ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛҒАНДА ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА

08 шілде 2022 9655 0
Оқу режимі

Құрбандық шалудің реті мынадай: малдың аяқтарын байлап, сол жағымен құбылаға қаратып жатқызып, мына дұғаны оқиды: «Аллаһумма һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни», қазақша мағынасы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмиллә, Аллаһу Акбар» деп тамағынан бауыздайды. Сондай-ақ, құрбан шалуға ниеттенген жан қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятын оқыса болады: «Иннә соләәтии уә нәсукии уә мәһяиә уә мәмәәтии лилләһи роббил әләмиин». 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын» деген хадисін ескеріп, ертерек дайындалған дұрыс. Малдың өңеші мен екі күре тамыры кесілуі шарт. Малдың жаны шықпайынша, оның басы мен терісін денесінен бөлуге болмайды. Осы ретте ескеретін жай, құрбан шалатын кісі біле тұра «Бисмиллә, Аллаһу Акбар» деп айтпаса, онда сойылған малдың еті харам, оны жеуге болмайды! Құран Кәрімде: «Біз барлық үмбет үшін, өздеріне берген малдан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан, оған ғана бойұсыныңдар», – деп айтылған («Хаж» сүресі, 34-аят).

Құрбандыққа сойылған мал үшке бөлінеді: біріншісі жетім-жесірге таратылады, екінші бөлігі туыс-туғанға, үшінші бөлігін өз отбасына қалдырады. Мүмкіндік болса барлық етті жетім-жесірге, кембағалдар мен аз қамтылған отбасыларға беруге болады. Отбасы мүшелері көп болса, етті өз отбасына қалдыруына да болады. «Хаж» сүресінің 28-аятында «Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер» деп айтылғанындай, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзгеге де берген абзал. Етті шикі күйінде тарату мұстахаб саналады.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ешкашан құрбанның еттері, қандары Аллаға жетпейді. Бірақ, сендердің тақуалықтарың жетеді». («Хаж» сүресі, 37-аят). Демек, Алла біздің сойған малымызды емес, ықыласымыз бен тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді.  Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «...қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүрекпен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар» деген. Ал, келесі бір хадисте: «Құрбандыққа шалынған малдың алғашқы қаны жерге тамумен, құрбандық шалушының бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. Бұл мерекенің ұлықтығы да осында болса керек. Шалынған мал иесін қорғауға келсе, күнәлары кешірілсе, ең бастысы Алланың рақымына бөленсе, пенде үшін одан асқан қайыр бар ма?!

Құрбан айт мерекесі барша ұлттың басын қосатын ұлық мереке болып қалыптасуы қажет. Ағайын-туыстың басын қосып, ренжіскендер жарасып, әрбір шаңырақта қуаныш, күлкі орнап, бала-шаға шат-шадыман жүруі осы дүниенің бақыты болса керек. Бұл күні барша жамағат арасында бірлікті нығайтып, бауырластықты күшейтуде рөлі орасан зор күн екенін байқаймыз. Құрбан айтта айт намазы біткен соң әр үйге ас ішу үшін ғана емес, татулық орнау үшін, туыстық қарым-қатыныс беки түсу үшін бару қажет. Ал, қыз-келіншектер келген қонақты шын пейілмен күтіп, дастархан жайып, мүмкіндігі болса сыйлық үлестіріп берсе нұр үстіне нұр болмақ.  Ауруханада жатқан кісілерге танымасақ та қастарына барып, қал-жағдайын сұрап, бауырсақ, тәтті тағам үлестіріп, мерекенің ұлықтығын жариялай жүрейік.  Өлген кісілерге Құран бағыштап, әр үйде Құран айтылып тұрғаны абзал. Жетім-жесірлерге материалдық көмек қолын созу да артық болмайды. Асыл дініміз осыларды бұйыратынын ескере жүргеніміз абзал.

Барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазсын!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру