш шығармалары», II том, 53-54 бб.

 

Пікірлер Кіру