Рамазан айындағы кешірім сұраудың уақыты

02 маусым 2018 30144 0
Оқу режимі

Рамазан айы – Алла Тағаланың құлдарына кешірімін, мейірімін және де сый-сияпатын молынан жаудырған ай. Көзімізді ашып-жұмғанша бұл берекелі айдың ортанғы он күніне де аяқ басып үлгердік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде:

شهر رمضان أوله رحمة, وأوسطه مغفرة, وآخره عتق من النار

«Рамазан айының әуелгі бөлігі – мейірімділік, ортасы – кешірім, соңы тозақтан босату»,[1] – дейді.

Осылайша сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жалпы Рамазан айының, оның ішінде оның ортаңғы он күнінің кешірім уақыты екенін айтып сүйіншілеуде. Бұл жайында Пайғамбар (с.ғ.с):

من قام رمضان إيمانًا واحتسابًا غفر له ما تقدَّم من ذنبه

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен әрі оның сауабынан үміт еткен күйде ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі»,[2] – дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с) осылайша иманымызды шыңдау мен ең үлкен екінші парызды орындай отырып осы қасиетті айды барынша оңтайлы пайдаланып Алланың кешіріміне қол жеткізуімізге шақыруда. Бұл ай – ораза айы. Ендеше, Алланың кешіріміне жетелер бірден-бір жол – осы оразаны барынша кемел орындап, оның қайтарымын бір Алладан ғана күту.

Сол сияқты, Рамазан айының парыздарынан тыс түнгі уақытта оқылатын тарауих, тахажжуд намаздарын оқу, истиғфар[3] жасау, Құран оқып, дұға тілеу және тағы басқа салиқалы амалдар жасаған жөн. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен әрі оның сауабынан үміт еткен күйде ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген өсиетін ұмытпауымыз керек.

Сонымен қатар, бұл айда Алланың мейіріміне қол жеткізетін тағы бір маңызды нәрсе ол – түннің соңғы үштен бірінде, сәресінің уақытында кешірім сұрау. Бұл уақытта жасалған истиғфар – тамаша истиғфар. Себебі, Алла Тағала «Зарият» сүресінде тақуалардың сипаттарын атай келе:

وَبِالأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ

«Олар таң сәрілерде кешірім тілейді»,[4] – дейді, ал «Әли Имран» сүресінде:

وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالأَسْحَارِ

«Және таң сәріден кешірім тілеушілер»,[5] – деген. Міне, бұл уақытта Алла Тағаладан кешірім сұраудың қаншалықты қымбат екенін осыдан байқауға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл уақыттың ерекшелігіне тоқталып:

إن الله تعالى ينزل كل ليلة إلى سماء الدنيا حين يبقى ثلث الليل الأخير فيقول: هل من تائبٍ فأتوب عليه؟! هل من مستغفرٍ فأغفر له؟! هل من سائلٍ فيعطَى سؤلَه؟! حتى يطلع الفجر

«Расында, Алла Тағала әр кеште түннің соңғы үштен бірі қалғанда дүние аспанына түсіп[6], таң атқанша: «Тәубе етуші бар ма, оған тәубе етейін, кешірім сұраушы бар ма, оған кешірім жасайын, сұраушы бар ма, сұрағанын берейін?!»[7]дейтінін айтады.

Біз бұл уақытта сәресі үшін оянып жатамыз. Ендеше, бұл уақыттың бір бөлігін кешірім тілеу үшін де арнауымыз керек. Себебі, бұл уақыттағы кешірім сұрау – қабыл болатын амал. Алла Тағала баршамызға кешірімін жаудырсын!

 


[1] Ибн Хузайма, Байһақи.
[2] Бұхари, Муслим
[3] Истиғфар – араб тілінен кешірім сұрау мағынасын білдіреді. Ең қысқа нұсқасы – Астағфирулла деп айтылады.
[4] «Зарият» сүресі, 18-аят.
[5] «Әли Имран» сүресі, 17-аят.
[6] Бұл хадис турасында Мәлик ибн Әнас (р.а.) былай деген: «Бұл Алланың мейірімі, бұйрығы немесе періштелері түседі дегенді білдіреді. Сұлтанның қызметшілері бір істі жасағанда, Сұлтан мынадай істі жасады деп айтатынымыз сияқты».
[7] Бұхари, Муслим

Пікірлер Кіру