ҚҰРАН ІШІНДЕГІ «ПУЛЬСАР»

23 ақпан 2023 4932 0
Оқу режимі

Ғаламның барлық заңдылығының нұсқаулығы Құран екенін білеміз. Ғылым жетіп жатқан қаншама жетістіктер мен ғалымдар ашып жатқан сан мың жаңалықтарды Құран ішінен тауып жатамыз. Соның бірі – «Пульсар» жұлдызы.  56 жыл бұрын ашылған бұл жұлдыз 1400 жыл бұрын Құранда жазылып қойған ба?

Пульсар  – радиосәуле тарататын, соғушы жұлдыз. 1967 жылы астраномдар ғарыш әлемінен үнемі қайталана беретін біртүрлі дыбыс анықтайды. Бір қызығы, бұл дыбыс жүректің қағысынан аумайды. Бейне бір ғаламның жүрек соғысы дерсіз. Өзгеше дыбысты Кембридж университеті, Кавендиша зертханасында 24 жасар аспирант қыз Антоний Хьюиш анықтаған.

Сонымен, бұл ненің дыбысы? Бұл – өз осінен жылдам айналатын нейрон жұлдыздардан шығатын энергетикалық импульс. Кейіннен ғалымдар оған «Пульсар» жұлдыздары деген атау берді. Өз осінен секундына 600 рет айналатын жұлдыздың айналу жылдамдығы адам сенгісіз.

Жә, мұның Құранға не қатысы бар дейсіз ғой. Енді Құранның 86-шы сүресі, яғни, «Әт-Тарик» сүресіне назар аударайық. Сүренің алғашқы үш аятына «Аспанмен және соғушымен ант етемін! Соғушының не екенін сен қайдан білесің? Ол тіліп, тесіп өтетін жұлдыз», – деп жазылған. Сүренің атауы «Әт-Тарик» сөзі  араб тіліндегі «тарк» түбірінен шыққан. Ал «тарк» сөзінің негізгі мағынасы: қатты соғу; тесіп өткенде соққының дыбысы сынды дауыс; қатты соқтығысу. Дәл осы мағыналардан Құранда жазылған ғылыми деректі аршып аламыз. Қалай? «Пульсар» сөзі ағылшынның  «pulse» етістігінен шығады. «American Heritage» сөздігі бұл етістікке «бірқалыпты және ритмді соққы» деген анықтама береді. Ал «Webster» сөздігі бұл сөздің мағынасын «жүрек қағысына ұқсас жылдам соққылар» деп түсіндіреді. Бұдан ағылшынның  «пульсар» сөзі мен арабтың «әт-тарик» сөзінің бір мағына беретінін көреміз.

Демек, 56 жыл бұрын ашылған «Пульсар» жұлдызы 1400 жыл бұрын Құранда жазылған екен. Ал, бұл пульсарды байқағаны үшін Антоний Хьюиш 1974 жыл физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауретары болды.  Ал Құранға Нобель сыйлығының қажеті де жоқ. Себебі, оның өзі үлкен сыйлық емес пе?!

Дайындаған: Төнкер Елігімай

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру